19 Тамыз, 2011

Ақпараттық технологиялар әлеуеті қандай?

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Орталық Азиядағы аса ірі «Di­gital Communications Kazak­h­stan-2011» көрме-конференциясы үстіміздегі жылдың 14-16 қыр­күйегінде Астанадағы Тәуелсіз­дік сарайында өтетін болады. Бұл туралы ұйымдастырушылар сәрсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында хабарлады. Бүгінде ақпараттық-сандық тех­нологиялар қарқынды даму үстінде. Әлемдік деңгейдегі жетістіктерді сөз етпеген күннің өзінде, еліміздегі сандық жүйе­нің дамуы мен қолданыс аясы күннен-күнге жетіле түсуде. Ұйымдастырушылар Астанада өтетін көрме ақпараттық-ком­муникациялық технологиялар саласы дамуының әлемдік трендтеріне жауап бере алады деген пі­кір білдіреді. Демек, Қазақ­стан­ның бүгінгі сандық техно­ло­гиясы ақпарат жүйесі дамыған кез келген алпауыт елдермен бә­се­кеге түсе алады деп ой тұжы­рым­дауға болады. Астанада өткізілетін «Digital Communications Kazakh­stan- 2011» көрме-конференциясына Қа­зақстан, Ресей, Қытай және Еуропа елдерінен келетін 400 делегат пен 65 баяндамашылар 3 күн бойы ұялы байланыс, телекоммуникация, сандық телеарна, кең жолақты интернет, ақпа­рат­тық технологиялар, электронды үкімет, электронды сауда, интерактивті жарнама және әлеу­мет­тік медиа саласындағы өзекті та­қырыптар жайлы кеңінен әңгіме қозғамақ. Ұйымдас­тырушы­лар­дың айтуынша, конференцияға қатысушылар арасында АКТ индустриясының көшбасшылары – «ІАВ Europe» компаниясының президенті және бас директоры Алан Оро, «HP» инновациялық орталығының директоры Пол Джеремаес, «TIMWE» компания­сының негізін салушы Рикардо Карвальо, «Huawei technologies» компаниясының Орталық Азия және Кавказ елдері бойынша пре­зиденті Тан Кибин, Ресейдегі «Google» компаниясының атқа­ру­шы директоры Владимир Долгов, «SAP» компаниясының вице-президенті Стив Цикакис, Ресейдегі «НТС» компаниясының аймақтық директоры Андрей Кор­мильцев, Mail.Ru Group вице-президенті Алексей Катков, «КаР-Тел» Beeline компания­сы­ның бас директоры Алексей Блю­­мин, «Қазақтелеком» АҚ-тың бас­қарма төрағасы Қуаныш­бек Есекеев пен «Қазнеттің» әйгілі жоба өкілдері қатысады. Байланыс және ақпарат ми­нис­трлігінің тікелей қолдауымен өткізілетін аталмыш шараның соң­ғы күнінде «Қазнеттің» бола­ша­ғы, интернетте авторлық құ­қық­ты сақтау жайлы пікір­сай­ыс­тар ұйымдастырылмақ. Көрме-конференцияның ұй­ым­дастырылу мақсатына ар­найы тоқталған Байланыс және ақпа­рат министрлігі Ақпараттық технологиялар саласындағы мем­лекеттік саясат депар­тамен­тінің директоры Құралай Елеусізова бұл іс-шараның елімізде IT тех­но­логияны дамыту және ақ­парат­тық технологиялар саласы­ның әлеуетін арттыру жолын­да­ғы ең тиімді қадам екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар көр­ме ая­сында тұңғыш рет Қазақ­стан­ның ІТ-менеджерлері қауым­дас­тығын құру жөнінде отырыс өткізі­летінін де атап өтті. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.