Қазақ спортының қолдаушылары дегенде ойға бірден орала кететін азамат – белгілі кәсіпкер, бокстан спорт шеберлігіне үміткер, меценат Бауыржан Оспанов. Сан-салалы спорттың бір тармағы, жекпе-жек өнеріне қолдаушы болып жүрген осы азаматтың айтқандарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Ең алғаш қазақ спортына көңіл бөлуді 1997-98 жылдары ауылда бокстан, дзюдодан, спорт секцияларын ұйымдастырудан бастадым деп айтсам, жаңылыспас едім. Ойым – қазақтың қарадомалақ ұл-қыздары жаман жолға түсіп кетпесін, әр күнін мағыналы, мәнді өткізсін деген ниет еді. Екі қолын алдына сыйғыза алмай жүрген ауыл жастары спортпен шұғылданып, өздерін тәрбиелеуді, қиындықтармен күресе білуді үйренді. Қазір сол ауылдан шыққан жас спортшылар сапында еліміз ұлттық құрамасына үміткер Жәнібек Әлімханов секілді жас өрендер өсіп келеді. Дзюдодан А.Шыңғысханова, А.Қалижанова секілді балуан қыздарымыз бар. Жастар арасында осы екі жекпе-жек түрінен де республика чемпиондары жетерлік. Одан беріде ауыл спортын дамыту мақсатымен он жыл бойына «Ауыл спартакиадасын» өткізуге «Жер-Су» корпорациясы мұрындық болды. Күні бүгінге дейін Алматы облысы, Алакөл ауданына қарасты Ойжайлау ауылында Ұлттық ат спортының ойындарын тұрақты өткізіп тұрамыз.
Былтыр ғана тұсауы кесіліп, көпшіліктің пайдалануына берілген спорт кешені бүгінгі заманға сай барлық спорттық құрал-жабдықтармен жарақталған. Біздің корпорация сол спорт кешенінде қызмет ететін спорт мамандарына жалақы төлеп қана қоймай, ғимараттың барлық шығыны мен түрлі жарыстарға қатысу мәселелерін қамтамасыз етеді. Одан өзге, Алматыда болашақта Бокс академиясының құрылысы басталады, соған да атсалысу ойымызда бар.
Еліміздің мерейін үстем ететін Наурыз секілді арнаулы жалпыұлттық мерекелерде бокс пен дзюдодан республикалық жарыстар өткізіп тұруды әдетке айналдырдық. Сайыстың өтуі мен қонақтарды күтіп алу, шығарып салу, олардың әрқайсысына меселі қайтпасын деп сыйлық тағайындау – осының бәрі, қарап отырсаңыз, қыруар шаруа екен. Тек, айтуға ғана жеңіл.
Ауылдан түлеп ұшқан жас спортшыларымыздың рухы тасысын деп Талдықорған қаласында Бакудегі әлем чемпионаты қарсаңында бокстан халықаралық жарыс өткіздік. Оған Әзербайжан, Куба, Қазақстан құрамасы мен Алматы облысының құрама командасы қатысты. Кубалық қонақтардың жүру-тұру шығындарын, келу-кету, ішім-жемін түгелдей біздің корпорация көтеріп алды.
Кезінде Марат Мәзімбаевтың барлық шығынын «Жер-Су» корпорациясы жымын білдірмей жайғастырып тұрды. Ал ол дегеніңіз, аз қаражат емес. Мәзімбаевқа шет елден мықты тәжірибесі бар жаттықтырушылар шақырту керек. Мықты дәрігер керек, дәрі-дәрмек, киім-кешек, алыс-жақын елдерге жасайтын спорттық кездесу сапарларын қаржыландыру керек. Тізе берсеңіз, көзге көрінбейтін шығындары бар, едәуір қаржыны тәуекел етуге тура келеді. Қазір шүкіршілік, Мәзімбаевтың промоутерлік компаниясымен бірлесіп кәсіби бокстан халықаралық дәрежедегі жарыстар ұйымдастырып тұрамыз.
«Жер-Су» спортпен тынысы кеңіп отырған корпорация деуге болады. Кеңсемізде тренажерлік зал, күрес кілемі мен бокс жабдықтары сақадай-сай. Қалаған уақытыңызда, көңіліңіз соққан кезде кіресіз де, етіңіз қызғанша дене еңбегімен айналысасыз.
Жыл сайын Наурыз мерекесіне орай корпорацияішілік спорт ойындары өткізіледі. «Жер-Су» корпорациясы тек жекпе-жек өнеріне ғана емес, спорттың басқа да түрлеріне қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, 2002-2007 жылдар аралығында біз шағын футболдан халықаралық жарыс өткіздік. Көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген командалар «Жер-Су» корпорациясының сыйлығы үшін бақтарын аз сынаған жоқ. Тіпті, бір жолы Мәскеу қаласында Наурыз мерекесінің құрметіне қазақстандық фирмалар арасында «Жер-Су» корпорациясының жүлдесі үшін есте қаларлық ойын өткізгенбіз. Бокстан басқа, ережесіз жекпе-жек өнері арқылы қазақтың туын көкке желбіретіп жүрген ағайынды Назаровтарға да қолдау көрсетіп тұрамыз.
2009 жылы Американың Хьюстон қаласында кәсіпқой бокс пен ережесіз жекпе-жектен ірі жарыс өткіздік. Ол да өз алдына бір төбе әңгіме...
Жазып алған Қанат ЕСКЕНДІР.
Алматы.