Бастауыш мектептің қарапайым мұғалімі алаяқтық қылмыспен айналысып, теріс жолға түсті дегенге бірден сену де қиын. Өкінішке орай, бұл ақиқат. «Алматы қаласының Түрксіб ауданында орналасқан орта мектепте жұмыс істейтін жас маман Алена Иванова өзінің еңбекақысына қанағаттанбай, қалтасын толтырудың жаңа әрі тиімді жолын іздестірген. Сөйтіп, ол зейнеткерлердің зейнетақысынан жымқырудың әдіс-тәсілдерін ойлап тапқан» дейді Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек.
Шын мәнісінде де, алаяқтық қылмыспен айналысушы «өзінің табыс көзін» тым алыстан іздемеген. Көршілес үйде тұратын сәбидей аңғал, аңқау қарттарды және тұрмыс жағдайы нашар отбасыларын айналсоқтап, олармен жылы сөйлесіп, араласуды бастаған. Қынжыларлығы, қартайғанда бір бала демекші, азғана зейнетақыны күнкөрісіне айналдырып отырған қариялар Алена Иванованың «қосымша кіріс» туралы сөзіне бірден сеніп, майдай еріген.
Түрксіб аудандық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Мошқалов «алаяқтық қылмыстың әдіс-тәсілдерінің қай-қайсысының болмасын бір-бірінен ешқандай айырмашылығы жоқ екендігін» ашып айтады.
– Алаяқ әйел өзінің алғашқы жемтігін бұдан үш жыл бұрын, яғни 2008 жылы тапқан болатын. Көрші үйде тұратын Савелий Петровқа Алена Иванова өзінің жақында Алматы қалалық әлеуметтік қорғау департаментіне жұмысқа орналасқаны туралы қуанышты хабар айтқан. Мұнымен қоса, енді жоқ-жітік қарияға көмектесе алатындығын да жеткізген. Анығырақ айтқанда, бұл департамент зейнеткерлер мен әлеуметтік, тұрмыстық жағдайы төмендерге жүйелі түрде көмек көрсететіндігін де айтқан. Содан кейін қарияға көмекке қажетті құжатты рәсімдеу үшін ақша сұрап алған, – дейді Нұрлан Мошқалов.
Әрине, әлеуметтік көмек туралы бұл жақсы хабарды естіген өзге зейнеткерлер де Алена Ивановаға өз құжаттарын рәсімдеу үшін қолындағы қаражаттарын бере бастаған. Сөйтіп, айлакерлік қабілеті арқылы қылмыскер әйел қариялардан бір миллион теңгені көп қиналып, тер төкпей-ақ жинап алады. Зейнеткерлердің сеніміне кіру үшін кейбіріне алаяқтық бағыттағы өз «операциясының» алғашқы кезеңінде қариялардың бірен-саранына бес килограмм ет, үш килограмм макарон және 20 жұмыртқа әкеліп, алдаусыратқан. Дегенмен, мұндай үлеске, яғни сыйлыққа шексіз риза болып, мәз болған қариялар қуанышы ұзаққа созылмады.
Жеткілікті мөлшердегі, яғни бір миллион теңгені жинап алған алаяқ ізін суытып үлгерген соң ғана, Түрксіб аудандық ІІБ-на шағымданған зейнеткерлер өздерін айдың күннің аманында алдап соққан әйелдің заң алдында жауап беруін өтінген болатын.
Алаяқтық қылмысы үшін құрықталған бастауыш сыныптың бұрынғы мұғалімі өзінің ағаттығы үшін жәбірленушілерден жалбарынып, кешірім сұрап, олардың ақшаларын қайтарып беруге дайын екендігін де айтады. Алайда, ресми тергеу жұмыстары басталып та кетті. Ал қариялар болса өздерін осыншама азапқа салып, қорлаған жанды ешқашан кешірмейтіндігін ашына айтады. Өйткені, оның оларды соңғы тиын-тебенінен ғана емес, өзгелерге деген сенімінен де айырғаны қарияларға өте ауыр тиіп отыр.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы.