Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен журналист Сауытбек Абдрахмановтың сұхбат кітабынан
– Нұрсұлтан Әбішұлы, тәуелсіздіктің он жылдығы қарсаңында «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде еліміз жүріп өткен жолдың бел-белестері жайында көлемді-көлемді мақалалар жазуды ойластырған едік. Әр жыл жөнінде Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Манаш Қозыбаев, Зейнолла Қабдолов, Фариза Оңғарсынова, Қуаныш Сұлтанов сынды белді, беделді авторлар ой толғаған болатын. Жылдарды бөлген кезде мен 1991 жылды таңдағанмын. Әрине, ол мақалада тәуелсіздігіміз жарияланған 16 желтоқсаннан кейінгі екі апта жайында ғана сөз етілген жоқ. Сол жылды түгелдей тәуелсіздігіміздің таңсәрі шағының тарихына жатқыза аламыз. Бүгінгі әңгімемізде осы жайында сөз қозғасаңыз деймін.
– Ол жылы Кеңес Одағының ғана емес, бүкіл әлемнің тағдырына әсер еткен аса маңызды оқиғалар орын алды. Жылдың басынан-ақ жайсыз хабарлар жан-жақтан жетіп жатты. Бір жағынан әкімшіл-әміршіл жүйенің қирап бітуімен, екінші жағынан нарықтық қатынастардың жоқтығынан өндірістегі дағдарыс тіпті тереңдей түсті. Бағаның бәрін белгілеп, бекітіп қойғаннан кейін дүкендердегі тауардың тапшылығы бұрынғысынша күйінде тұрды. Базардағы, кооперациядағы баға аспандай берді. Колхоздар мен совхоздар мемлекетке астық сатуға мүдделі болмауға айналды. Содан барып шетелден астық сатып алуға бөлінетін валютаның көлемі тіпті көбейіп кетті. Қырсыққанда қымыран іриді дегендей, дәл сол жылы әлемдегі мұнай бағасы да күрт түсті.
Ішкі саясаттағы, соның ішінде, ұлтаралық қатынастардағы қателіктер бара-бара қатерге айнала бастады. Литвада солай болды. Жыл басынан-ақ одақтық басшылық Балтық бойындағы республикаларға байланысты тізеге салу, күшке басу әдісін қолдануға көшті. Литвада тікелей президенттік билік енгізуге әрекет жасалды. Бұл үшін республика компартиясының ішінен іріткі туғызудан да тартынған жоқ Мәскеу. Ақыр аяғында Вильнюске әскер кіргізіліп, атақты «Альфаның» көмегімен сондағы Баспасөз үйі мен телеорталық басып алынды. Халық өзі сайлаған Жоғарғы Кеңесті қорғауға шықты. Қан төгілді. Онымен де қоймай, мұндай күш көрсету біраз күннен кейін Ригада қайталанды. Онда да қан төгілді. Осы екі оқиға Горбачевтің беделін қатты құлдыратып жіберді. Соның алдында ғана, 1990 жылы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын алған адамның бет пердесі сырылып тасталды деуге де болады. Оның сөз жүзінде ғана демократ екендігін енді Батыс біржолата білді. Қазақта «қасықтап жинағанды шелектеп төгу» деген сөз бар емес пе, дәл соның өзі болды да қойды. Батыс елдері КСРО басшылығын жай ғана айыптаған жоқ, өздерінің қаржылық көмек беру жөніндегі уағдаластықтарын да қайта қарай бастады. Миллиардтаған долларлық несиелер елге келмей қалды. Мен Балтық бойы республикаларының Одақтан шығу тілегі жайында сол кезде-ақ өз ұстанымымды басын ашып айтқанмын. Республикалар халықтарының ерік білдіруіне, жоғары өкімет органдарының шешімдеріне құрметпен қарау қажет дегенмін. Онсыз да Одаққа арқанмен сүйресең де көнбейін деп тұрған Балтық бойындағы үш республика Вильнюс пен Ригадағы оқиғалардан кейін әбден ішін тартып қалды. Ресейге өз еркімен қосылған делінетін, алдымен Ресей империясының құрамында, одан кейін Кеңес одағының құрамында, барлығы 260 жыл өмір сүріп жатқан, халқының жартысынан астамын өзге ұлт өкілдері құрап отырған Қазақстанның өзі берекесі кете бастаған Одаққа орай екіойлы болып отырғанда содан жарты ғасыр ғана бұрын, Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында ғана КСРО-ға күштеп қосылған ол республикалардың енді беті бері қарамайтынын түсіну қиын емес еді.
– Орталық пен республикалардың ара-қатынасы да нашарлай түсті.
– Олай болуы да заңды. Одақтық Министрлер кабинеті дағдарысқа қарсы бағдарламаның жобасын жасап, федерацияның барлық субъектілері ортақ қиындықтан бірлесе шығатындай жолдарды іздеуге тырысты. Әйтсе де, жобаға нақтылық, тиянақтылық жетіспеді, онда елдегі жағдайға білікті талдау жасалмады. Біртұтас бюджеттің қалай қалыптастырылатыны қолмен қойғандай көрінбеді. Орталық әлі де бір аяғымен жоспарда, бір аяғымен нарықта тұруды қалайтындай әсер қалдыратын. Жобаның жекелеген тұстары сол кезде жасалған жаңа Одақтық Шарттың қағидаларына қарама-қайшы келетін. Мысалы, жалпыодақтық қордың негізгі азық-түлік түрлерінің ресурстарын бір орталықтан бөлудің айрықша режімі енгізілді. Біз бұған наразылық білдірдік. Кеңес одағында сыртқа астық шығаратын жалғыз республика біз болатынбыз. Орталық Азия республикаларындағы еңбек ұжымдары да шикізат ресурстарына бағаны шарт жасасу жолымен белгілеуді талап етті. Жөні де солай еді. Қит етсе бізге «субвенция аласыңдар» дегенді айтатын. Былайша қарағанда, алатынымыз рас. Бірақ бұл, орысша айтқанда, «подачка» емес қой. Ол субвенция біздегі шикізаттың төмен бағамен алынатынының орнын толтыру ғана ғой. Сол тұста Мәскеуден шығатын «Куранты» деген газеттің Қазақстандағы жағдайды қандай бұрмалап көрсететінін, ара-арасында тіпті ашық арандатуға барып, жала жабудан да тайынбайтынын КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында сөйлеген сөзімде айтқанмын.
