Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Елбасы Н.Назарбаевтың ұйғарымымен Көк түріктердің алтын бесігі – көне, киелі де қасиетті өр Алтайда осындай тақырыппен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция тұңғыш рет өтпек.
Кеше Өскемендегі баспасөз клубында – ТҮРКСОЙ-дың Қазақстандағы өкілі Асқар Тұрғанбаев, Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы Жақсылық Омар, Қырғызстан және Ресейден келген фотожурналистердің қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті.
– Тәуелсіздік алғалы «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық конференция тұңғыш рет өтіп отыр. Мұның алдында Татарстан, Башқұртстан, басқа да бірқатар мемлекеттерде осындай маңызды шаралар болғаны белгілі. Бірінші кезеңде шетелдерден келген он фотожурналист Алтайды аралап, туризмді дамыту, көне қорғандар мен обалар, тарихи жерлерді суретке түсіріп, соңынан Өскеменде фотокөрме ұйымдастырады. 26 тамызда орталық Мәдениет үйінде халықаралық конференция өз жұмысын бастайды. Оған АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Ресейдегі түркі тілдес мемлекеттердің ғалымдары мен тарихшылары қатысып, пікір алмасады. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен шетелдерден келген ресми өкілдер туризмді дамыту, Алтайдың ғаламат табиғатын зерттеу жөніндегі меморандумға қол қоймақ. Ал үшінші кезеңде өр Алтайдың төріндегі Берелде 12 мемлекеттен келген әншілер өз өнерлерін ортаға салады. Бұл жерге 12 киіз үй тігіліп, қазақтың ұлттық спорт ойындары қонақтар назарына ұсынылады. Сондай-ақ, халқымыздың тұсаукесер, сүндетке отырғызу, тоқым қағу, басқа да ұлттық дәстүрінен көріністер көпшілікті қызықтырмақ. Сол күні Берелде бал және қымыз жәрмеңкесі өтеді, – деді Жақсылық Омар.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Шығыс Қазақстан облысы.