Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Соған орай дайындық мәселесі қандай деген ниетпен Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Отанымыздың барлық өңірлеріндегі жағдайды жіті назарда ұстап, кейбір білім ұяларында болып, ұстаздар қауымымен, ата-аналармен пікір алмасуда. Соның бір дәлелі, министр өткен сәрсенбі күні Астана қаласындағы «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейі мен «Нұр Орда» халықаралық мектебінде болды. Ол білім ұяларындағы жаңа оқу жылына дайындықтың барысын өз көзімен көрген соң қазақ-түрік лицейлерінің басшыларымен кездесті.
Кездесу үстінде біріншіден, қазақ-түрік лицейлерінің оқу жоспарлары мен бағдарламалары Қазақ елінің мемлекеттік білім беру стандарттарының талабына сәйкестігі айтылды. Оның мазмұны мен құрылымына талдау жүргізіліп отыратыны да назардан тыс қалмады. Екіншіден, оқу орындарының кадрлық әлеуеті сөз болды. Бұл жағынан келгенде мұғалімдердің 90 пайызы – Қазақстан азаматтары, 10 пайызы түркиялық мұғалімдер екен. Осы жерде министр қазақ-түрік лицейлеріндегі мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру ісін бір жүйеге келтіруге, соның ішінде талапкерлердің «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде тәжірибеден өту жайына ерекше тоқталды. Үшіншіден, мектеп оқушыларының тәрбиесіне ерекше мән беру керектігін тілге тиек етіп, оларды экстремистік, дәстүрлі емес діндердің ағымынан алшақ ұстау, отаншылдық рухқа баулу мәселесіне келгенде қырағы болуды ескертті.
Кездесуге «KATEV» халықаралық қоғамдық қорының президенті Месут Ата арнайы шақырылды. Әңгіме барысында Б.Жұмағұлов жоғарыда айтылған өзекті мәселелерге көңіл аударды. Сондай-ақ, қазақ-түрік лицейлерінің қызметі Білім және ғылым министрлігінің ұдайы қадағалауында болатынын атап өтті.
Сүлеймен МӘМЕТ.