23 Тамыз, 2011

Атомды пайдалануда асқан сақтық қажет

473 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Қазіргі уақытта адамзат табиғат апатынан қорғана алмай отыр. Ғылымы, техникасы мен технологиясы дамы­ған Америка мен Жапонияның өзі жер сілкінісі, топан су, цунами, торнадо, т.б. табиғи апаттардың алдында әлсіздік танытуда. Табиғаттың Алла жаратқан қалпын бұзбай, шектен шық­пай пайдаланса ғана ол адам баласына пайда бермек. Бірақ, ХХ ғасырда адам баласы та­би­ғатқа өктемдік жасамақ болып, бермесін тартып алуға ты­рыс­ты. Ғылымды дамыта отырып, жоғын қолдан жасауды мақсат етті. Соның бірі атом қуатын пайдалану еді. Атомның жой­қын күшін кейбір ел өз өк­тем­дігін жүргізу үшін соғыс мақ­са­тында пайдаланса, кейбір ел бейбіт өмірге пайдаланды. Бейбіт өмірдің өзіне байқап пайдаланбаса, адамзатқа орны толмас қайғы-қасірет әкелетінін енді ғана бағамдап жатырмыз. 1986 жылғы 26 сәуірдегі Чер­но­быль атом электр станса­сын­дағы апат болған күнді БҰҰ «Радиациялық апаттар мен жа­ры­лыстар құрбандары» күні деп атады. Сонда да бұл апат адам­затты онша ойландыра қой­мап еді. Бұл техногендік апат­тың болғанына 25 жыл тол­ғанда, биылғы, Жапония­дағы АЭС-тердің апаты адам баласын мық­тап ойлануға мәжбүр етіп отыр. Атом қуатын бейбіт мақсатқа қауіпсіз пайдаланудың жолын іздеген саммит 2011 жылдың 19 сәуірінде Украинаның аст­а­на­сы Киевте жаһандық тұр­ғы­да ойлануға бас қосты. Бұл саммитке көптеген елдермен бірге БҰҰ, МАГАТЭ бастаған беделді халықаралық ұйымдар­дың өкілдері қатысқан, 60-тай елдің делегациясы жиналды. Онда келешекте АЭС-тер керек пе, жоқ па деген сұрақ тұрды. 2011 жылдың 30 науры­зын­да Қазақстан мен Ресей ара­сында атом энергиясын бейбіт мақсаттарға пайдалану туралы ынтымақтастық бойынша бағ­дар­ламаға қол қойылды. Бұл кездесуде атом энергиясын бас­қа да бейбіт мақсаттарға пайдаланумен бірге, Қазақстанда АЭС салу да сөз болды. Осы кездесуде Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Сергей Кириенко «...егер Қазақстан Үкіметі АЭС салу жөнінде шешім қабыл­дай­тын болса, Ресей тарапынан бұл жобаны нақты жүзеге асыруға қолдау көрсетілетін болады» деді. Бұл жайдан-жай айтыла салған сөз емес. Себебі, соңғы жылдары Қазақстанда АЭС салу туралы ой оқтын-оқ­тын көте­ріліп жүр. Бұрынғы жыл­да­ры «Балқаштан салу керек» деп еді. Сол кезде, Қазақ­станға АЭС салуға құлшынып жүрген «Қазатомөнеркәсіп» ұлт­тық ком­паниясының төр­аға­сы Владимир Школьник оң­түстік об­лыстарда электр энер­гия­сы жетіспейтінін сылтаура­тып, «АЭС салсақ қырғыздар­дың Тоқтағұл ГЭС-іне тәуелді болмас едік» деген уәж айтқан болатын. Бірақ Балқаштағы АЭС салуға тиісті жерден таяу маңда жер­асты жарығы бар екені белгілі болып, бұдан бас тартылды. Себебі, егер жер сілкінісі бола қалса, бұл жерде апат күштірек болады. Ал жер сілкінісі АЭС-терге қандай зардап әкелетінін қазіргі Жапония жағдайы көр­сетіп отыр. Бал­қаш маңы АЭС салуға жарам­сыз болғаннан кейін, енді Ақтау жаққа көз тіге бастады. Бұнда да В.