16 Тамыз, 2011

Өтімді өнім – өндіріс өрісі

498 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Таяуда Қарағандыда «Қазақ­стан­ның үздік тауары» атты өңірлік бай­қау көрмесі өтті. Оған 60-қа тарта кәсіпорын өз өнімдерін қойды. Облыс әкімі Серік Ахметов көр­меге келушілермен кездесуде  істің нәтижелі болуы көп жағ­дайда іскер топтар мен кәсіп­керлердің баста­машылығы мен белсенділігіне бай­ланысты деп ата­ғандай әсіресе, еліміз Кедендік одаққа енген шақта отандық биз­нес­тің бәсекелестік қа­білетті кү­шейте алуы аса маңызды. Соған ұмтылушыларға көмек-қол­дау ба­рынша көрсетілуде. Индус­трия­лан­дыру бағдарламасы аясында іске асырылудағы 45 жоба өнім өндірушілерге, жабдықтау­шы­лар­ға бұрын соңды болып көрмеген қо­лайлы жағдайлар туғызып от­ыр. Бұл ретте бірінші кезекте са­па­сы жоға­ры заттар мен мате­ри­ал­дарға жол ашық. Сол мүмкіндік ізденісті те­рең­детуге міндеттейді. Көрме-конкурс болған соң же­ңімпаздары аталмай қалмады. Ол­арды анықтау өнім сапасына, он­ың бірегейлігіне және бәсекеге қабі­лет­тігіне сүйелді. «Өндірістік бағытта­ғы үздік тауарлар» номи­на­циясында сынасқан 28 кәсіп­орын арасынан «Арселор Миттал Теміртау» АҚ 1 дәрежелі дипломмен марапатталды. 2015 жылға дейін болат өндіруді жылына 6 миллион тоннаға жеткізуді көзде­ген компанияның өнімдері алысқа аяндығынан айнымай келеді. Ал «Тұрғындар үшін тауар» же­ңімпазы атануға үміт артқан 16 кә­сіпорын сапында «Санте­хөн­ді­ріс» озық танылды. Тұрмыстық са­ни­тар­лық-техникалық бұй­ым­дар­ды шы­ға­ратын бұл зауытқа көрші мемлекеттерден тапсырыс әрдайым көп. Был­тыр «Қазақ­стан­ның үздік тауары» көрмесінде «Шағын және орта бизнес саласындағы үздік экс­порт­тау­шы» атағын жеңіп алған кәсіпорын биыл наурыз айында Халықаралық экология академия­сы­ның «Таза эко­логиялық өнім» тізіміне енді. «Үздік азық-түлік тауарлары» но­минациясында «Қарағанды кон­феттері» АҚ көш басынан кө­рін­ді. Тәтті өнімдерімен атақ-даңқы ұзақ жылдардан бері танымал фабрика жы­лына 30 мың тонна кондитер бұй­ымдарын шығарады. Едәуір бө­лігі Германиядағы, Ита­лиядағы, Ан­г­лиядағы, Португа­лия­­дағы фирма­лық дүкендерде саты­луы Қарағанды кәмпитінің өтім­ділігі қандайлық екенін аңғар­та­ры анық. Сондай-ақ тағам және хи­мия өнеркәсібі өн­ім­дерін қа­л­бырлауға қолданылатын ақ қа­ңыл­тырды жалтырату, әрлеумен шұғылданатын «Ast Etalon Crown», диаметрі 16-дан 800 мм-ге дейінгі полиэтилен құбыр­ла­рын шығаратын Қазақстан-Гер­ман «Карал Plast», стадиондар мен спорт алаңдарына жасанды жасыл төсегіш жасайтын «Карат» және маргарин, май өнді­ретін «Евразиан Фудс» кәсіпорын­дары жүлделі орындарды иеленді. – Мұндай байқаулардың дәс­түр­лі түрде өткізіліп тұруы өнді­ріс сала­сына өте пайдалы. Тәжі­рибе толық­тыруға, үлгілі істерді үйренуге септік етеді. Тау-кен жә­не металлур­гиялық құрал-жаб­дық­тарды шыға­ра­тын біздің кә­сіпорнымыздың өз міндетіне жауапкершілігі жылдан-жыл­ға биік. Сапа менеджменті бойынша зертхана қызметі өнімнің физика­лық-химиялық қасиетін сынақтан өт­кі­зуде салалық зертханалар ішінде биыл міне, үшінші рет алдын­ғы ор­ыннан көрінді. Өніміміз са­па­сы он­ың сараптауына сай келуіне күш салынады. «Арселор Мит­тал Теміртау», «Қазақмыс» сынды алып­тар­дың сеніміне ие болуымыз іске үл­кен медет, оны беріктіре бермекпіз, – дейді Шахтинск стандартты емес жабдық­тар және кіші механизация зауы­ты­ның директоры Мақсат Мұ­рат­бекова. Бұлардың сыртында облыс әкі­мінің арнайы «Сапа аума­ғын­дағы жетістіктері үшін» жүлдесі «Трел Қарағанды» ЖШС-іне тап­сы­рылды. Өнеркәсіптік автоматика кеңінен өріс алуына орай өл­шеу-есептеу кешендерін жасап, шы­ғаратын серіктестік заттары трансұлттық компаниялар сұра­ныс­тарын қамтамасыз етеді. Иә, бүгінде өндіріс өрлеу үс­тінде. Өтімді өнім соны тереңде­ту­де. Қазіргі Қарағанды аймағын­да­ғы  іс-ізденістер соған негіз қалауда. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.