12 Қаңтар, 2010

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ – ТӘРТІП

2951 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдық­тарының бірі ретінде белгіленіп отыр. Осыған байланысты елімізде қоғамдағы жемқорлықты жоюға бағытталған жүйелі жұмыстар жүр­гізілуде. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың осы мәселені үнемі назарында ұстауының, оның сая­си жігері мен нақты тапсырмаларының нәти­же­сінде Қазақстанда бүгінгі күні сыбайлас жем­қор­лықпен күрес біршама жетістіктерге алып келді. Жамбыл облысындағы тәртіптік кеңестің хат­шылығы өткен жылы облыс мемлекеттік ор­ган­дарында 225 тексеру жүргізіп заң бұзу­шы­лық­тың 250 оқи­ғасын анықтады. Тәртіптік кеңес отырыстарында 175 тәртіптік іс қаралып, нәтижесінде 173 қызметкер тәртіптік жауап­кершілікке тартылды. Бұл 173 қызметкердің 14-і – саяси мемлекеттік қызметкер, 158-і әкім­шілік мемлекеттік қызмет­кер болса, біреуі орта мектеп директоры. Жазаға тартылған­дардың қатарында облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдардың – 3, аудандық дең­гейдегі 18 бас­шы­сы бар. Сондай-ақ, облыстық деңгейдегі мем­­ле­кеттік орган басшыларының 3 орынба­са­ры, аудан әкімдерінің 3 орынбасары және ауыл­дық округ әкімінің орынбасары жазаға тартыл­ған. Жалпы жазаға тартыл­ған­дардың 6-уы қыз­мет­терінен босатылса, 7-уіне қыз­метіне толық сәй­кес еместігі жөнінде ес­керту жасалып, 7-уіне қатаң сөгіс, 71-уіне сөгіс, 82-сіне ескерту берілді. Жемқорлықпен күреске қарамастан алақол шенеуніктердің саны азаяр емес. Өткен жылы тәртіптік кеңес жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтарға жол берген 31 мемлекеттік қызметшінің ісін қарап, оларға тиісті жазаларын ұсынды. Жүргізілген талдаулар көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық белгілері негізінен халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік құрылымдарда көп байқалады. Атап айтсақ, рұқсат беруші, лицензия, квота, жер беруші, мемлекеттік меншікті жекеше­лендіруші органдарда сыбайлас жемқорлықтың деңгейі жоғары. Олардың орын алуына көп жағдайда қоғамның тарапынан бақылаудың төмендігі және мемлекеттік қызметшілердің төмен моральдық деңгейі себеп болуда. Бұл жағымсыз құбылысты тек жазалау арқылы жою мүмкін емес. Оның табиғатына үңілер болсақ, бірінші кезекте қызметті заңсыз пайда табу көзіне айналдыру жатады. Бұл адамның мемлекеттік қызметке тұрудағы басты мақсаты деп айтсақ қателеспейміз. Қазіргі заңнама талаптары қанша қатал және қызметке тағайындалудың жариялылық және бә­се­ке­лестік жолдарын белгілеген десек те қалыптас­қан жағдай керісінше әсер қалдырады. Мем­лекеттік қызметке орналасу формальді түрде және белгілі бір үміткерді қабылдау үшін ұйым­дастырылады. Жемқорлықтың басы осыдан басталған соң ол қызметке орналасқан маман­ның немен айналысатыны белгілі. Жемқорлыққа жағдай туғызатын тағы бір жай – мемлекеттік қызметке кездейсоқ адам­дардың келуі болып табылады. Біз қызмет ба­ры­­­сында көптеген лауазымды тұлғалардың кә­сіби даярлығының төмендігін және құқықтық сауатсыздығын байқаймыз. Тестілеу нәтижелері де осыны айғақтайды. Өткен жылы аттеста­ция­ланған 1252 қызметкердің 394-і (30%) тестілеу бағдарламасын тапсыра алмады. Бұл мемле­кет­тік қызметте кемінде үш жыл істеген адам­дардың құқықтық сауаттылық деңгейі. Демек, мемлекеттік қызметшілердің үштен бірі рес­публикамыздың негізгі заңдарынан құралған қарапайым сұрақтарына жауап бере алмаған. Тараз қаласының жергілікті органдарын тексе­ру кезінде 43 заң бұзушылық, Байзақ ау­да­нында 37 заң бұзушылық, Жуалы ауданында 11 заң бұзушылық анықталып, оның ішінде 2 қызметкердің сыбайлас жемқорлық құқық бұ­зушылығы, Т. Рысқұлов ауданында 15 заң бұзу­шылық анықталды. Облыстық әділет депар­таментінің және оның аудандық бөлімше­лерінің 25 мемлекеттік қызметкерін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізілді. Олардың бірі — кадр қызметінің қызметкеріне өз құзырындағы мәселелерді шешудің заңда белгіленген тәртіптерін бірнеше рет бұзу арқылы жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа барғаны үшін тәртіптік жаза берілді. Сонымен қатар, Байзақ аудандық әділет басқармасының жетекші маманы өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше атқармағаны үшін қызметінен босатылса, 3 қызметкерге атқарып отырған лауазымдарына сай еместігі жөнінде ескерту жасалды. Денсаулық сақтау басқармасында да тәртіп сақтала бермейді. Оның 5 қызметкері өздерінің қызметтік міндеттерін тиісінше атқармағандары үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, денсаулық сақтау субъектілерінің 85 пайызында еліміздің заңдылықтарында қарастырылған медициналық және арнайы құрал-жабдықтармен, киімдермен жабдықтау жайы талапқа сай келмегені анықталды. Облыс бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес жөніндегі департаменттің мәліметтері бойынша өткен жылы облыс денсаулық сақтау саласында осы сипаттағы бірқатар қылмыстар