23 Тамыз, 2011

Кәріпбек

469 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Ол тағдырдың қатал жазуына әуел бастан-ақ мойынсұнбаған. Оған, ең алдымен, төзімділігі мен сабыр­лылы­ғы демеу болды. Екіншіден, өмірге деген құштарлығы күш берсе керек. Біз сөзімізге арқау еткелі отырған Кәріпбек Күйіков тарих парағына қасіретті әріптермен жазылған Семей сынақ полигонына іргелес жат­қан, Қарағандыға қарасты Егіндібұлақ ауылын­да дүниеге келген. Қарағандыдан Егіндібұлақ ауылына дейін 320 километр болса, ал Күйі­ковтердің отбасы қоныстанған ауыл полигон ошағына тым жақын орналасқан-тын. Полигонға жақын орын тепкен ауылдардың тұрғындары бастарына қауіп бұлты болып үйірілген жарылыстарды өз көздерімен көрген. Үйлерінің төбесіне шығып, аспанға көтерілген «саңырауқұлақты» қызықтайтын болған. Бұл залалдың елді мекендердегі ешбір кінәсіз азаматтардың өміріне алапат ауыртпалық алып келетінін олар кейін түсінді. Нәрестелер түрлі аурулармен, психикалық я болмаса физикалық ауытқушылықтармен өмір есігін ашып жатты. Кәріпбек Күйіковтің пешенесіне де осындай тағдыр бұйырды. Ол – өз отбасындағы төртінші бала. Әке-шешесі жаңадан туған нәрестенің екі қолы бірдей жоқ екенін көргенде қайғыдан қан жұтты. Перзентхана дәрігерлері болса, Кәріп­бектің ата-анасына ұлдарынан бас тартуларына кеңес береді. Алайда, кішкене нәрестенің әкесі Телтай: «Бұл – біздің баламыз. Оны өзіміз өсі­реміз», – деп үзілді-кесілді қарсы болды. Кәріпбек Телтайұлы өзінен бас тартпа­ған­да­ры үшін, білім алуына мүмкіндік бергендері үшін ата-анасына өмір бойы қарыздар екенін айтады. «Біздің ауылда мүгедек балалар өте көп еді. Мәселен, біздің үйге іргелес тұрған көр­ші­леріміздің 6 баласы болды. Олардың барлығы түрлі деңгейдегі ауытқушылықпен туған. Әке­ле­рі өз перзенттерін сырт көзге көрсетуге ұялып, олардың далаға шығуына қарсы болып жататын. Ал мен, керісінше, өзім құралпы балалармен асыр салып ойнайтынмын. Ол уақытта өзімнің қандай жағдайда екенім санама мүлдем кіріп те шықпайтын еді», дейді өткен күннің елесіне көз жүгірткен К.Күйіков. Кәріпбек өзінің отбасында, әке-шешесінің жанында 6 жасқа келгенге дейін бірге тұрды. Әкесі Телтай баласына жасанды қол жасатып, өз аяғынан өзі тұрып кететіндей жағдайға жетуін қатты армандаған екен. Осындай арманының жетегімен жүріп, қамқор әке ұлын Алматыға, ондағы Протездеу институтына апарды. «Дәл сол бір тұста Алматыға Ленинградтағы протез­деудің ғылыми-зерттеу институтынан арнайы комиссия келіп жатыр екен. Дәрігерлер мені көріп, «бұл балаға дереу протез салайық» деген тоқтамға келеді. Сосын әкем мені Ленинградқа апарды. Осындағы институтқа жатқызды», – дейді ол. Ол кейіннен осы институтта тұрақтап, қалып қояды. Бұған институттың жанында өзі сынды балаларға арналған арнайы интернаттың болғандығы да әсер етсе керек. Кәріпбек өзінің бойындағы тағдыр «сыйға тартқан» ауыртпалығын жеңілдетерлік бір қа­бі­леті барын ерте түсінеді. Ол – сурет салушылық өнер. Өзінің айтуынша, интернатта оқып жүр­ген кезден бастап-ақ аяғының саусақтарына қыл­қаламын қыстырып алып, сурет салу, мек­тептің қабырға газетін безендіру оған ерекше сезім сыйлайтын. Мұндай жанқиярлықпен сурет салу оның денсаулығына, яғни омыртқасына кері әсерін тигізбей қоймаған. Кейін дәрігер­лер­дің ақыл-кеңесіне жүгінген ол бояу жаққыш қа­ламын тісіне қыстырып алып та сурет салатын болған. Ол өзінің суреттерінің дәл санын тап басып білмейді. «Майлы бояумен салынған суреттерім, мүм­кін, 500-ге жетер. Ал акварельді этюд­те­рім, қарын­дашпен, түрлі-түсті тушпен салған суреттерім мен графикаларым одан да көп», дейді К.Күйіков. Алайда, автордың өзінде олардың аз ғана бө­лігі сақталыпты. Салғандарының басым көпші­лі­гі Жапонияның, Американың, Германияның, Қытайдың, Түркияның және басқа да елдердің мемлекеттік және жекеменшік коллекциялары қорынан орын тепкен. Ол бұл елдерде атом сы­нағына орайластырылып өткізілген көрмелерге қатысу үшін барған екен. 1989 жылы суретшінің өмірінде үлкен өзге­ріс болды. Ол Олжас Сүлейменовпен кездесті. «Невада-Семей» ядролық сынақтарға қарсы қозғалыстың белді мүшесіне айналды. Одан кейінгі жылдар бедерінде Семей ядролық поли­го­ны­ның құрбаны болған суретші жайлы әлемнің көп­теген тілінде аз жазылған жоқ. Кәріпбектің қиын тағдыры мен қылқаламынан туған дүние­лері дүние жүзін мекендеген түрлі ұлт өкіл­дері­нің барлығына бірдей түсінікті болатын. Себебі, олардың барлығы ядролық сынақтардың залал-зардабының айғағы іспетті. Кезінде оған Олжас Сүлейменовтің: «Сен біздің миссия жүгін ар­қа­лаған басты тұлғасың» деуі де тегін болмаса керек. Ол осы бір миссиямен көп елді аралап шықты. Өзі барған елдерінің барлығында да өз қол­таңбасы мен салған суреттері сақталған. «Гер­манияға, Америкаға барған сапарларымда бір көз жеткізгенім, бұл елдерде мүмкіндігі шектеулі жандарға тек мүгедектер күнінде ғана көмек көрсетілмейді. Ол жақта саған кез келген қиын сәтте қолұшын беріп жатады. Бұл нағыз үйренер­лік үрдіс екен», дейді қарағандылық суретші. Кәріпбек Күйіковтің Қазақстанға оралғаны­на біраз жыл болған. Қазір Қарағандыдағы «Ардагерлер үйінде» тұрады. «Елден жырақта жүр­ген уақыт ішінде өзімнің ана тілімді ұмытып қа­лыппын. Туған ауылымның қандай екені де есімнен шығып кетіпті. Біздің еліміздің сондай кең байтақ екеніне көзім жетті. Әйтпесе, мен көп жылдар бойы Ленинградта тұрып, қаланың тас қабырғалары мен биік дуалдарына үйреніп қалғанмын ғой. Ал өз атамекеніме келгенде, Қазақстан даласының сондайлық кеңдігі мен байтақтығына куә болдым», – дейді ол Отанына алғаш келгендегі әсерімен бөлісіп. Ол тағдырына ешқашан өкпе айтып, мұң шағып көрген емес. Керісінше, қатал ағысқа қарсы жүзе білетін жандардың қатарынан. Ал біздің айтарымыз: егер, басыңызға ауыртпалық түсіп, өз өміріңізге өкпе айтқыңыз келсе, Кәріпбек Күйіков сынды азаматтардың барын бір сәт есіңізге алсаңыз жеткілікті секілді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.