Биыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы аталып өтпек. Осындай айтулы мереке қарсаңында Туризм және спорт министрлігінің спорт фестивалін өткізуі ел өміріндегі елеулі оқиға деп білемін. Алда – Лондон Олимпиадасы. Байрақты бәсекеде Қазақ елі спортшыларының суырылып алға шығып, ел байрағын аспандата беретініне сенгіміз келеді.
Менің ұлым Данабек Сужанов оншақты жылдан бері бокспен шұғылданып келеді. Тіл-аузымыз тасқа, нәтижесі жаман емес. Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында жүлдеге ие болса, ел біріншілігінде топ жарды. Қазір Данабегім бокстан өтетін әлем чемпионатына әзірленіп жатыр. Осы әлемдік додадан табыспен оралса, ар жағында Лондон Олимпиадасы да қол бұлғап қалатын шығар.
Мен бүгін әкелік алғысымды «Надал-трейд» фирмасының директоры Нұрлан Байжігітұлы Можановқа айтқым келеді. Нұрлан бауырымыз ұзақ жылдан бері әуесқой бокс федерациясына жетекшілік етіп, шығыста қанат жайған былғары қолғап шеберлеріне үлкен көмек жасап келеді. Өз қаржысымен талай боксшыны байрақты бәсекелерге жіберді. Ұлым Данабекке де қолғабыс жасап жүр. «Ақсұңқар жемін шашып жейді» дегендей, Н. Можановтай елінің болашағы үшін жаны ашитын азаматтар көбейе берсе, нұр үстіне нұр!
Жұмағұл СУЖАНОВ, еңбек ардагері.
Өскемен.