Кеше Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен Астананың іргесіндегі локомотив депосының жанында Тәуелсіздіктің 20 жылдығы және Конституция күніне арналған әскери шеру дайындығының таныстырылымы өтті.
Астана төңірегіндегі бұл аймақта салтанатты әскери марштардың, әскери техниканың дауысы естіліп, командирлік пәрмендердің беріліп жатқанына бір айға жуық уақыт өтті. Өздеріңіз білетіндей, соңғы екі жылдағы Конституция күнін елордамыз ерекше дайындықпен атап өтуді дәстүрге айналдырып келеді. Бұл жылы да солай болмақ. Себебі, биылғы жыл – Тәуелсіздіктің 20 жылдығы.
Конституция күні барша қазақстандықтар Отан қорғаушыларымыздың сап түзеп, әскери шерумен халық алдында жүріп өткенін ғана тамашалап қоймай, ел әскерінің техникалық қуатына да куә болмақ. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы механикаландырылған лектің парадтық есептобын 150-ден аса жауынгерлік техника құраған болатын. Ал биылғы жылы олардың саны артып, еліміздің бас алаңынан 250-ден астам әскери техника жүріп өтетін болады.
Елорда көшелері бұл ауыр техникалардан ешбір зардап шекпейді. Өйткені, бұл жолы да танктер, БМП-лар мен МТЛБ-лар шынжыр табандарына резеңке «тәпішкелер» киген екен. 30 тамыз күні Астана жұртшылығы Тәуелсіздік сарайының алдынан механикаландырылған лектен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің «Стрела-10», «С-300», «С-200», «С-125», сондай-ақ «С-75» сынды заманауи қаруларын да көретін болады. Одан өзге, әскери парадқа «Найза», «Акация», «Мста», «Тюльпан», «Смерч», «Рапира», «Штурм», «Град», «Ураган» сияқты орудиялар мен кешендер, Д-30 гаубицасы қатысады. Бұл топты «Ланд Ровер», «Хаммер» сынды автотехникалар толықтырмақ.
Механикаландырылған лектің биылғы жылғы тағы бір жаңалығы танктерге қолдау көрсететін жауынгерлік машиналар, ауыр оқ ататын жүйелер және жетілдірілген БТР-82 әскери техникасы болмақ. Бұл ретте Қорғаныс министрінің қару-жарақ жөніндегі орынбасары, генерал майор Аманжол Оспанов: «Әскери шеруге жалпы 139 ауыр техника жұмылдырылып отыр. Одан өзге 20-ға жуық техника резервте сақтаулы. Десек те, осы күнге дейінгі дайындығымызда олардың ешбірі сыр бермей, өз қызметтерін ойдағыдай атқаруда», – деп әскери ауыр техникалардың дайындығына оң бағасын берді.
Есептоптар, әскери техниканың белгіленген уақыттары, экипаждар әр қимылдарын сауатты орындады. Олардың ара-қашықтығындағы әрбір өлшемдері есептеулі екендігі анық байқалып тұрды. Бұл шеруде еліміздің әскери қызметшілері өздерінің саптық дайындығын толықтай өз деңгейінде орындайтынына, әрбір қимылының орынды қозғалатынына сенім мол. Себебі, жауынгерлік дайындықтар қазірдің өзінде өз нәтижесін беріп отыр. Оларды көрген басшылық дайындық өте жақсы деген тоқтамға келді.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.