Басқасы аздай, сол кезде «заңдар соғысы» деген де шықты. Басқа республикаларды былай қойғанда, РСФСР-дің өзінде КСРО заңдарына қайшы келетін заңдар қабылдана бастады. Ресейдегілер ол заң бойынша зейнеткерлердің бәріне жоғары төлем белгіледі. Ол ақшаның қайдан табылатыны ескерілген жоқ. Жаңағы шешімнің КСРО-ның басқа республикаларындағы халыққа қалай әсер ететіні қаперге алынған жоқ.
Сол кездегі дағдарыстың бар себебін қоғамдық жүйеге сүйей салуға болмайды. Дағдарыстың басты себебі үкімет жіберген қателіктерде еді. Елде дағдарыстан шығудың жолдарын ұсынған ақылды, ойлы экономистер мен саясаткерлер аз емес-ті. Әттең, олардың көбінің орталыққа қажеті болған жоқ. Соған әлі күнге таң қаламын. Дағдарыстан шығудың басты жолы елде кәдуілгі тәртіп орнату еді.
Орталықтың нақты жағдаймен санаспауы, біліксіз қабылданған шешімдері Горбачев пен Ельциннің арасын тіпті ашып жіберді. Мен осы екі тұлғаның басы сыйыспауына кәдімгідей алаңдадым. Екеуінің де өзіндік әлеуеті жеткілікті болатын. Бір-бірін толықтыруға тиіс адамдар еді. Елге де керегі сол. Екеуі екі жаққа тартты да тұрды. Мен қолымнан келгенінше олардың ұстанымдарын жақындатуға тырыстым. Горбачевпен де, Ельцинмен де ара-қатынасым жақсы еді. Талай рет үшеулеп отырып та сөйлескенбіз. Әне-міне тіл табысатындай болады да қайтадан ерегес жолына түсіп кетеді. Сол тұста маған ол екеуінің қайсысына бүйрегіңіз көбірек бұрады дегендей арандату сұрақтары да қойылып қалатын. Ондайда мен екі лидердің де саяси, адамдық қасиеттерін жоғары бағалаймын, әйтсе де олардың тіресуі тым алысқа кетіп қалды, енді тіл табыспайтын да сияқты, мұндай жағдайда мен мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін жақты қолдаймын деген сыңайда барынша дипломатиялық тілмен жауап қайтаруға тырысатынмын. Ақыры, бұл текетірес әбден асқынды. Борис Николаевич жыл басында теледидардан тікелей эфирде сөз сөйлеп, М.С.Горбачевтің ұстанымынан, саясатынан алшақтайтынын ашық айтып, оның отставкаға кетуін талап етті. Оның алдында мұндай талапты КСРО халық депутаты Сажи Умалатова айтқанын өзің де ұмытпаған шығарсың. Ол үндеуге 400 депутат қол қойған болатын. Горбачев беделінің мықтап түсуі сол кезден басталды.
– 1991 жылдың сәуір айында республикалық баспасөзде сіздің Италияның «Стампа» басылымына берген сұхбатыңыз жарияланды. Сізге: «1993 жылы, президенттік мандаты біткенге дейін Горбачев билікті қолдан шығарып алмай ма?» деген сұрақ қойылған. Ол сұраққа сіз: «Бұл оған байланысты. Менің ойымша, оның мүмкіндігі биыл тарылып тұр. Егер ол шешуші бетбұрыс жасаса, өкімет билігін қолына нық ұстап, тұрғындар көңілінен шығатын бағдарламаны ұсынса, істі жүргізе бастаса, жеңіске жетер де. Олай болмаған жағдайда 1991 жыл ол үшін соңғы жыл болуы ғажап емес», деп жауап қайтарғансыз. Айтқаныңыз айдай келді. Бұлай дегенде сіз неге сүйендіңіз?
– Бұл менің көріпкелдігімнен емес. Оқиғалардың даму барысына талдау жасай келіп, сол кездегі үдерістерді ой елегінен өткізе келіп айтқаным. Одақтық биліктің елдегі қоғамдық-саяси ахуалды бақылаудан шығарып алғаны 1991 жылдың басында көкірегінде көзі бар әр адамға бадырайып көрініп тұрған еді. Жаңағы Литвадағы жағдайға келейік. Вильнюсте қан төгілгеннен кейін ел жұртшылығы да, Батыс әлемі де Михаил Сергеевичтің не дейтінін күтті. Ел президенті парламентте өзінің ол оқиғадан «хабарсыз» қалғанын мәлімдеді. Мұны сол күндері Балтық бойына тез жеткен Ельцин өз беделін көтеруге жақсы пайдаланып кетті.
