Көпшілік біздің Жаңажолды «балуандар ауылы» ретінде жақсы біледі. Бұл дәстүр әлі күнге дейін үзілген емес. Ұлттық спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер мектебінің /ҰСБЖМ/ филиалы ашылғалы ұлттық өнерімізді серік етушілер қатары өсе түсті. Қазір онда 40-қа тарта балғын жаттығады. Бұрындары ауылдағы жиын-тойлар ойын-сауықсыз өтпейтін. Күрес десе, екі білегін сыбанып, ішкен асын жерге қоятын қарадомалақ балалар көк майсаны күрес алаңына айналдыратын. «Күш атасын танымас» демекші, әдіс-тәсілі асқандар қарсыластарын алып та, шалып та жығатын. Зәузәт, Жанатай Шоткиндер, Сәрсенбек Ожықаев, Игілік Әбдіраханов, Айдар Қалижанов секілді жаңажолдық балалар осылай шынығып өсіп, кейін үлкендер сапында да намысты туын жоғары ұстады. Менің қайным Ерік те күреспен айналысып, балам Батырхан оған еліктеп өсті.
Бұл күні шалақындықтар баламды оқушылар арасында Қызылжар өңірінен топ жарған тұңғыш ел чемпионы ретінде мақтан тұтады. Бұл орайда, Батырханды қазақ күресінің қыр-сырына талмай үйреткен жаттықтырушы Болат Нұртазинге деген алғысым шексіз. 5 жылдың ішінде талай биік асуларды бағындыруына зор үлес қосты. Мектеп оқушылары арасында аймақтық жарыстарда бірнеше рет жеңімпаз атанып, облыстық құрамаға қабылданды. 2009 жылы республикалық додада алғаш рет тұсауы кесілді. Петропавл қаласында өткен ел чемпионатына 300-ге жуық балғын балуан қатысып, балам 57 кило салмақ дәрежесі бойынша жүлделі екінші орынға көтерілді. Келесі жылы дода Қызылорда қаласында көк байрағын желбіретіп, онда үшінші орынды жеңіп алды. Биыл Көкшетау қаласында өте тартысты өткен бәсекеде барлық қарсыластарын ұтып, жеңістің ең биік тұғырына көтерілді.
Батырхан биыл Алматыдағы дене тәрбиесі академиясына оқуға түсіп, бұдан да биік асуларға жетуді асыл мақсат етіп отыр. Сөз арасында оның күреспен түбегейлі айналысып, байрақты жарыстарға қатысуына мүмкіндік тудырған, қаржылай көмектескен азаматтарға деген ризашылығымды білдіре кеткім келеді. ҰСБЖМ директоры Есләмбек Бекмұрзин, облыстық күрес қауымдастығының төрағасы Бауыржан Құлжанов секілді азаматтардың шарапаты мол тиді. Аудандық әкімдік, спорт және туризм басқармасы да талай рет демеушілік көрсетті. Қайным Ерік қолынан жетелеп, үлкенді-кішілі бәйгелердің бірде-біреуінен қалдырған жоқ. Жыл өткен сайын елімізде спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтына ұмтылушылар қатары өсіп келеді. Оған Елбасының Жолдауы ерекше серпін берді.
Осыдан 37 жыл бұрын Бауыржан ағасы қазақ күресінен ел жеңімпазы болса, осынша уақыттан кейін мұндай бақыт менің балама бұйырды. Ауылдан шыққан қазақтың ұл-қыздары әлемдік деңгейде қазақ елінің мәртебесін тасытып, намысын қорғап жатса, бұдан асқан қуаныш жоқ. Аналық тілегім бұл!
Балғын ЖАҒЫПАРОВА.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Шал ақын ауданы,
Жаңажол ауылы.