Қазақстан • 10 Мамыр, 2017

Отанды қорғау – қасиетті борыш

507 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қазақстан әскері құрылғаннан бастап ширек ғасыр ішінде қарқынды даму жолынан өтті. Әскерді қалыптастырудың негізгі кезеңдерінің артта қалғанына қарамастан, Қарулы Күштерді құру процесі аяқталған жоқ. Қазақстан әскерін одан әрі дамыту ісінде жаңа талаптар мен қауіп-қатерлер мейлінше ескерілуде, бұл ретте, басым міндеттердің бірі өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Қазақстанның қатысуын кеңейту болып табылады. Осы орайда, еліміздің Қарулы Күштерінің жетістіктері, қазіргі жағдайы мен даму перспективалары жөнінде Қорғаныс министрі Сәкен ЖАСҰЗАҚОВПЕН әңгімелескен едік.

Отанды қорғау – қасиетті борыш

– Бүгінде әскеріміздің заманауи кез келген талаптарға лайықты екені белгілі. Сәкен Әділханұлы, ең алғаш құрылған жылдары Қарулы Күштеріміздің алдында қандай қиындықтар кездескенін айтып берсеңіз.
– Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылық етуімен еліміздің Қарулы Күштері 25 жыл ішінде қиын да қарқынды даму жолдарын бастан кешірді. Тәуелсіздікке ие болған сәттен бастап мемлекетіміздің алға қойған басым міндет­терінің бірі еліміздің егемендігі мен аумақ­тық тұтастығын қорғауды қамтамасыз етуге лайықты, уақыт талабына сай қабілетті әскер құру болды.
Көпвекторлы және толеранттылық қағи­даттары негізінде мемлекет құру, даму бағы­тын таңдау Қарулы Күштеріміздің заманауи бейнесін алдын ала анықтады. Қорғану сипатындағы аса маңызды міндеттерді іске асыру үшін Қазақстан әскерін құру қағидаттары алғаш рет 1993 жылы 11 ақпанда қабылданған Әске­ри доктринаға енгізілді. Бұл Доктрина әс­ке­рімізді заманауи дамытудың негізін қалады. 
25 жыл ішінде Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауы мен жеке қатысуының арқа­сында еліміздің жауынгерлік дайындығы жоғары әскері қалыптасты. Қазақстан әскерінің қазіргі деңгейге қол жеткізуі мемлекетіміздің даму стратегияларында, Президентіміздің Жолдауларында және Әскери доктринада елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты көрсетілген мақсат-міндеттерді іске асырудың негізінде мүмкін болды. 
– Әскерімізді қалыптастыру барысында қолға алынған қандай маңызды шараларды ерекше атап өтер едіңіз?
– Құрлықтағы әскерден, Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-теңіз күштерінен құрал­­ған Қарулы Күштердің үш түрлі құры­­­лымы анықталды. Олардың құрамы оңтай­ландырылды және мемлекетке ықтимал әскери қатерлер есепке алына отырып, тиісті міндеттер нақтыланды. Қазақстанның әскери қауіпсіздігі мен қорғанысын қамтамасыз ету міндеттерін жүзеге асыру, басқа әскерлермен және әскери құрамалармен, сондай-ақ, мем­лекеттік органдармен және ұйымдармен өз­ара іс-қимылды ведомствоаралық үйлестіру және ұйымдастыруда Қарулы Күштердің Бас штабының рөлін арттыру үшін оған Қорғаныс министрлігі ведомствосының мәртебесі берілді. 
Құрлық, әскери-әуе және әскери-теңіз компонент­терінің әлеуеті ұлғайтылды, страте­гия­лық бағыттарда дағдарыстық жағдайлар пайда болған кезде агрессия көрсету және міндеттерді шешуге қатысу үшін жоғары дең­гейлі әскери топтар құрылды. Қысқа ме­р­зімде кез келген қауіп-қатерге қарсы жедел әрекет ететін Арнайы операция тобы жасақталды. 
Киберкеңістікте қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл мақсатында Қарулы Күштердің ақпа­раттық күрес компоненті құрылды. Мемле­кеттің аумақтық қорғаныс саласын біріктіру үшін әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ортақ жүйесінде Қарулы Күштер құрамындағы аумақтық әскерлердің басқару органы пайда болды. Ел өңірлеріндегі әскери қауіп-қатерді жедел реттеу бойынша Қарулы Күштердің әуе-көліктік мүмкіндігі артты. 