Жалпы, менің Михаил Сергеевич Горбачевқа көзқарасым кітаптарымда да, көптеген сұхбаттарымда да жеткілікті айтылған деп ойлаймын. Оның бүкіл әлемді дүр сілкіндірген ұлы үдерісті бастап берген жаһандық ауқымдағы реформатор екендігі ешқандай талас туғызбайды. Горбачевтың шын мәнінде тарихи тұлға екендігін айтудың өзі артық. Қайта құруды қолға алуға Горбачевты ешкім мәжбүрлеген жоқ. Ол бұл істі елді өзгерту үшін, халықты өзгерту үшін, сананы өзгерту үшін, демократиялық қоғам құру үшін қолға алды. Бұл істі бастамағанда Горбачевтың елді кемінде он шақты жыл басқаратындай мүмкіндігі болғаны рас. Сонымен бірге, Горбачевтың мұндай елді басқаруға шын мәнінде шамасы келмегені де рас.
– Мұның себептері қандай деп ойлайсыз?
– Себептері көп. Соның бірі Михаил Сергеевичтің өмірді, халықты онша білмегендігі сияқты. Горбачевтың СОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы қызметіне келгенге дейінгі өмір жолын шолып қарасаңыз, оның ешқашан кедергілерге кездеспегенін көресіз. Өзі көп жылдар жұмыс істеген Ставрополье өлкесінде оған қиын түйіндерді шешуге тура келген жоқ. Пятигорск, Ессентуки, Железноводск, Кисловодск сияқты курортты қалаларымен танымал ол өлкеде Михаил Сергеевич Мәскеуден демалысқа келетін ел басшыларымен ұдайы кездесуге, өзін танытуға мүмкіндік алды.
Қайта құруға кіріскен кезде Горбачев мұны қалай жүзеге асыратынын анық көз алдына елестетпеді деп ойлаймын. Бұл оның осындай ірі жұмысты қолға алғанда қандай бағыттарға басымдық бергенінен де көрінеді. Шын мәнінде, ашығын айтайықшы, қайта құру неден басталды? Ішімдікпен күрестен басталды. Сол тұста Қазақстан Үкіметін басқарған адам ретінде мен алкоголь сатудан бюджетке қандай табыс түсіп отырғанын жақсы білемін. Одақ бойынша цифрлар да есімде. 1980-1984 жылдар аралығында ішімдік сатудан шамамен 70 миллиард рубльдей кіріс түскен еді. Ол кез әр сомның доллардан әлдеқайда құнды кезі. Бұл шаруаға дәл осылайша науқанмен кірісердің алдында сол ақшаның орнын немен толтырамыз дегенді ойлау керек еді. Оның орнын толтыратын ештеңе жоқ болатын. Одан кейін мұндай науқанның халықтың негізгі бөлігіне қалай әсер ететінін ойлау керек еді. Ал халықтың негізгі бөлігі арақтың кезегінде сағаттап тұра бастағаннан-ақ, оны алыпсатардың қолынан анағұрлым қымбатқа сатып ала бастағаннан-ақ ол шаруаны қолға алған адамға, яғни Горбачевқа, сол арқылы қайта құруға іштей қарсы шыға бастайтынын ескеру керек еді. Оның ешқайсысы ескерілген жоқ. Тарихи тәжірибе де ойға алынбады. КСРО-ның алғашқы жылдарында бұрынғы «құрғақ заң» тектен-текке жойылмағанын, оны жоюға бюджет тапшылығы итермелегенін басшылық атымен білмеді деуге бола ма? Әрине, алкоголизммен күресу керек еді. Бірақ ол жұмысты нақты жағдаймен есептесіп, реалистік тұрғыдан жүргізу керек еді. Спиртті ішімдіктерді сатудан бюджетке түсетін кірістің бір жылдың ішінде екі есеге азайып кетуі, сыра өндірісінің төрт есе құлдырауы, жүзім плантацияларының құртылуы, ұйымдасқан қылмыстың алғашқы белгілері – арақ мафиясының пайда болуы, спирт контрабандасының шығуы, бәрінен де бұрын ел халқының қолға алынған бастамалардың берекесіздігінен түңілуі – осының бәрі қайта құрудың бастапқы белесте-ақ сүрінуіне соқтырды.
– Рой Медведев өзінің кітабында тек осы сәтсіз науқанның өзінен ел бюджеті 1985-1990 жылдардың арасында құны шамамен 100 миллиард долларға тең ақша жоғалтты дегенді жазыпты.
– Бұл цифрға сенуге болады ғой деп ойлаймын.
– Горбачевтың «Жизнь и реформы» деген қос томдық мемуарынан мына бір жолдарды жазып алып едім: «Как только не ругали начальство, а больше всех доставалось генсеку, которого по традиции было принято считать ответственным за все. Так я получил кличку «минеральный секретарь»...
– Михаил Сергеевич экономикадағы басымдықтарды дәл айқындай алмады. Салған беттен жаңа технологиялар сатып алуға, жаңа қуаттарды іске қосуға ұмтылуға бағыт ұсталды. Әрине, кеңестік экономиканың өндірістік қуаттарының тозығы жеткені рас еді. Оларды ауыстыру керек еді. Әйтсе де, жаңа технологиялардың жаңа өнімдер бере бастауына дейін көп уақыт өтетіні ескерілмеді. Ал кеңес еліндегі ең қиын мәселе азық-түліктің, тұрғын үйдің, тауарлар мен қызметтердің жетіспеуі, яғни халықтың материалдық әл-ауқатының төмендігі болатын. Бүкіл әлемде ұлттық табыстың 70-80 пайызы тұтынуға жұмсалады, қалған бөлігі ғана қор жинауға бағытталады, ал бізде бәрі төңкеріліп түскен еді. Шынтуайтында, адамдарға керегі миллиондаған тонна мұнай да, болат та, көмір де емес, солар арқылы келетін тұрмыстық жақсылықтар: жақсы пәтер, жайлы көлік, жарасымды киім ғой. Кедейлік жағдайында жариялылықтың өзі көңіл толмаушылықты күшейте түсетіндігі де ескерілмеді. Демократияның дамытылу қарқынында да асығыстық орын алғаны анық. Демократияландыру үдерісінде шектен шығудың қатері ерекше. Горбачевтың қайта құру саясатының сәтсіздігі – саясатты экономиканың алдына шығарудың қандайлық зардаптарға соқтыратындығының айқын айғағы.
