Үстіміздегі жылдың 28 шілдесінде Түркияның Ыстамбұл қаласында ИЫҰ Бас хатшысының бастамасымен Сомалидегі ахуалды қарау мақсатында Ислам гуманитарлық ұйымдары мен қорлары өкілдерінің кездесуі өткен болатын.
Кездесуде Сомалиге және ислам әлемінің өзге де мұқтаж елдеріне көмек көрсету үшін ИЫҰ-ның гуманитарлық коалициясын құру туралы шешім қабылданған еді.
Коалицияның құрылуына ИЫҰ-ның қазіргі сәтте Сомалиге тікелей елде гуманитарлық көмек бере алатын бірден-бір ұйым екендігі себепкер болды. «Әл Шабаб» әскери құрылымы өздерінің қол астындағы аумаққа мұсылман емес гуманитарлық ұйымдардың енуіне жол бермей отыр. БҰҰ агенттігі мен батыстық қайырымдылық қорлары мұндай жағдайда Сомалиден шыққан босқындарға көмекті көрші елдерде, атап айтқанда, уақытша босқындар лагері орналасқан Кенияда ғана көрсетумен шектелуге мәжбүр болып отыр.
Мұсылман қорлары сарапшыларының далалық миссияларының бағалауынша, қазіргі уақытта Сомалиде 3 миллионнан астам адамға аштық ажалы төніп тұр.
Кездесуге қатысушылар ИЫҰ-ның таяудағы 3 айға арналған шұғыл гуманитарлық көмегінің бюджетін 29 млн. доллар деп белгіледі.
Қазіргі кезде Сомалиге Сауд Арабиясы 60 млн. доллар, Түркия 37,7 млн. доллар (көмек), Иран 25 млн. доллар, Кувейт 10 млн. доллар және Судан 100 мың доллар көмек беретіндіктерін мәлімдеді.
Ыстамбұл кездесуінің қорытынды декларациясында ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерге Рамазан айы кезеңінде Сомалиге және гуманитарлық дағдарысты бастан кешіп жатқан ИЫҰ-ның өзге де елдеріне қайырымдылық көмек көрсетуге бастамашы болуға үндеу тасталған.
17 тамыз күні Ыстамбұл қаласында ИЫҰ Атқару комитетінің Сомалидегі гуманитарлық дағдарысқа және ИЫҰ қолдауымен оны тез арада жоюға бағытталған бірлескен іс-шараларға арналған шұғыл министрлік отырысы болып өтті.
ИЫҰ СІМК Төрағасы – ҚР Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановтың төрағалығымен өткен отырысқа Сомали Президенті Ш.Ахмед, Түркия Премьер-министрі Р.Эрдоған, ИЫҰ Бас хатшысы Э.Ихсаноғлу, Ұйымға мүше мемлекеттер министрлері қатысты.
ИЫҰ Сомалиге неғұрлым көкейкесті 4 проблеманы – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, ауыз су және экономиканы шұғыл қалпына келтіруге бағытталған 150 млн. АҚШ доллары көлеміндегі арнайы көмек бағдарламасын әзірледі.
Кездесу нәтижесінде Атқару комитетінің отырысына қатысушылар Қорытынды коммюнике қабылдады. Ыстамбұл кездесуі Сомалиге ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер тарапынан гуманитарлық және қаржылық көмекті айтарлықтай дәрежеде жұмылдыруға жағдай жасап, Ұйымның Арнаулы көмек бағдарламасын ресурстармен қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Өз кезегінде Қазақстан өзінің ИЫҰ СІМК-ге төрағалығын ескере отырып және барлық мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында Сомали халқына гуманитарлық көмек ретінде 500 мың АҚШ долларын бөлу жөнінде шешім қабылдады.
«Егемен-ақпарат».