Қолда бар шағын құраммен әскери құрылым жүйесі құрылды. Ол – әлемдік стандартқа әбден лайық. Құрылымның барлық сатыларын қамти отырып, біз еліміздің әскери оқу орындары арқылы кадрлар дайындау ісін жолға қойдық. Әскери оқу орындарының оқу-тәрбиелік про­цесіне оқытудың заманауи технологиялары енгізілген. Білім деңгейін арттыру, әскери жағдайлардағы іс-қимылға қажетті икемділік пен дағдыға жеке құрамды баулу үшін оқу-әдістемелік база кеңейтілген. 25 жыл ішінде Қазақстан генералдары мен офицерлерінің тұтас буыны өсіп шықты. 
Тәуелсіз Қазақстанның әскері іс жүзінде жаңадан құрылды. Оның қалыптасқан даңқты әскери дәстүрі болды. Қазақстанның алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетов қиын-қыстау кезеңде әскерімізді басқара отырып, оны құру мен дамытуға зор үлес қосты. Оның асқан абыройы жеке құрам арасында әскери әлеуетті арттыру және әскери тәртіпті ны­­ғайтуға көп көмегін тигізді. Ол Елбасының бас­шылық етуімен Қарулы Күштеріміздің негізін қалады. 
Сондай-ақ, еліміздің басты қорғаныс ведомствосын басқарған министрлердің рөлін атап өтпеуге болмайды. Мәселен, Әлібек Қасымов, Сәт Тоқпақбаев, Мұхтар Алтынбаевтың кезінде Қарулы Күштерімізді дамыту бағытында ауқым­ды шаралар жүзеге асырылды. Сол сияқты, Қарулы Күштердің айбынын асыра түсу мақсатында Әділбек Жақсыбеков, Даниал Ахметов, Иманғали Тасмағамбетов сынды азаматтар өз күш-жігерлерін аяған жоқ.
– Ұлттық әскери құрылымды қалыптас­тыруда Қарулы Күштердің ерекше маңызды жетістіктерін атап көрсетсеңіз.
– Білікті мамандардың болуын, сондай-ақ, бәсекеге қабілетті, даярланған жеке кадр­ларды дайындаудың маңызды екені ескеріле отырып, Қарулы Күштер құрылған сәттен бастап әскери құрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Нәтижесінде 25 жыл ішінде Қазақстанда ұлттық әскери кадрларды даярлау жүйесі, Қарулы Күштерді дамытудың баламалы перспективасы қалыптастырылды. Жүйе үзіліссіз білім беру процесін қамтамасыз етеді және Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында көзделген бес деңгейді қамтиды. Олар – орта білім, техникалық және кәсіби білім – магистратура және докторантура, сондай-ақ, қосымша білім – әскери кафедра, қайта даярлау және біліктілікті көтеру.
Орта білімді Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы «Жас ұлан» республикалық мектептері береді. Техникалық және кәсіптік білімді кіші командалық құрамды даярлауды жүзеге асыратын Кадет корпусы береді. Бұл оқу орнын бүгінге дейін бітіріп шыққан 2 700 кәсіби сержант Қарулы Күш­тердің әртүрлі лауазымдарында қызмет етуде. 
Қарулы Күштер әскерлерінің барлық түрлері мен тектерінің мамандары үш әскери жоғары оқу орындарында даярлануда. Құрлықтағы әскерлердің әскери институты Қарулы Күштер үшін әскери кадрлар дайындауда ерекше орын алады. Қарулы Күштердің кіші офицерлер құрамының 70 пайыздан астамы аталған оқу орнының түлектері болып табылады. Инсти­тутты барлығы 12 600 офицер, оның ішінде тәуел­сіздік жылдары 7 300 офицер бітіріп шықты. Институттың 67 түлегіне генерал атағы беріл­ген. Олар қазіргі уақытта Қарулы Күштерде бас­шылық қызметтер атқаруда.
Әуе қорғанысы күштері, байланыс әс­кері, автоматтандырылған басқару жүйе­сі, ақпараттық (кибер) қауіпсіздік саласы үшін мамандар даярлау мақсатында біз Радио­электроника және байланыс әскери-инженерлік институтын құрдық. Институт 10 бағыт бойынша 1 мыңнан астам офицер дайындап шығарды. 
Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институтының да қызметін ерекше атап өтуге болады. Бұл ұшқыштар және инженерлік-техникалық құрам даярлау бағытындағы оқу орны Әскери-әуе күштері үшін ғана емес, сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі үшін де мамандар дайындауда. Институт 1 900-ден астам ұшқыш пен инженерді оқытып шығарды. 
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қор­ғаныс университеті ведомствоаралық оқу-әдіс­темелік орталық болып табылады. Онда жыл сайын 100 офицер, оның ішінде бола­шақ генералдар оқытылып шығарылады. Курс­тық даярлау жүйесі арқылы жыл сайын Қарулы Күштердің, басқа әскерлер мен әскери құрылымдардың 2 мыңнан астам әскери қыз­метшісі мен қызметкері біліктілігін арттырудан өтеді. Ұлттық қорғаныс университетінде Ұлттық ұлан факультетімен қатар, ҰҚК Шекара қыз­меті факультеті құрылды. Биылғы жылы Мем­­лекеттік күзет қызметі факультеті ашы­лады. Университет әлемдегі жетекші жоға­ры оқу орындары тарапынан мойындалған. Ол Оксфорд қоғамдастығы мен Еуразия университеттер қауымдастығына қабылданды. 