Негізінде саясат Горбачев үшін белгілі бір дәрежеде мақсаттың өзіне айналып кеткендей де әсер қалдырады. Мысалы, шын мәнінде, Горбачев басты қарсыласы ретінде Ельцинді қолдан жасап алды десе де болады. Ельциннің Мәскеу қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босату жөнінде өтініш жазғаны белгілі. Оны қарауды Горбачев келесі пленумға қалдырған. Сол пленумда Ельцин қайта құрудың қарқыны жөнінде болмашы ғана сын айтқан. Бітіп тұрған пленумды әрі қарай жалғастыртып, жиырма шақты адамды сөйлеткен, Ельцинді қайта құрудың басты қарсыласындай етіп шығарып, одан күрескер жасаған Горбачевтың өзі. Ақиқатын айтсақ, депутаттық сайлауда да, президенттік сайлауда да мәскеуліктер болсын, жалпы ресейліктер болсын Ельцинге Горбачевқа қарсылығын таныту үшін дауыс берді. Сайлау демекші, Горбачевтың тағы бір қателігі қайта құрудан жұрт үміті үзілмей тұрған кезде, демократиялық өзгерістерден көп нәрсе күтіп тұрған кезде президенттікке бүкілхалықтық сайлау жолымен сайланып алынбағандығы. Мұның зардабын ол кейін көп тартты. Әсіресе, барлық республикаларда президенттік сайлаулар бүкілхалықтық дауыс беру жолымен өткеннен кейін ондай мандатты депутаттардың қолынан ғана алған Горбачев билігінің легитимдігіне едәуір сызат түсті. Оны өзіміз нақты сезінетінбіз.
Ол әртүрлі лагерлердің арасында арлы-берлі жүрумен болды, басы қосылмайтын нәрселердің басын қосуға, өзіне атымен қарсы адамдарды қалайда өз жағына тартуға тырысты. Сөйтіп, ақыр аяғында, оны оң жағындағылар да, сол жағындағылар да тастап кетті, ең жақын тартқан адамдары тіпті сатып кетті. Адамның тұлғасының тұтас болмауы әрқашан осындай жағдайға жеткізеді. Кез келген басшы дербес, батыл болуы керек, ал КСРО-дай алып елдің басшысына мұндай қасиет ауадай қажет еді.
Горбачев Кеңес Одағының бұрынғы қалпында тұра алмайтынын ақыры толық түсінбей-ақ қойған сияқты. Басқасын былай қойғанда, КСРО-дай алып елді бір орталықтан басқару ендігі жерде мүмкін еместігі анық болатын. Мен жаңарған Одақтың ендігі жерде федерация күйінде қала алмайтынын әу бастан-ақ ескерткенмін. «Өтіп кеткен уақыттың соңынан қууымыз жететін шығар» деп КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясында да сөйлегенмін. «Ешкімнің де қиялға берілмеуі керек екенін атап көрсеткім келеді. Қазақстан ешқашан да бірде бір аймақтың «айыл-тартпасы» болмайды, ешқашан да оның «кіші інісі» болмайды», деп те басын ашып айтқанмын. Ал Горбачев тіпті Украина өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін де бұрынғы Одақты реформалау, орталық пен республикалар арасында жаңаша қарым-қатынас орнату жөнінде ғана айтумен болды. Кеңес Одағы ең әрі барғанда конфедерация түрінде ғана сақтала алатын еді. Горбачев конфедерация идеясын да қолдамай, ақыр аяғында федерациядан да айрылды. Біз ел бірлігін одақты қалайтындармен болса да сақтап қалғымыз келген еді. 1990 жылдың аяғына қарай жаңа одақты құруға тек 4 республика дайын тұрды. Оның белортасында Ресей бар. Мен Горбачевқа осылай біріксек бізді қолдайсыз ба, кейін ол одаққа кімдердің қосылатынын көре жатармыз дедім. Михаил Сергеевич тіпті көнбей қойды. Ол республикалардың бәрін де ұстап қаламыз, бәлкім, Балтық бойындағылар да әлі райынан қайтар дегенді айтты. Ново-Огареводағы келіссөздер солай басталған еді.
– Ермұхамет Ертісбаевтың «Казахстан и Назарбаев. Логика перемен» атты кітабында «Борьба Назарбаева за сохранение Союза» деген тұтас тарау бар. КСРО халық депутаттарының 1989 жылдың көктемінде өткен бірінші съезінен кейін сіздің бүкіл ел көлемінде беделіңіз барынша биіктегені белгілі. Бүкілодақтық «Диалог» журналы «Жыл саясаткері» конкурсына жүргізген сауалнамада сіз бірінші орынға шыққансыз. Сауалға жауап берген оқырмандардың 40 пайызы сізді атаған еді. Ельциннің көрсеткіші 36 пайыз. Горбачев тек 18 пайыз алған. Сондай қолдауға ие болған Одақтың тарауы жаныңызды жабырқатуға тиісті сияқты. Әлде олай емес пе?
