19 Тамыз, 2011

Жұмыспен қамту басты назарда

416 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Елбасы Н.Назарбаевтың ең­бек рыногының тиімділігін арт­тыру, тұрмысы төмен және жұ­мыссыз, өзін-өзі жұмыспен қам­ты­ған ха­лықты мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­ларға тарту жөнінде тап­сырмалар бергені белгілі. Сон­дықтан да халықты жұмыспен қамтуды іске асыру барысы «Нұр Отан» ХДП-ның айрықша қада­ға­лауында. «Жұ­мыспен қамту – 2020» бағдар­ламасының  іске асы­­рылу тетіктері де партия бел­сен­ді­лерінің қаты­суы­мен пысық­тал­ған. Партия жа­нында жобаның орындалуына мониторинг жүр­гізу жөніндегі са­рап­шылар тобы да жер-жерде белсенді жұмыс істеп жатыр. Сәрсенбі күні партия Төр­аға­сының бірінші орынбасары Нұр­лан Нығматулин Шығыс Қазақ­стан облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына қа­тысып отырған бірқатар мекемелерді аралап көрді. Нұрлан Зайроллаұлы ең алдымен кәсіп­керлікті қолдау жө­ніндегі сервис ор­талығында болды. Облыс әкімі Бер­дібек Сапарбаев бұл орта­лық­тың ең алдымен Шы­ғыс өңірінде іске қосылғанын тілге тиек етті. Сер­вис орталығының міндеті – мем­лекеттік 4-ші бағдар­ламаның жүзеге асуын қамтамасыз ету. «Жол карта­сы-2020» бағ­дар­ла­масы бойынша бұл орталықта ауылдан келген және қаладағы кәсіпорындардың өкілдері терең­детіп білім алады. Оларға білімі мен білігі келіскен маман кадрлар дәріс береді. – Мамай батыр ауылында «Хан О.Е.» шаруа қожалығы жаңа жылыжай кешенін іске қосуда. Аманшылық болса, осы ауылдың 66 адамы жұмыспен қам­тамасыз етілмек. Көкөніс өсірудің қыр-сыры жеткілікті кө­рі­неді. Қыс мезгілінде көкөніс өсірудің технологиясымен біз жете таныстырылып жатырмыз, – дейді  осы ауылдың тұрғыны Қар­лыға Қабыланқызы. Жоба шеңберінде кәсіпкер­лік­ке қолдау көрсету орталығы ша­ғын және орта бизнеске демеу қолын созуда. Облыстың 640 кәсіпкеріне несие берілетін бол­ды. Ол үшін 1 миллиард 356,3 мил­лион теңге қаржы қарасты­рыл­ған. Сервистік орталықта ай­мақтық комиссия бизнес-жо­баларды іріктеп, типтік жоспар­ды бекітеді екен. Сервис орта­лы­ғы аталмыш бағдарламаға қаты­су­шылардың терең білім алуын көздейді. Өңір басшысы келген қонақтарға осылар жайлы кеңі­рек мағлұмат берді. Бұдан кейін Нұрлан Нығ­ма­тулин бастаған топ Өскемендегі №1 кәсіби лицейге атбасын бұр­ды. Бұл жерде құрылысшылар мен электр жөндеушілер, кондитер тағамдарын жасайтын мамандар әзірленеді. Шырайлы Шы­ғыста тұтастай алғанда 92 ма­мандық бойынша білім беріліп жатыр. Н.Нығматулин оқу орны­ның материалдық-техникалық ба­за­сымен танысып, шеберханалар мен лабораториялардағы білім алып жатқан жастармен әңгіме­лес­ті. Лицей директоры Құмар­бек Сандыбаев бұл жерде 4 уа­қыт тамақ тегін берілетінін, бо­ла­шақ жұмысшылар үшін кітапхана, спорт залдары қызмет көрсе­тетінін айтты. Биыл 228 түлек аяқтап, оның 170-і жұмыспен қам­тамасыз етілсе, ал қалған­да­ры жоғары оқу орындары мен колледждерде білімдерін жалғас­тырып жатыр екен. – Партия Төрағасы Н.Назарбаев жұмысшы жастардың білімі мен білігін қатар жалғастыруға үнемі көңіл бөледі. Сіздер тегін тамақтанып, тегін білім аласыз­дар. Қазір бізге керегі ұстаз бен дә­рігер, электрмен дәнекер­леу­ші­лер екенін назарда ұстаған жөн. Сондықтан біз сіздерден үміт күтеміз, – деді партия Төраға­сының бірінші орынбасары кездесу кезінде. Мамай батыр ауылында «Хан О.Е.» шаруа қожалығы өндіріс көлемін кеңейту үшін Үкіметтен жеңілдетілген несие бойынша 198 миллион теңге алыпты. Комиссия мақұлдаған бизнес-жос­пар­ға сай жылыжай мен тоңазыт­қыш қоймалары салынады. Бұл жерде облыс әкімі мен партия Төрағасының бірінші  орын­ба­са­ры жылыжай кешені жобасының тұсаукесерін жасады.  Ақтаудан келген кәсіпкерлер де ашық алаң­да жылыжай салуды бастап  кетіпті. Қожалық төрағасы Олег Хан кәсіпкерлерге жасап отырған қамқорлығы үшін Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевқа үлкен алғысын білдірді. – Мен Өзбекстанда ұзақ жылдар тұрып, ол жақта да көк­өніс өсіруді қолға алған едім. Бірақ дәл Қазақстандағыдай, оның лидері Н.Назарбаевтай ауыл адамда­ры­на ерекше қамқорлық жасай­тын жағдайды көрген емеспін. Мамай батыр ауылында жұмыс істеуге барлық жағдай бар. Алдағы уақытта жолдар салынып, электр, жылу, су жүйелері тартылмақ, – деді кәсіпкер. – «Жұмыспен қамту-2020» әлеу­­меттік маңызы бар жоба Ел­ба­сы Н.Назарбаевтың тікелей тап­сыр­масы бойынша жүзеге асуда. Осы мақ­сатқа  тек биылдың өзінде ғана рес­публикалық бюд­жет­тен 40 миллиард теңге бөлін­ген. Болашағы айқын бағдарла­ма­ның жүзеге асуы мыңдаған жерлесіміздің жаңа ма­мандық алуына, жаңа жұмыс орын­дарына орналасуына жол ашып отыр, – деді  Нұрлан Нығматулин ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы.