23 Тамыз, 2011

Жыр мерекесі жақын

350 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
 Дауылпаз  ақынның туған өлкесі оған дайын «Өртке тиген дауылдай» өр­­­­шіл өлеңдерімен қайтадан өрлей бастаған қазақ әдебиеті әлемін дүр сілкіндіріп, бедерлі белеске көтерген Қасым Аманжоловтың халқымен бірге жасай беретін мәңгі өлмес шығармашылық шы­­­­­­­ңына арналған мәдени іс-ша­ра­лар бұл күнде аймақтың барлық жеріне шуағын шашып тұр. Қай­да барсаңыз да ақын рухы алдан шығады, үні жүректер тербетеді. Арқа төсіндегі аймақ үшін би­ылғы жыл – Қасым жылы болып отырғаны, тарихқа солай болып еніп қалатындығы айқын сезіледі. Бір ғасырдың асылына ай­нал­ған жалынды жан мерейтойына дайындық бүгінде тыңғы­лық­тан­дырылып, ұмытылмастай өтуі түй­­інделіп жатыр. Осыған бай­ла­нысты құрылған облыстық ко­ми­с­­­сияның ұйымдастыру жұмыс­та­ры жыл басынан бері бір тын­баса, нәтижесі қыркүйектің 8-11 күндерінде жарқырамақ. Қасым Аманжолов 100 жыл­дығында ел-жұртына алдымен өл­ең-жырларымен қауыш­ты­рыл­ды. «Алтын қалам» айдарымен топтастырылып, әрі әсем безендірілген кітаптары қазір оқыр­ман­дар қолында. Орыс тілді қау­ым да Қасым жырымен сусын­дап отыр. Дмитрий Снегин, Борис Слуцкий, Илья Сельвинский сын­­ды білгірлер аударған ту­ын­ды­ла­рымен бірге, Бақытжан Қа­на­пия­нов тәр­жі­мелеуіндегі 1 том­дық жинақ ме­рей­тойға мерей­лі тарту қата­рын­да. «Қасым» әде­би-мә­де­ни жур­на­лының та­ным­дық мақа­ла­лары ақын бейнесі мен шы­ғар­машы­лығының бей­мәлім сыр-қыр­ла­рын байыпты таныстыруда. Өшпес өлең-өмірі бірнеше жыл­дан соң жаңадан жарық көр­ген кітаптары, тың зерттеулер ар­қылы танымал бола түссе, өнер ошақтарының арнаулы қо­йы­лым­­дары алып тұлғаның сан қырлы талантын әсерлі жеткізе алды. Жезқазғандық көрермендерге «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қа­рашы» деген тақырыппен жергілікті театрда сахнаға шығарыл­ған шығармашылығының басты-басты кезеңдері арқау етілген қойылым көрсетіліп, көңіл бау­рады. Ал қарағандылықтар «До­сымның үйленуі» спектаклін та­машалады. Талапкер ізбасарла­ры­ның облыстық байқауы өтіп, біраз жас ақындар танылды. Өлең­дерін жатқа оқушылар са­йы­сына қатысушылардың көп бо­луы мұрасы ұрпақтан ұрпаққа ұласуын байқатты. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, көп­ші­лік кітапханаларда өткізіліп ке­ле жатқан әдеби кештер мен кездесулер ардақты ақын алмас жыр­лары жастар көкірегінде жат­­та­лып, жаңғырып қалуда. Қасым ақынға деген құрмет­тің тамаша бір айғағы – еліміз аумағында тұлғалы алғашқы ескерткіші ашылуы жақын. Қара­ған­дының әсем бір мүйісінде ас­қақтап тұрар мүсіні мерейтой ба­сында бой көтереді. Сәкен Сейфуллин көшесінен қалалық орта­лық саябаққа кіреберіс тұстағы ескерткіш қарағандылықтардың сүйсіне демалатын орны ретінде де көз тартпақ. Сөз орайында айта кеткенде мерекелік шара­лар­дың бірінші күнінде ақын әндері мен өлеңдеріне әндер фестивалі, республикалық ақындар айтысы өтілсе, ертеңінде облыс бас­шы­лығы әдебиет пен өнер қай­рат­кер­лерімен кездеседі, ескерткіші ашылады, ғылыми-тәжірибелік кон­ференция, жыр-мүшәйра келу­шілерді шақырады. Ал 10 қыр­күй­екте ақынның кіндік қаны там­ған Қарқаралыдағы Кент та­уы­ның баурайы мерейтой дүбі­рі­не бөленеді. Біртуар таланттарды, дарын­дарды құрметтеу, бағалай білудегі елдік қасиеттің үлгілі үрдісі Қа­сым Аманжолов 100 жыл­ды­ғында барынша танылады. Енді аз күнде дауылпаз ақын қанат­тан­ған өлке поэзия сүйермен­де­рі­не құшақ ашуға дайын. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.