– Қазақстанның мемлекеттік егемендігі жөніндегі декларацияны қабылдаған Жоғарғы Кеңес сессиясында мен егемендік пен демократия туралы айтқанда абсолютті егемендік те, абсолютті еркіндік те, абсолютті демократия да болмайтынын ескерткен едім. Әлемдегі мемлекеттердің бәрі бір-біріне тәуелді, бірінен-бірі ақша алып, бір-бірімен сауда жасайды, сондықтан реттегіш тетіктерді қолданады. Эйфорияға салынудың қажеті жоқ. Мына дүниеде бәрі де өзара байланысты. Мені одақтық мемлекетті сақтап қалғысы келді дегеннен гөрі жаңа одақтық мемлекетті құрғысы келді деген дәлірек болады. Оның үстіне Қазақстанның бөлекше бітімін де ескеру керек. Экономиканың өзіндік сипатына, республиканың геосаяси жағдайына, полиэтностық құрамына байланысты қазақстандықтар одақтық мемлекеттің аясындағы біртұтас экономикалық, әлеуметтік және өмірлік кеңістіктің жойылуын өзге өңірдегі тұрғындардан өткірлеу сезінетіндігін ойламау мүмкін емес еді. Ол кезде Қазақстан тұрғылықты халқы көпшілік болып табылмайтын жалғыз республика екенін ұмытпаған жөн. Оның үстіне біз жаңа Одақтық Шартты Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны нақты мазмұнмен толықтырудың жақсы жолы деп білдік. Ең бастысы – Одақ сақталмаса жетпіс жылдан астам уақыт бойы қалыптасқан шаруашылық байланыстарының быт-шыты шығатыны, негізінен шикізат өндіруге бейімделген Қазақстан экономикасының тығырыққа тірелетіні анық болатын. Сондықтан да біз мүмкіндігінше орталық пен республикалардың жаңаша қарым-қатынасын қалыптастыруға күш салдық. Әсіресе, Орталық Азия мен Қазақстанның жағдайы нашар еді. КСРО халық депутаттарының бірінші съезінде сөйлеген сөзімде мен ведомстволық өктемдік әлемдік рынокта сұранысқа ие минералдық ресурстарға бай біздің республикамыз әлеуметтік дамуда қатты артта қалғанын, экологиялық дағдарыс шегінде тұрғанын айтқанмын. Ыдыс-аяқ дүкеніне кіріп кеткен піл сияқты дөкір әрекеттерімен одақтық министрліктер Аралдың түбіне жетіп тынды дегенмін. Өзім құрмет тұтатын Николай Иванович Рыжковты да қатты сынға алғанмын сонда. Горбачевтың үзіліс кезінде маған келіп: «Нұрсұлтан, бұл не істегенің? Енді мен Рыжковты Үкімет төрағалығына қалай ұсынамын? Құлатып жіберуі мүмкін...» дегені бар. «Ол іске өзім көмектесемін» дедім де, Рыжковтың кандидатурасы дауысқа салынатын кезде сөз сұрап, сын іске жәрдемдесу үшін айтылады, сын айтылған сайын адамдардан бас тарта берсек, талай нәрсені бүлдіреміз, сондықтан Үкіметтің жұмысына салиқалы баға бергеніміз жөн болады дедім. Рыжков Үкімет төрағалығына сайланды. Өкінішке орай, ол қайта құру барысында өзін қалыптастырған жүйенің ықпалынан шыға алмай-ақ қойды. Біз, республикалардағы үкіметтер басшылары, Мәскеуде өзара кездесіп қалғанда Рыжков республикаларға «Уралмаштың» цехтарындай қарайды дейтінбіз.
– Рыжков кейіннен Сіз жөнінде жылы пікірлерін жиі айтып жүрді.
– Білемін. Іске жаны ашитын, адал азамат қой. Жағдайды түзеуге деген ниеті де жақсы еді. Нарыққа көшуге батылдығы жетіспеді.
ДӘЙЕКТЕМЕ:
«Мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен ол Қазақ ССР Министрлер кеңесін басқарған кезде де, кейіннен, республиканы басқарған кезде де бірге жұмыс істедім. Сондағы кездесулер барысында-ақ менде оны үлкен саяси болашақ күтіп тұр деген кәміл сенім қалыптасты. Байсалды, ұстамды мәнері, әңгімедегі ең басты нәрсені қас-қағым сәтте қағып алып, даралай қоюы, алғыр ақылы, ой-өріс кеңдігі, шығыс адамдарына тән дарқандығы – Нұрсұлтан Әбішұлын елден ерекшелеп тұратын қасиеттерін осылай жалғастыра беруге болады. Бұған республиканың экономикалық және әлеуметтік проблемаларын тамаша білетіндігін қосу керек, бұл оған ең күрделі мәселелерді де тиімді шешуге дәйім мүмкіндік беретін».
Н.И.Рыжков.
(Президент Казахстана Нурсултан Назарбаев. Казахстан – Россия. Стратегия вечной дружбы. М., 2000, 21-бет).
– Нұрсұлтан Әбішұлы, бері қойғанда 1990 жылдан бастап одақтық парламенттің депутаттары арасында да, партия басшылығында да, мемлекеттік құрылымдарда да сізді елдегі ең жоғары лауазымды қызметтердің біріне ұсыну мүмкіндігі қаралғанын бәріміз білеміз. Мен сол тұста Орталық комитетте сектор меңгерушісі болып жұмыс істегенмін. Мәскеуге іссапарға барып қайтқан адамдар сондай әңгімелердің шетін шығарып келгенде бір жағынан ел үшін мақтанып, бір жағынан ел үшін алаңдап та жататынбыз. Бұл жөнінде әртүрлі кітаптарда аз жазылмаған. Әйтсе де, осының жай-жапсарын өз аузыңыздан да естігім келеді.
