13 Қаңтар, 2010

ЕЛДІК СӨЗДІҢ ЕҢБЕКТОРЫСЫ ЕКЕН-АУ...

2656 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ардагер журналист Орынбай Тасыбековтің “Менің замандастарым” атты жаңа шыққан кітабын әріптестік қызығушылықпен қолға алғанбыз. Әуелі Жамбыл облыстық “Еңбек туы” газетінің қазанында шыңдалған, одан соң ұзақ уақыт аудандық газеттерде редактор болып қызмет еткен, бір ауық респуб­ли­калық “Қайнар” баспасы мен “Қазақстан коммунисі” журналында да қалам қайратын танытқан автордың өрелі өмір жолынан, баспасөздегі шығармашылықтың қилы да қиын соқпақтарынан өткені аңғарылады. Кітапқа автордың әр жылдары жазған шұрайлы мақалалары, очерк­тері мен публицис­ти­калық тол­ға­ныс­тары топ­тас­ты­рыл­ған екен. Со­лар­ды оқи оты­­рып, Оре­кең­­нің қазақ жур­на­лис­тикасына то­лайым адалдығын елжірей сезінесіз. Кі­таптың аты ай­тып тұрған­дай, үл­кен-кішіміз­ге бір­дей ор­тақ за­мандас­тары­мыздың қилы-қилы өмір өткел­дерін көз­айым­­дап, алуан-алуан қызық тағ­дыр­­лардың куәсі бола­сыз. Олардың әр­қайсысы өзіндік мінез-құлық­тары­мен, іс-әрекетімен, қина­лыс-толғаны­сы­­мен, қуаныш-сүйіні­шімен есте қалады. Аудандық газет – журналистиканың ең бір күрделі буы­ны. Бұл буыннан қазақ баспасөзінің талай-талай тарлан қайраткерлері өсіп шыққанын білеміз. Орынбай Әбдірахым­ұлының да нақ осы саладағы еңбегінің ұсынар ғибраты молдығы мына кітаптың әрбір парағынан парық­талып та, пайымдалып та танылғандай. Жинаққа эпиграф ретінде алынған Әбдірахым әке өсиеті де көңілімізді бір толқытып өтті. “Қазақта езуінен енші берген” деген бір жақсы сөз бар. Енші отау болғанда ата-анаңнан алған мал-мүлік, дүние-пұл емес, маң­дайың­нан сипаған жылы алақан, бәйгеге түскенде қиқу салған демеу, торыққанда аузыңа тамызылған бір жұтым су. Соны жасаған адамдарды көзің жұмылғанша ұмыт­пай, құрмет тұт, балам” – деген осынау әке өсиетіне де қаламгер перзент адалдығынан жазбапты. Себебі, оның әрбір толғанысында адамдарға деген шексіз құрмет пен ілтипат, туған жерге деген мейірлі сүйіспеншілік пен іңкәр сезім тұнып тұрғанын байқар едіңіз. Шалымды журналист Сәкен Сейфуллиннің тар жол, тайғақ кешкен кезеңдерде Мойынқұм өңірінде болғандығы жайлы әдемі ой толғайды. Осы ауданға аңшылыққа келген кездегі Ғабит Мүсіреповтің сырбаз мінездерінен сыр аулайды. Кенен атасынан бата алған сәтін бабымен баяндап бір өтеді. Қазақтың киелі қарттарының бірі Жазылбек Қуа­ныш­баев, Мойынқұмның арда азаматы Айтбай Назарбеков жайлы ағынан ақтарылған риясыз көңілі қандай. Орекең шымыр толғамдарының бір парасын штаттан тыс тілшіміз ретінде “Егеменнің” бетінде де жариялаған. Ол бірде Парижге барған сапарын тамсандыра әңгімелесе, енді бірде өз Астанамыздың төрінде тұрып тебіренеді. Байтақ Сарыарқадағы Қулы, Мұңлы тауларының жан тербетер жұмбағына бойлатады. Сөйтіп, оқырманын ойлантады. Жалпы, журналист жазбаларына парасаттылық пен пайымдылық тән. Соған орай біз де Орынбай Тасыбеков туралы “елдік сөздің еңбекторысы екен-ау” деген пікірімізді тастүйін бекіте түстік. Қорғанбек АМАНЖОЛ.