Алматы қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, Халықаралық «Абай» қоры және Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп қазақтың кемеңгер ұлы, ойшыл һәм гуманист, барша адамзатқа ортақ тұлға Абай Құнанбаевтың туған күніне арналған дәстүрлі «Абай оқуларын» өткізді.
Мемлекеттік тіл сясатын жүргізу және Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қоғамдық келісім мен рухани бірлікті нығайту, отансүйгіштік сезімге тәрбиелеу, сондай-ақ қазақтың ұлттық мәдениетіне, өнеріне, әдебиетіне деген көпшіліктің ықыласын арттыру ниетінде ұйымдастырылатын бұл шара биыл Абай атындағы опера және балет театрының алдында болды.
«Абай оқуларына» зиялы қауым өкілдері, ресми қызметкерлер, ғалымдар мен ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері, студент жастар мен мектеп оқушылары қатысты. Іс-шара қонақтары хакім Абайдың әдеби шығармашылық мұрасы туралы ой-пікір тыңдап, Абай өлеңдерін мәнерлеп оқыған жастардың өнерлеріне, қазақтың халық әндері мен күйлеріне тәнті болды.
Қанат ЕСКЕНДІР, Алматы.