– Басшының беделін елі көтереді. Желтоқсан оқиғасынан кейінгі сұмдық сынақта біздің халқымыз өзінің бойындағы бар жақсы қасиеттерін танытты. Республика жұрты татулығын сақтап қалды. Жаңа шаруашылық қарым-қатынастарын орнатуда да біз басқа өңірлерден гөрі икемділік таныта білдік. Нарыққа көшудің алғышарттары жасала бастады. Кадрларымыздың дайындығы да негізінен көңілдегідей екендігі көрінді. Одақтық алқалы жиындарда, съездер мен сессияларда Қазақстанның үні жарқын шыға бастады. Осындай-осындай жағдайлардан ұлтаралық татулықты басқа республикалардың бәрінен берік ұстап отырған, жаңа экономиканың белгілері өзгелерден көбірек көрініп отырған елдің басшысына бөлегірек назар аударыла бастады ғой деп ойлаймын.
– 1991 жылдың 3 қаңтарында Горбачев өткізген мәжілісте Үкіметтің жаңа басшысы жөнінде әңгіме қозғалыпты. Евгений Примаков пен Вадим Бакатин ол қызметке сіздің кандидатураңызды ұсыныпты. Леонид Млечин «Назарбаев. Групповой портрет с президентом» деген кітабында: «Тогда вопрос отложился. Но в июле решение было принято» деп жазады. Жыл басында бұл мәселе неге кейінге қалдырылды?
– Кейінге қалдырылғаны – Горбачев менің ұсынысыммен келіспеді. Мен егер Үкімет төрағалығына кірісетін болсам, онда ең алдымен барлық республикаларда болып шығуым керек, олардың парламенттерінің осы тағайындауға келісімін алуым керек, экономикалық реформаларды алаңдаусыз жүргізетіндей кең өкілеттілік қолыма берілуі керек, осындай өкілеттіктермен ғана мұндай жұмысқа кірісуім мүмкін дегенді айттым Горбачевқа. «Егер республикалар менің тағайындауымды қолдаса, онда бірқатар шұғыл шараларды қабылдауыма тура келеді. Үкімет басшысы ретінде бүкіл экономикалық саясатты бір қолда ұстауым керек», дегенді де айттым. Михаил Сергеевичтің түрі өзгеріңкіреп кетті. «Сонда мен немен айналысамын?», деді. «Сіз халықаралық мәселелермен айналысасыз», дедім. Ол кісі үнсіз қалды. Әрине, Горбачевтың өз өкілеттігін өз қолымен шектеуге келіспейтіні белгілі еді.
– Млечиннің «Но в июле решение было принято» дегенін қалай түсінуге болады?
– Саяси дағдарыс күшейген үстіне күшейе берді. Одақтық биліктің әлсіздігі Горбачевты елді сақтаудың жолын референдум арқылы шешуге итермеледі. Бүкілхалықтық референдумға «КСРО-ны тең құқықты егемен республикалардың жаңарған федерациясы түрінде сақтауды жақтайсыз ба?» деген тұрғыда сұрақ шығарылды. Ел халқы наурызда өткен ол референдумда, әрине, одақты сақтауды жақтады. Неге «әрине» деп айтып отырмын? Олай дейтінім, басқарудың авторитарлық пішініне құрылған елде консерватизм басым болады. Адамдар қалыпты жайдың өзгермегенін қалап тұрады. Сонымен бірге, КСРО-ға кірген республикалардың халқы бірлікті, ортақ Отанды сақтауды жақтағаны да анық. Әйтсе де, Горбачев осы референдумды өткізу арқылы ұтты ма, ұтылды ма деген сұрақ қояр болсақ, мен негізінен ұтылды дер едім. Неге? Себебі, РСФСР-дың Жоғарғы Кеңесі референдумға «Сіз бүкілхалықтық дауыс беру жолымен РСФСР президенті қызметі енгізілуін қажет деп санайсыз ба?» деген ыңғайдағы тағы бір сұрақ қосуға қол жеткізді. Ресейдегі референдумға қатысушылардың басым бөлігі бұған қолдау білдірді. Горбачев билігіне Ресей басшылығы тарапынан орасан мықты соққы жасалды. Одан кейін Ресейде президент сайлауы өтті. Ельцин жеңіске жетті. Сайлау алдында елді аралау кезінде Ельцин болашақта Ресейдің одақтық құрылымдардың бәрінен, одақтық министрліктердің бәрінен бас тартатынын мәлімдеді. Ельцин одақтық деңгейге тек Қорғаныс, Қатынас жолдары және Атом энергетикасы министрліктерін ғана қалдыруға келісетінін айтты. Жалпы, Ресейдің халықаралық қатынастар субъектісі ретіндегі тәуелсіздігін жақтады.
Көктем, жаз бойы жаңа Одақтық Шарттың төңірегінде дау-дамай қызып жатты. Сәуірде Ново-Огаревода тоғыз республика басшысының КСРО президентімен кездесуі болды. Республикалар нақты құқықтар мен өкілеттіктер талап етті, орталық болса биліктің бар тетіктерін өз қолында қалдыруға жанталасты. Ақыр аяғында елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси ахуалды тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы ортақ хаттамаға қол қоюмен тарадық. Онда Одақтың жаңа Конституциясын талдап-жасау жөнінде айтылды. Әйтсе де, ол кезде Кеңес одағының енді қандай мемлекет болатыны жөнінде ортақ бір тұжырымға келген жоқпыз.
Одақтық шартқа қатысты мәселелерге одақтық республикалардың құрамындағы автономиялардың да араластырылуын Горбачевтың республикалар позициясын әлсірету амалы деп қарайтындар дұрысын айтты ғой деймін. Кейіннен мұның зардабы көп болды. Әсіресе, Ресей үшін. Автономиялардың мәртебесін республикалар деңгейіне теңестіру арқылы ендігі жерде федерациялық республиканың өз ішінде егемендік үшін күрес басталды. Оның аяғы неге соқтырғанын білесің.