Біздің барлық әскери жоғары оқу орындарымызда Қырғызстан, Тәжікстан және Арме­нияның әскери қызметшілері білім алуда, бұл Қазақстанның әскери білімінің биік мәртебесін айғақтайды. Мұнда Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымына мүше мемле­кеттердің шамамен 370 әскери қызметшісі даярланды. 
Тәжірибе алмасу мақсатында біздің 409 әскери қызметшіміз шет елдердегі (Ресей, Қытай, АҚШ және т.б.) жоғары оқу орындарын­да білім алуда. 
Әскери-оқыту резервін даярлауға баса назар аударылуда. Оқыту ісі азаматтық жоғары оқу орындары жанындағы 29 әскери кафедрада жүргізілуде. Жыл сайын әскери кафедралар 3 700-ден астам офицер даярлайды.
Еліміздің әскери оқу орындарында кәсіптік біліммен қатар, қызметшілер мен әскери қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін көтеру курстары қарастырылған. Осы арада Мем­лекет басшысының «Қазақстан әскери істің әртүрлі саласы бойынша бірінші топтағы сержанттардан генералдарға дейін әскери кадр­ларды даярлаудың толық циклы құрылған аз ғана мемлекеттің бірі болып отыр», деп атап көрсеткенін еске сала кетейін. 
 – Еліміздің кәсіби әскерін жасақтау барысында қандай тиімді тәсілдер қолданылды?
– Әскердің әлеуеті Қарулы Күштердің сапа­сына тікелей байланысты. Қарулы Күштер қызметінің барлық саласы әлемдік тәжіри­беге негізделіп дамуда. Қазіргі уақытта Қарулы Күштеріміз аралас тәсілмен, яғни әскери шақыру және келісімшарт бойынша жасақ­талуда. Бұл ретте, сержанттар мен сарбаздар құрамының 70 пайыздан астамын келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілер құрайды. Ал қалған 30 пайызын әскери мін­деттілер құрайды. Ал офицерлер корпусын айтар болсақ, олардың 82 пайыздан астамы әскери істің кәсіби шеберлері болып табылады. 
Әскерді жасақтаудың бұл тәсілі мейлінше тиімді болып келеді. Сондай-ақ, ол өз кезегінде Қарулы Күштердің жауынгерлік жоғары әзірлігі мен қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. 
Міндеттілерді әскерге шақыру мобили­зацияланған ресурсты толықтыру, сондай-ақ, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, жұмыс­пен қамту және келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді іріктеу мәселелерін шешеді. 
– Осы 25 жыл ішінде Қарулы Күштерімізді қару-жарақ және әскери техникамен қам­тамасыз ету бағытында атқарылған жұмыс­тар жөнінде айтып өтсеңіз. 
– Тәуелсіздіктің 25 жылында әскерді қару­ландыруға заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың шамамен 4 300 бірлігі сатып алынды. Сондай-ақ, осы аралықта бұрыннан бар құрал-жабдықтар мен әскери техникалардың 1 200 бірліктен астамы жөндеуден өткізілді және қайта жаңғыртылды. 
Құрлықтағы әскерге заманауи түрлі радио­электронды барлау техникалары, әскери брондалған машиналар мен бронды транспортерлер, ракеталық-артиллерия қару-жара­ғы, ауыр оқ ату жүйелері, ұялы байланыс ке­шендері, радиациялық, химиялық және био­ло­гиялық қатерлерден қорғайтын отандық маши­налар, жанар-жағармай тасымалдайтын тех­ни­калар, далалық госпитальдар алынды.
Еліміздің Әуе қорғаныс күштері 4++ Су-30СМ заманауи жойғыш ұшақтармен, өз санатындағы ең таңдаулы С-295 әскери-көліктік және оқу-жаттығуға арналған Zlin ұшақтарымен, ЕС-145, Ми-171Ш тікұшақ­тарымен, Ми-35М әскери-көліктік тікұшақ­тарымен толықтырылды. Сондай-ақ, әуе шабуы­лына қарсы қорғаныс техникалық паркі жаңартылды. Әуе шекараларын қорғау бойынша әскери кезекшілікті жүзеге асыру үшін сенімді С-300ПС, С-200, С-125 зенит­тік-ракеталық және отандық «Нұр» радиотехникалық кешендері орнатылған. 