анықталып, олар бойынша 8 қылмыстық іс қозғалған. Ал облыстық ішкі істер департаментінде өткен жылдың он айында денсаулық сақтау сала­сында заң бұзушылықтың 12 оқиғасы тіркел­ген. Олардың 4-еуі бойынша қылмыстық іс қозғалып, 2-уі айыптау қорытындыларымен сотқа жолданса, 6 оқиға бойынша қылмыс құ­рамы болмағандықтан, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданған. Жалпы, облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқар­масының мемлекеттік тәртіпті және тиісті заң­дылықтарды сақтау, азаматтардың денсаулығын қорғау жөніндегі жұмысы жеткіліксіз деп танылып отыр. Бұл туралы ақпарат агенттікке және облыс әкіміне жолданды. Өткен жылы облыстың прокуратура орган­да­ры тарапынан 20 ұсыныс енгізіліп, тәртіптік жауапкершілікке 26 адамның тартылуы, 7 әкім­шілік іс қозғалуы, қаржы полициясы органда­ры­на 5 іс жолданып, олар бойынша емдеу мекеме­лерінің басшыларына қатысты 2 қылмыстық істің қозғалуы да тәртіптің төмендігін көрсетеді. Жуалы аудандық прокуратурасынан Жуалы аудандық әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметіне ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге көктемгі дала және егін орағы жұмыстарын жүргізуге бөлінген бюд­жет қаражатын жұмсаудың заңдылығы мә­селесі бойынша жүргізілген тексеру барысында анықталған заң бұзушылықтарды жою жөнінде ұсыныс және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаментінің осы маз­мұндағы ақпараты келіп түсті. Бұл құжаттарды саралау барысында Жуалы ауданындағы ве­дом­ствоаралық комиссияның лауазым иелерінің тікелей қолдауымен “Дәулет” шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге субсидияны заңсыз алып, мемлекетке 220 мың теңге зиян келтіргені, сондай-ақ “Досбол” шаруа қожалығына 264 мың теңге субсидия заңсыз қосымша төленгені анықталды. Осы құқық бұзушылықтары үшін ведомствоаралық комиссия мүшелері — аудан әкімінің орын­басары А.Үркімбаев, аудандық ауыл шаруа­шы­лығы бөлімінің бастығы Р.Кунязов, аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы Ж.Бек­мұрзаев, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Ш.Момынқұлов, Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені мемлекеттік инспекция комитетінің ау­дан­дық аумақтық инспекция бастығының орын­басары Р. Жақсылықов, аудандық статис­тика бөлімінің жетекші маманы Б.Сы­патаев тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал, Қы­зыларық ауылдық округінің әкімі Ә.Сәбденбаев пен Қа­расаз ауылдық округінің әкімі Н.Омаров жем­қор­лыққа жағдай туғызатын құқық бұ­зу­шы­лықтарға қайталап барғаны үшін қызмет­терінен босатылды. Бұл қызметкерлердің біздің тара­пымыздан қайталап ұсыныс енгізгеннен кейін қызметтерінен босатылғанын айта кеткен жөн. Адамның құқы мен бостандығын қорғау саласындағы қызметтің пәрменділігі мәселесі облыстық аумақтық басқарма мен тәртіптік кеңестің жұмысындағы басым бағыт болып қалуда. Сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық көріністерінің жолын кесу мақсатында өткен жылы 181 семинар-кеңес өткізілді. Атап айтқанда, қараша айында біздің басқарма облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп, “Мемлекеттік қыз­метке — мемлекеттік тілмен” тақырыбында дөң­гелек үстел өткізсе, желтоқсан айында тәр­тіптік кеңестің бастамасымен облыстық әкім­дікпен, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиа­лымен, облыс прокуратурасымен, ҰҚК облыс бойынша департаментімен, қаржы полиция­сымен және Тараз мемлекеттік универси­тетімен бірлесіп “Жастар жемқорлыққа қарсы” атты дөңгелек үстел шарасы өткізілді. Қазіргі таңда облысымызда 426 мемлекеттік орган жұмыс істейді. 2009 жылдың 1 қаң­та­рын­дағы мәліметтермен салыстырғанда әкімшілік мемлекеттік лауазымдардың штаттық саны 193 бірлікке қысқарған. Іс жүзінде әкімшілік мем­лекеттік қызметкерлердің саны 4986 бірлікті, сая­си мемлекеттік қызметкерлер саны 158 бір­лікті құрап отыр. Облыстағы саяси қызмет­керлердің 3,8 пайызы, әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің 49 пайызы – әйелдер. Облыс бойынша мемлекеттік қыз­метте 25 ұлттың өкілдері жұмыс істейтін болса, олардың 93 пайызы (4782 қызметкер) — қа­зақтар, 3,3 пайызы (171 қызметкер) — орыстар, 3,7 пайызы (191 қызметкер) — өзге ұлт өкілдері. Бір айта кетерлігі, облыста ұлты қазақ мем­лекеттік қыз­мет­шілердің саны басым болға­нына қара­мастан, кейбір мемлекеттік органдар әлі күнге іс жүргізуде ресми тілге көп мойын бұруда. Агенттік алдағы уақытта мемлекеттік қыз­мет персоналын іріктеу, бағалау және дамыту жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызметті негіздеу жүйесі мен мемлекеттік қызметтегі этикалық норма­лардың жемқорлыққа қарсы бағытын күшейту, мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру сынды бағыттар бойын­ша жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр. Әзімхан САТЫБАЛДИН, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Жамбыл облысы бойынша басқарма бастығы — тәртіптік кеңестің төрағасы.