Одақты сақтау, жаңа мәртебесін айқындау, құрылымын анықтау мәселелерінде Горбачев пен Ельциннің ұстанымдарын жақындату жөнінде талай әрекет еткенімді бір сөзімде айтқанмын. Сондай бір кездесуіміз шілденің аяғында өтті. Леонид Млечиннің айтып отырғаны сол кездесу. Бұл кездесу құпия түрде өтті.
Біз күні бойы, одан кейін түннің бір уағына дейін көп мәселені талқыладық. Мынандай жоспар жасалды. Одақтық шартқа қол қойылғаннан кейін іске батыл кірісуге бекіндік. Жаңа Конституция қабылдануын күтіп жатпай-ақ ел президенті сайлауын өткізуге, жаңа парламент, жаңа үкімет құруға уағдаластық.
ДӘЙЕКТЕМЕ:
«Шілденің дәл аяғында, мен демалысқа кетердің алдында Ново-Огаревода Ельцинмен және Назарбаевпен кездестім. Әңгіме Одақтық Шартқа қол қойылғаннан кейін қандай қадамдар жасайтынымыз жөнінде болды. Шарттың республикалар үшін де, Одақ үшін де жасайтын мүмкіндіктерін барынша пайдалануға келістік. Кадрлар туралы әңгіме қозғалды. Әрине, алдымен Егемен мемлекеттер одағының Президенті туралы сөз болды. Ельцин бұл қызметке Горбачевты ұсынды. Пікіралысу барысында Назарбаевты Кабинет басшылығына ұсыну жөнінде ұсыныс туды. Ол егер одақтық Кабинеттің дербес жұмыс істеу мүмкіндігі болса, бұл жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтты. Атқарушы биліктің жоғарғы эшелонын едәуір жаңарту – премьердің орынбасарларын, әсіресе, түйінді министрліктердің басшыларын ауыстыру қажеттігі жөнінде айтылды. Язов пен Крючковтың зейнетке шығуы керектігі жөнінде мәселе қозғалды. Әлі есімде, Ельцин бір түрлі тынышы кетіп отырды: тап жанында біреу тың тыңдап тұрғандай. Тынышы кеткені сондай, ол тіпті бірнеше рет дәлізге шығып, жан-жағына қарағыштап та келді».
М.С.Горбачев
«Жизнь и реформы».
2-кітап. 556-557 беттер.
– Ельцин «Записки президента» деген кітабында Ново-Огареводағы кездесу кезінде конфиденциалды әңгіме тұсында жүрегі бір жамандықты сезгендей болғанын жазады. Кейіннен үшеуіңіздің сол әңгімеңізді Мемлекет қауіпсіздігі комитетінің қызметкерлері жазып алғаны анықталған. Сізде ондай қауіп сезімі болған жоқ па?
– Ельцин жаңағыдай күдігін айтқанда Горбачев: «Ты что, Борис? Да брось ты» деп тыйып тастаған еді. КСРО-дай елдің президенті өзі ұйымдастырып отырған құпия кездесудің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды деп кім ойлаған? Горбачевтың өзі де Ельциннің әлгі қаупіне қатты шамданып қалды. «Осындайды қалай ойлай аласыздар? Мен – Кеңес одағының президентімін», деп кесіп айтты.
– Кадрлық өзгерістер жөніндегі ұсынысты кім енгізді?
– Ельцин. Ол президентке егер сіз жаңарған федерацияға үміт артсаңыз, ондай федерацияға республикалар айналаңыздағы жексұрын тұлғалардың кейбіреуінен құтылсаңыз ғана кіреді деді. КГБ төрағасы Крючков болып қала берсе, Қорғаныс министрі Язов болып қала берсе, Одақтың жаңарғанына кім сенеді дегенді де айтты. Мен өз тарапымнан Ішкі істер министрі Пуго мен Мемлекеттік телерадио комитетінің төрағасы Кравченконы міндетті түрде ауыстыру керек дегенді қостым. Янаевтан қандай вице-президент шықпақшы деп те айттым. Горбачев Крючков пен Пугоны ауыстыруға бірден-ақ уәде берді. Шартқа қол қойылғаннан кейін сол кездегі премьер-министр Валентин Павловты ауыстыру керектігіне үшеуіміз де келістік.
ДӘЙЕКТЕМЕ:
«Горбачев «Ол қызметке кімді лайық көресіздер?» деп сұрады. Мен Нұрсұлтан Назарбаевты ұсындым. Горбачев әуелі таңданып қалды, одан кейін осы нұсқаны тез бағалады да, келісетінін айтты. «Басқа кандидатураларды 20 тамыздан кейін талқылаймыз» деп әңгімені бітірді. Ол кездесу солай болған, менің ойымша, біз үшеуіміз уағдаласқан жайларды жүзеге асырғанда көп нәрсе басқаша болар еді. Тарихтың тіпті басқаша жолмен жүріп кетуі мүмкін еді. Арада біраз уақыт өткеннен кейін мен КСРО Президентінің, Ресей Президентінің және Қазақстан басшысы әңгімесінің қағазға түсірілген нұсқасын өз көзіммен көрдім».
Б.Н.Ельцин
«Записки президента»,
56-57 беттер.
«1991 жылдың 20 тамызында жаңа Одақтық шартқа қол қойылады деп белгіленуі консерваторларды шешімді әрекеттерге итермеледі, өйткені келісім СОКП басшылығын нақты биліктен, қызметтер мен артықшылықтардан айыратын еді. М.Горбачевтың Б.Ельцин мен Қазақстан Президенті Н.Назарбаевпен МҚК төрағасы В.Крючковқа белгілі болған құпия уағдаластығы бойынша, шартқа қол қойылғаннан кейін КСРО премьер-министрі В.Павловты Н.Назарбаевпен алмастыру ойластырылды. Қорғаныс министрін, Крючковтың өзін, басқа да бірқатар жоғары лауазым иелерін осындай тағдыр күтіп тұрды».
«Сто великих событий ХХ века»
М.Вече, 2006, 455-456 беттер.
– Кеңес одағының соңғы жылдары жайында жазылған кітаптардың бәрінде де сізге КСРО вице-президенті қызметі ұсынылғаны жайында айтылады. Горбачевтың кітабында: «Назарбаев туралы ойладым, бірақ оның орнын Қазақстанда баса алатын адамды таппадым. Ойлануға уақыт қалмады, сол кезде Янаев «қолға түсе» кетті. Қатты қателескен жерім сол!» («Жизнь и реформы», 2-кітап, 532-бет) деген жолдар бар.
– Бұл мәселе әбден айтылған, жазылған. Мәселе маған ол қызметтің ұсынылуында немесе менің ол қызметке келісу-келіспеуімде де емес. Мәселе алдымен сол қызметтің керекті немесе керексіздігінде. Маған «Правда» газеті 1990 жылдың аяғында сол қызмет жөнінде нақты сұрақ қойған. Мен ол сұраққа нақты жауап қайтарғанмын. Президенттің көмекшісіндей көретінімді айтқанмын. Ол орынға Украина компартиясының жетекшісі Гуренконы ұсынғаным бар.
ДӘЙЕКТЕМЕ:
«– Бірқатар депутаттар сіздің кандидатураңызды вице-президент қызметіне ұсынбақшы. Сіздің бұған көзқарасыңыз қалай?
– Сол вице-президенттің не үшін керектігін білмеймін. Егер біз Федерация кеңесін елдің ішкі және нағыз өміршең, пәрменді орган етіп құратын болсақ, егер Федерация кеңесінің шешімдері барлық аумақтарда міндетті етілетін жарлықтармен ресімделсе, онда вице-президент немен айналысады? Егер оған Конституцияны өзгерту жобасындағы рөл тисе, онда бұл кезекті көмекшілік қызмет. Мен өзімді ондай құрылымда елестете алмаймын».
«Правда»,
1990 жылғы 24 желтоқсан.
– Сізді сонау 1990 жылдың басында-ақ одақтық депутаттар КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағалығы қызметіне де ұсынған еді ғой? Ол кезде өз кандидатураңызды неге алып тастадыңыз?
– Горбачевтың
ол орынға өзінің студенттік жылдардан келе жатқан досы Лукьяновты тықпалап жатқанын бүкіл депутаттар көріп отырды. Мен ол қызметке тіпті де ұмтылған жоқпын. Бұл арада да
мәселе нақты адамда емес. Мәселе тіпті сол қызметте, сол лауазымда да емес. Мәселе тарих тегершігінің қалай қарай айналуға ауысқанында. Ашығын айтсақ, осы аталған қызметтердің бәрі де шынтуайтында баянсыз болатын. Баянсыз болатыны – сол кездің өзінде қайта құру идеясының толықтай күйреп біткені кеудесінде сәулесі бар әр адамға-ақ айқын еді. Елдегі жағдай жақсару тұрмақ, бұрынғыдан да нашарлай түскенін әркім көріп отырды. Мемлекеттің ыдырауға түсу қаупі де көріне бастады. Ең қиыны, ең қатерлісі осы еді. Негізінде, қай заманда да империялардың тарауы тұрмақ, кез келген елдің бөлінуі де қанды оқиғаларға ұласып жататын. Күні кеше Югославияның көз алдымызда қызыл қанға қалай бөккенін бәріміз көрдік, жанымыз түршікті. Одақтың ыдырау үдерісін бетімен жіберіп алғанымызда біздің алдымыздан да сондай апаттың шығуы әбден мүмкін еді. Оның үстіне КСРО-ның көптеген республикаларында ұлтаралық қатынастар да ушыға бастаған болатын. Абырой бергенде, кешегі кеңестік кезеңде халықтар арасында қалыптасып үлгерген достық қатынастарының арқасында біз ондай апатқа ұрынбадық. Осындай тұста мен ең алдымен Қазақстанның тағдыры туралы, өз халқымның ертеңгі күні туралы ойлануға, толғануға тиісті едім. Экономикаға қолайлы жағдай жасалуы үшін, еліміздегі көпұлтты жұртшылықтың тыныштығы үшін КСРО-ны қайта өзгертіп қалыптастыруға, оны шын мәніндегі егемен елдердің еркін одағы ретінде жаңаша құруға қолдан келгенінше әрекет еттік. Республикалар күшті болса, одақ та күшті болады дегенді көпке дейін ұстанып келдік. Бірақ бара-бара мұның мүмкіндігі болмауға айналды. Ең таң қаларлығы – сепаратистік қадамдарды партияның өзі бастағандығы! Жетпіс жыл бойы өзінің компартиясынсыз өмір сүріп келген Ресейге аяқ астынан дербес партия керек бола қалды. Осы үдерісті Горбачевтың өзі қолдады.
– Татарстанның сол кездегі президенті Ментимер Шаймиевтің «Назарбаев премьер-министр болғанда біз Одақты сақтап қалар едік» деп жазғаны бар екен. Бұған не айтасыз?
– Чеховтың бір кейіпкері «Этого не может быть, потому что этого не может быть никогда» деген. Болмайтын нәрсе болмайды. Кеңес одағы атты ол мемлекет ең алдымен идеологиялық негізде құрылған еді. Тым ауқымды еді. Динозаврлардың алапат үлкендігі сын сағатта олардың мықтылығы емес, әлсіздігі болып шыққан жоқ па? К