20 Тамыз, 2011

Жапонияда жер сілкінісі болды

709 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жапонияның шығыс жағалауында 6,5 баллдық жер сілкінісі болды, деп хабарлады Рейтер агенттігі жапон метеорология агенттігіне сілтеме жасай отырып. Зілзаланың ошағы осы жылдың наурыз айындағы табиғат апатынан зардап шеккен Фукусима қаласынан 113 шақырым жерде болған. Жапон метеорология агенттігі алғашында жарты метрлік биіктіктегі цунами қаупі туралы ескерткенімен, арада 35 минөт өткенде ондай қатердің жоқ екені хабарланған. Құрбан болғандар мен қираған ғимараттар туралы мәліметтер жоқ. ГАЗА СЕКТОРЫНДАҒЫ ЖАНЖАЛ Эйлата курортының төңірегінде бейсенбі күні орын алған террорлық акт салдарынан туындаған Израиль мен Газа секторы арасындағы жанжал барған сайын шиеленісе түсуде. Жауап ретінде жұма күні Газа сек­торынан Израильге бірнеше реактивті зымырандар жіберілген. Ал Израиль әуе қарулы күштері болса, бейсенбі күні Газа секторы аумағына алғашқы соққы жасады. Соның салдарынан Палестинаның жеті тұрғыны, «Халық қарсылығы комитеті» тобының командирі Камаль ан-Найраб пен оның төрт көмекшісі қаза тапқан. Бомбалау түнде де жалғасқан көрінеді. ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНДЕГІ ТЕРАКТІЛЕР Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған күні – 19 тамызда Ауғанстанда 5 теракт жасалып, соның салдарынан кем дегенде 34 адам қаза тапқан. Алғашқы жарылыс Ауғанстанның батысындағы Герат провинциясында шағын автобуста орын алған. Жарылыс 24 адамның, оның жетеуі балалар өмірін қиған көрінеді. Оның сыртында тағы тоғыз адам ауыр жарақаттар алған. Ауғанстан астанасы Кабулда да қатарынан төрт жарылыс болған. Екі жанкешті терроршы Британ кеңесі және британ мәдени орталығы өкілдігіне шабуыл жасаған. МАДРИД ПАПАНЫ САЛҚЫН ҚАБЫЛДАДЫ Үш жылда бір өтетін Бүкіләлемдік католик жастары күні шеңберінде Испанияға келген Рим Папасы Бенедикт ХVІ-ны Мадрид қонақжайлы­лық­пен қабылдамай отыр. Жұмыссыздық деңгейі бүгінде 21 пайызға жеткен Испания жастары дағдарыстан зардап шеккен испан бюджетіне католиктік мерекелік шаралардың қаншалықты қымбатқа түсетініне өз наразылықтарын білдіру үшін көшелерге шыққан. Мадридтің орталығында орын алған тәртіп­сіз­діктер салдарынан алғашқы күні 11 адам, оның ішінде 2 полицей зардап шеккен. Католик шіркеуінің өкілдері бюд­жет шығыны туристерден түскен табыстар арқылы орнына келеді деп сендіргенімен, көптеген испан жастары понтификтің сапарына жылы қабақ танытпай отыр. ИРАКТАҒЫ КУРД БАЗАЛАРЫ БОМБАЛАНУДА Түріктің бомбалаушы ұшақтары Курд жұмысшы партиясының лагерьлерін жою жөніндегі жаңа опера­ция­ны бастады, деп хабарлайды CNNturk. Түркия қарулы күштерінің сегізінші әуе базасының бомбалағыш ұшақтары Кандиль, Хакурк, Метина және басқа да елді мекендерді бомбалауда. Сонымен бірге Түркия аума­ғында да КЖП мен тұрақты армия арасында қақтығыстар жалғасуда. Курд содырлары бір мезгілде екі бірдей уездік полиция басқар­ма­ларына шабуыл жасаған. Шабуыл сал­дары­нан түріктің екі жауынгері қаза тауып, төртеуі жара­лан­ған. Сол сияқты екі терроршы да ажал құшқан көрінеді. КОРРУПЦИЯҒА ҚАРСЫ АШТЫҚ ЖАРИЯЛАДЫ 74 жастағы Анна Хазаре есімді гуру Үндістанды жегі құрттай іштен кеміріп жатқан ең үлкен қасірет – коррупцияға қарсы соғыс ашты. Ол күш көрсету арқылы емес, өзі пір тұтатын Махатма Ганди өсиет еткендей, аштық жариялау арқылы күресуде. Алғашқы аштық жариялауын ол билік коррупцияға қарсы күрес туралы заң жобасын жазуға қатысуды ұсынған кезде сәуір айында төрт күннен соң тоқтатқан болатын. Бірақ тамыздың басында жарық көрген антикоррупциялық заңға ол риза болмай, оны «қатігез әзіл» деп атады. Анна Хазаре коррупцияға қарсы комитеттің премьер-министрге, аға судьялар мен парламент мүшелеріне қарсы айыптауларды тергей алмайтынына қанағаттанбаған көрінеді. УКРАИНАДАҒЫ ЕҢ ЫҚПАЛДЫ АДАМ КІМ? Украина президенті Виктор Янукович «Корреспондент» басылымы құрастырған рейтингте елдегі ең ықпалды адамдардың басында тұр. «Ел басқарудың алғашқы күнінен бастап қатаң президенттік билікті шыңдауға кіріскен Янукович бұл істе аса зор жетістікке жетті, сөйтіп «Корреспондентке» мойындаудан өзге амал қалған жоқ. Бүкіл басты лауазымдар оның саяси күшінің – Өңірлер партиясының құзырында, тіпті билік тармақтары арасындағы алауыздық туралы айтудың өзі артық, басқарудың барлық тізгіні президенттің қолында», деп дәлелдеген басылым редакциясы өз таңдауын. ГРУЗИЯДАҒЫ АВТОБУС АПАТЫ Бейсенбі күні Грузия аумағында жыраға құлап кеткен жолаушылар автобусында 29 адам болған, олардың 5-і Ресейдің, ал 24-і Армения азаматтары деп хабарлаған Армения ТЖМ құтқару қызметі. Апат Казбеги – Тбилиси жолында орын алған. Ростов – Ереван бағытымен келе жатқан автобус 15 метрлік биіктіктен жыраға құлап кеткен. Апаттың себептері туралы әзірге ресми мәліметтер жоқ, бірақ автобус жүргізушісі рөлде келе жатып қалғып кеткен деген ақпарат бар. Апат салдарынан 17 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Интернет материалдары негізінде әзірленді.