19-24 қыркүйек аралығында Алматы қаласында VII халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді. Фестиваль Мәдениет министрлігі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы және Кинематографистер одағы мен «Еуразия» халықаралық кинофестиваль дирекциясының мұрындық болуымен ұйымдастырылып отыр.
Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің фильмдері сайысқа түсіп жүрген фестивальдің конкурстық бағдарламасына 2011 жылы маңызды өзгеріс енді. Биылғы жылы «Еуразияның» аясы кеңейіп, Еуропа, Азия және ТМД елдерінің жаңа туындылары бақ сынайтын ауқымды халықаралық конкурсқа айналды. Фестиваль барысында үздік фильм (Бас жүлде), үздік режиссура, сондай-ақ үздік актер мен үздік актрисалар арнайы жүлделермен марапатталады.
«Еуразия-2011» кинофестивалінің халықаралық қазылар алқасын оңтүстіккореялық режиссер Ким Ки Дук басқарады. Оның «Ариранг» атты соңғы картинасы «Ерекше оқиға» бағдарламасы бойынша көрсетіледі. Қазылар алқасының құрамына жапон режиссері Йоичи Сай, Ресей халық әртісі, режиссер Владимир Хотиненко және француз актері, режиссер, сазгер Жиль Маршан кіреді.
Бағдарламаның жоғарғы деңгейі мен конкурстық кинофестивальдан талап етілетін әлемдік стандарттар нәтижесінде «Еуразия» кинофестивалінде ФИПРЕССИ және НЕТПАК киносыншыларының қазылар алқасы осымен үшінші жыл қатарынан халықаралық қазылар алқасымен тең жұмыс жүргізіп жатқанын айта кеткен жөн. Конкурстық бағдарламадағы өзгерістің маңыздылығы қазақстандық картиналардың шетелдік жетекші кинотаспаларға бәсекелес ретінде қатысуында болып отыр. Бұл қазіргі таңда Қазақстанның киноиндустриясында болып жатқан оң өзгерістерге де байланысты.
2010 жылы отандық кино үшін көрермендердің қызығушылығын арттыратын фильмдер түсіруде айрықша мүмкіндіктер пайда болды. Бұл кинорежиссерлердің жаңа буынына үлкен мүмкіндіктер берген жыл дер едік. Атап айтсақ, «Еуразияның» былтырғы конкурстық бағдарламасына 15 шақты қазақстандық фильмнің ішінен А.Сатай мен Ф.Шәріповтің фильмдері іріктеліп алынған болатын. Биыл байқауға жан-жақтан үміттерін үкілеген 20-ға жуық фильм ұсынылып отыр. Айта кету керек, бұл туындылар бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, өзіндік өрнегі бар, әрқайсысы өз алдына дара фильмдер. Соған қарағанда 2011 жыл отандық киноөндіріс үшін қарқынды өзгерістер жылы болмақ.
Биылғы жылы түсіріліп болған фильмдердің ішінде Р.Әбдірашевтің эстетикалық сұлулығымен баурап алатын «Балалық шағымның аспаны» фильмін, А.Сатайдың «Ликвидатор», С.Тәуекеловтің «Жерұйық», Е.Нұрмұхамбетовтың «Аңшы бала» және Д.Саламаттың «Кішкентай» фильмін ерекше атап өтуге болады. Г.Насыровтың «Гәкку», Ж.Пошановтың «Жел қызы» және Т.Байтүкенов пен Т.Қасымжановтың «Супербаха» фильмдері кинематографиялық тәжірибелік әдістерімен ерекшеленеді. Автордың кейіпкер мен уақыт жөніндегі ойын, сезімін дәлме-дәл жеткізетін өнер осы кинематография екенін Д.Өмірбаевтың «Студент», Н.Төребаевтың «Шуақты күндер» фильмінен аңғаруға болады.
Дәстүр бойынша биылғы жылы да «Еуразия» кинофестиваліне әлемдік кино жұлдыздары қатысады. Биыл фестивальдің негізгі қонақтарының арасында «Оскар» сыйлығының жүлдегері, француз актрисасы Жюльет Бинош, америкалық актер, продюсер әрі сценарист Оуэн Уилсон бар.
Қанат ЕСКЕНДІР.
Алматы.