Сәрсенбі күні Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізді. Онда мемлекеттік қызмет персоналын басқаруды жетілдіру мақсатында «е-қызмет» жүйесін енгізу ісі жоспарланғаны сөз болып, оның жаңа моделінің тұжырымдамасы жайлы әңгіме қозғалды.
Дүниежүзілік банк 2000 жылдардың басында Қазақстанды ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында мемлекеттік қызмет саласындағы реформалардың көшбасшысы деп таныған болатын. Бұрынғы кеңестік кеңістікте алғаш рет мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу енгізіліп, мемлекеттік лауазымдар саяси және әкімшілік болып екіге бөлініп, мемлекеттік қызметкерлерді кәсібилендіру жөніндегі шаралар іске асырылған еді. Ал бүгінгі күні мемлекеттік қызметтегі конкурстық тестілеу мен іріктеу объективтілігінің және ашықтығының жеткіліксіздігі, лауазымдық жоғарылату кезінде меритократия қағидатының сақталмауы, қызмет сапасын бағалау мен қызметке ақы төлеу деңгейінің өзара байланысының болмауы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктерінің әлсіздігі байқалуда. Сондықтан, бұл мәселелердің алдын алу үшін мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасын қабылдау қажеттігі туындап отыр.
Тұжырымдаманы іске асырудың нысаналы индикаторларында жоғарыда аталған барлық мәселелер қарастырылған. Сонымен бірге, жаңа корпустық вертикальді қалыптастыру жаңалықтары енгізіліпті. Және конкурстық іріктеудің ашықтығы мен объективтілігінің аса жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шаралар көзделіп отыр екен. Атап айтқанда, мемлекеттік органдардың конкурстық комиссияларының құрамына сыртқы сарапшыларды қосу, комиссия мүшелерінің жауапкершіліктерін белгілеу, әңгімелесу рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етіп, БАҚ, қоғамдық бірлестіктер өкілдерін шақыру, аудио және бейнебақылаулар кірістіру ісі ескерілген.
Агенттік төрағасының айтуынша, «е-қызмет» агенттікке, мүдделі мемлекеттік органдарға, кадр қызметшілеріне онлайн-режімінде орталық және өңірлік деңгейдегі мемлекеттік қызметшілерге қатысты толық әрі өзекті ақпараттар алуға мүмкіндік береді. Жаңа модель бойынша мемлекеттік қызмет жүйесінде ынталандыру мен еңбекақы төлеу жүйесі де жетілдірілетін болады. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту жүйесін жетілдіру, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, өңірлік мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру орталықтары қызметінің сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылданады. Одан өзге, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасы нормалары және олардың еңбегін ұйымдастырудың сапасын арттыру жұмыстары тиімді бағытта жұмыс істейтін болады. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке тағайындаулардың 50-70 пайызы ауысу тәртібімен жүзеге асырылса, алдағы уақытта, тағайындау барысында бұрынғы лауазымдағы жұмысын бағалау, жұмыс жасаған мекемеден ұсыным хаттың болуын ескеру көзделеді.
Кездесу барысында Ә.Байменов: «Азаматтық қоғам институттарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтастықты кеңейту, ашықтықты және қоғам алдындағы есептілікті арттыру мемлекеттік қызметтің тиімділігін жоғарылату шараларының бірі болмақ», дей келе, қазіргі таңда қолданыстағы заңнама шеңберінде кадрларды іріктеу мен жоғарылатудың ашықтығын арттыру жөнінде шаралар ұйымдастырылып жатқанын атап өтті. Мәселен, тестілеу нәтижелерін беру үшін есептік бланкі енгізіліп, қызмет тізімінің нысаны жаңартылғандығы кеңінен сөз болды.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.