Школьник мырза белсенділік танытуда. Қазір біздің солтүстік облыс­тар Ресейге энергия сатып отыр. Оны оңтүстікке тартуды ойламайды да. Бұл АЭС салудан әлдеқайда арзан әрі қауіпсіз болар еді. АЭС-ті салу бар да, оны табиғат құбылысынан қорғау бар. АЭС-і көп елдің біреуі – Франция. Өткен бір жылдары Францияда ауа райы 40-45 градус ыстық болғанда француздар АЭС-тердің сыртына су­ық су құйып, апаттан әрең ал­ып қалды. Ал 40-45 градустық ыстық Ақтау өңі­рінде екі жыл­дың бірінде бо­ла­ды. Мұндай ыстықтан АЭС-ті қор­ғап қала аламыз ба? Қазіргі уақытта тех­никасы мен техно­ло­гиясы дамыған Жапонияның өзі АЭС-терін табиғи апаттардан қорғай алмай отыр. Жер сілкінісі мен цунами зардабы бір сәтте өте шығады. Ал АЭС жарылысының радиациялық зардабы жүздеген жылдарға созылып, жеті ұрпа­ғымызға дейін кетеді. Бұл уақыт аралығында ұрпақты жойып жіберуі де мүмкін. Чернобыль апа­ты­на Қазақстаннан 32 мың адам қатысса, қазір соның 4,5 мыңы ғана аман жүр. Ұрпақ әкелетін жас­тағы қаншама ұланымыздан айырылдық. Біз Ресейдің ескі тех­но­логиясымен АЭС салсақ, Чер­но­быльдің аяғын құшуымыз дау тудыра қоймайды. Черно­быльдегі апаттан 5 миллионға жуық адам зардап шегіп, тек қана Украи­наның өзінен 10 миллиард доллар шығын шықты. АЭС-тер мәңгілік жұмыс істемейді. Оны белгілі бір уақыттан кейін жою (демонтаж) керек. АЭС салуға миллиардтаған доллар керек болса, оны жоюға да сол шамалас қаржы, әрі уақыт керек. Мысалы, Жапониядағы «Фукусима» АЭС-ін мүлде тоқтату үшін 12 миллиард доллар қаржы, 30 жыл уақыт керек деп жатыр. Маңғыстау өңірі мұнай өн­ді­руден, оның ілеспе газын ауада жағудан экологиясы нашарлап тұр, енді АЭС салсақ тіпті на­шар­латып жібереміз. Қазақстанда онсыз да экологиясы ластанған ай­мақтар жеткілікті. Наурыз ай­ын­дағы «Алматы ақшамы» газетінде Тауман Төреханов туралы мақалада, Қазақстанда сутегі бом­басын сынау кезіндегі халық­қа тигізген зардаптарды былай келтіреді: «Шалқар ауданында Ақтоғай деген совхоз болатын. Оның іргесінен Дауыл деген өзен ағады. Осы өзеннің жағалауынан совхоз малына жыл сайын шөп дайындалады. Өзеннің бас жа­ғын­да «Ембі-5» деп аталатын жа­бық әскери қалашық бар. Сол қа­лашықта тажал бомбасын жасай­тын лаборатория және ракета ұшы­ратын полигон орналасқан. Қа­лашықтың қасында жер асты­на 20 метр тереңдікте ракеталар орнатылған. Ракета ұшатын кезде әскерилер ықты-жарға қарамай, шөпшілерді малша қуып салады. 1973 жылы осы шабындықтан 90 мың буылған шөп дайын­да­лады. Оны жеген кеңшар малы түгелге жуық қырылып қалады. Аман қалғанынан алты аяқты бұзау, екі басты қозылар туды. Ең жан түршігерлігі сол – біздің көрші әйел аяқ-қолы, жыныс мүшесі жоқ бала туды. Мұндай сұмдықты бұрын кім көрген. Ел жағасын ұстап, шошынды. ...