Біздің елімізге Каспийдің ең ұзын теңіз шекарасы тиесілі. Оны ыждағаттылықпен қорғау қажет. Біз ұлттық Әскери-теңіз күштерін құр­дық және оны қарқынды дамытудамыз. Қазіргі таңда Қазақстанда әскери маңызы зор корабльдер мен кемелерді жасап шығару жолға қойылған. Орал қаласындағы «Зенит» зауыты еліміздің теңіздегі шекараларын күзету үшін бүгінге дейін 25-тен астам корабль мен кеме шығарып, олар өз деңгейінде қызмет көрсетуде. 
Біздің Қарулы Күштеріміз бүгінде заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жаңғыртылған, мемлекеттің қорғаныс жүйесін қамтамасыз ететін жоғары мобильді әскерден тұрады. 
– Қазіргі уақыт сұранысына сәйкес әскери даярлық деңгейін арттыру бағы­тында нендей жоспарларыңыз бар? Бүгінгі таңда әскери қауіпсіздік бойынша қандай мәселелерге ерекше көңіл бөлініп отыр?
– Қазіргі уақытта Жоғарғы Бас қолбас­шының 2011 жылғы Әскери доктринада көрсетілген мемлекеттің әскери ұйымын кешен­ді дамытудың негізгі шаралары шең­берінде Қарулы Күштерге қойған міндеттерінің басты бөлігі іске асырылды. Жаңа Әскери доктринада көзделгендей, алдағы уақыттағы кезеңге Қарулы Күштерге Жоғарғы Бас қол­басшы қойған міндеттер төмендегідей:
– әскери жоспарлау жүйесін жетілдіру;
– Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігі және қорғанысын қамтамасыз ету саласында мемлекеттік және әскери басқаруды орта­лықтандыру мақсатындағы Ұлттық басқа­ру орталығын құру;
– ракеталық шабуылдау жөніндегі алдын алу жүйесін дамытуды жалғастыру;
– елдің әскери және әскери-экономикалық әлеуетіне сәйкес, ақпараттық-психологиялық және бағдарламалық-техникалық ықпал етуге баламалы жауап беру үшін киберқауіпсіздік бөлімшелерінің мүмкіндігін күшейту; 
– мемлекеттің аймақтық қорғанысын қалыптастыруды қайта құру; 
– автоматтандырылған басқару жүйелеріне Қарулы Күштердегі әскерлер, қару-жарақ пен ресурстарды енгізуді жалғастыру;
– өңірлік қағидат бойынша Қарулы Күштерді, басқа әскерлер мен әскери құрылымдарды қалып­тастыруда материалдық-техникалық қамтамасыз ету процесін біріктіруді аяқтау және басқа да мәселелер. 
– Әскеріміздің халықаралық рейтингтегі көрсеткіші жылдан жылға жақсара түскендігі жасырын емес. Global Firepower ұйымының рей­тингіне сәйкес, біздің әскеріміз 2017 жы­лы әлемдегі барлық әскерлер арасында 53-ші орын­нан көрінді. Қазақстан әскери әлеуе­тін одан әрі қаншалықты күшейтетін болады? 
– Қарулы Күштерімізді одан әрі дамыту, әскери дайындықты жоғары деңгейге жеткізу, сондай-ақ, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысу үшін мүмкіндіктерді кеңейту күн тәртібінен түспейді. Осы орайда, мемлекеттің әскери қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлерді бағалау және болжау негізіндегі міндеттерді нақтылау; Қарулы Күштердің құрамы мен құрылымын бүгінгі таңдағы түрлі әскери қақтығыстардың өзгерген сипатын ескере отырып жаңғырту; құрлықта, теңізде, әуе-ғарыштық және ақпараттық кеңістікте қарсыласқа қарсы іс-қимыл жасау үшін стратегиялық бағыттардағы әскерлердің түра­ралық тобын құруды аяқтау, сондай-ақ, қорғаныс мақсатындағы стратегиялық бағыт­тарды аумақты жедел жабдықтау жүзеге асырылатын басты шаралар болып табылады. 
Сөзімнің соңында «Егемен Қазақстан» газеті арқылы Қарулы Күштердің әскери қыз­метшілерін, ардагерлерін, Отанымыз­дың барлық азаматтарын даңқты Қарулы Күш­тері­міздің 25 жылдығымен және Ұлы Отан соғы­сындағы Жеңіске 72 жыл толуымен құт­тық­тағым келеді. Соғыс ардагерлері мен тыл, Қарулы Күштер еңбеккерлеріне, Отанымыздың бүгінгі айбынды қорғаушыларына зор денсау­лық, отбасылық береке, қажымас қайрат тілей­мін! Еліміз және оның айбынды Қарулы Күш­тері дами берсін! 

Әңгімелескен 
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»