Сол жылдары жүні жоқ бота, бұзау, қозы-лақ туды. Құр­бақа, жылан сияқты жып-жылтыр құбыжықтар. Көрген адамның жаны түршігеді. Малдың қасына баруға қорқатынбыз. Бұл көрініс өмірімде есімнен кетпейді», – депті («Алматы ақшамы», №38, 26.03.2011 ж.). Осы жолдардың авторы 1962-1967 жылдары Семей полигонының түбіндегі Са­­рыжал ауылында тұрған. Сон­да мұндай сұмдықтың та­лай­ын өз көзімен көрген еді. Қазіргі уа­қыт­та, Семей полигонында 456 рет жарылыс жасалғаны белгілі бо­лып отыр. Бұл деген 116 Черно­бы­ль апатының зар­да­бына тең екенін Киев саммитінде Президентіміз айтып өтті. Семей поли­гонының аума­ғында орналасқан Курчатов қаласын­да 60-шы жылдары орнатылған ядролық реактор бар. Ескі технологиямен салынған, 50 жыл­дан асып бара жатқан бұл реактор да апат­­ты жағдайда. Ол да ха­лық­қа қауіп төндіріп тұр. Қазақ­станда бұдан басқа да Арал апатынан, Байқоңыр өңі­ріндегі зымыран ұшырудан, Тай­сой­ған полигонынан зардап шегіп жат­қан қазақтың өзін де, ма­лын да құртып жатыр. Осы­ның бәрін біле тұра Қазақстан атом өнеркәсібінің басшылары бір кезде «дүние жүзінің радиоактивті қалдығын Қазақстан­да көміп, пайда таба қояйық» деп желпінді. Әрине, ол бас­шы­лардың қалталарына түсе­тін пайда бар шығар, бірақ халыққа оның бес тиындық пайдасы болмайды. Ал зияны шаш-етектен болары даусыз. Қазіргі кезде әлемде 445 АЭС бар деп есептеледі. Тағы да 135 АЭС салу жоспарда бар. Олардың радиоактивті қалды­ғын жоюдың өзіне қыруар қар­жы кетеді. Жапониядағы 1977 жылы салынған, қазіргі апат­қа ұшыраған «Фукусима-1» АЭС-інің радиоактивті қал­дығы 11,5 мың тоннаға же­тіп, оны қайта өңдеуден өт­кізбеген. Қайта өң­деуден өткізсе, ол жапондарға 50 млрд. еуроға түседі екен. Де­мек, жапондар қайта өңдеу үшін жылына 1,5 млрд. еуро шығындалуы керек болатын. Жапондар көтере алмаған шы­ғынды біз көтере аламыз ба? «Фукусимадан» радиусы 30 шақырым аймақта орналасқан елге жапон мемлекеті әр адам­ға 12 мың доллардан өтемақы төлемек. Ал, осы АЭС-тен 100 шақырымдық радиусты «ра­диа­ция­лық қаупі бар» аймақ деп отыр. Америкалықтар Невада полигонының зардабы 300 жылға дейін созылады деп елді полигон аумағына қоныс­тан­дырмай отыр. Ал, біздер «Семей полигонының бір бөлігі зиян­сыз» деп елді қоныс­тан­дыруға әрекет етудеміз. Бұл халықтың болашағына балта шабу болады. Қазіргі кезде Еуропа елі АЭС салуға қарсылық көрсетіп шеруге шығып жатыр. Нобель сыйлығының 9 иегері де АЭС салуға қарсы, 31 елдің басшы­ларына үндеу жариялады. Кейбір Еуропа елі ескі АЭС-терін жаба бастады. Франция Фасенем қаласындағы АЭС-ті жап­ты. Германия барлық АЭС-тер­ді жабуды ойластыруда. Өрке­ниетті Еуропа АЭС-терден бас тарта бастағанда, біздің бұл іске құлшына кіріскеніміз жақ­сылыққа апармайды. Ойла­найық, ағайын! Кейбір мамандардың пікірінше, Қазақстанда АЭС салу­дың ешқандай экономикалық та, әлеуметтік те қажеттілігі жоқ. Ол халықтың пси­хо­логиясына, болашаққа деген сеніміне зиян келтіреді. АЭС-тің негізгі шикізаты – уран. Мұнай мен газ сияқты уран да таусылатын қазба бай­лық. Ал, барлық ел, таусыл­май­тын энер­гия көзі – жел мен күнді пайда­лануға әрекет етуде. Қазақстанда жел мен күн жеткілікті. АЭС-ке жұмсайтын мил­лиардтаған қар­жы­ны жел мен күн арқылы энер­гия алатын өндіріске жұмсаған дұрыс. Бұл – халықтың қазіргі де, келешектегі де денсаулығына зиянсыз. Ұрпа­ғымызды ойласақ, АЭС салуға сақ болайық. Назрахмет ҚАЛИ, Алматы.