Тарих • 29 Мамыр, 2024

Қазақ неге аштыққа ұшырады?

7276 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Жыл сайын қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында аштық мәселесі түрлі ғылыми-практикалық конференцияларда, кездесулерде, дөң­гелек үстелдерде, тағы басқа іс-шараларда жиі көтеріледі. Қазақ жерін­де аштық неге орын алды, оған қандай факторлар себеп болды, жалпы сол жылдары Кеңес одағын қамтыған қуғын-сүргін не үшін ұйым­дастырылды деген ­сауалдар жиі қойылады.

Қазақ неге аштыққа ұшырады?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Бұл сұрапыл сұраққа, әлбетте, бір­ауыз сөзбен жауап беру қиын. Көбіне­се қуғын-сүргін­нің, аштықтың зарда­бы кеңінен айтылады. Бірақ салдарына емес, себебі­не тереңірек үңілу керек. Бұл мәселе посткеңестік кеңістік елдерінің бәрін­де дерлік көтеріліп, әрқайсысы өз та­рихының ақтаңдақ беттерін жаңаша жа­зып, күрделі, күмәнді тақырыптарды қайта қарап жатыр.

Елімізде де аз айтылып, аз жазыл­ған жоқ. Себебі қуғын-сүргіннен де, аштықтан да қазақ елі, қазақ халқы адам айтқысыз зардапқа ұшырады. Кеңес одағының сол жылдары жүргізген саясаты, мерзімдік шаралары, қабыл­да­ған қаулы, қарарлары елді аштыққа әкелді.

1927 жылғы желтоқсанда байлар ша­руашылығын тәркілеу (кәмпескелеу) туралы заң дайындау үшін арнайы комиссия құрылды. Арада жарты жыл­дан астам уақыт өткенде, 1928 жыл­ғы 27 тамызда «Байлардың ша­руа­шы­лы­ғын тәркілеу туралы», одан кейін 13 қыркүйекте «Тәркілеуге қарсы­лық көрсеткені үшін қылмыстық жауапқа тарту және ірі, жартылай ірі феодал­дарды көшіру туралы» екі қаулы қабыл­данды. Осы құжаттар негізінде ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ қоғамының шаруашылық жүйесіне соққы берілді. Большевиктік билік ел ішін таптық бө­лінуге, жіктелуге итермелеп, ынталан­дырып отырды. Қалыптасқан ұлттық бірлік, рулық-туыстық негізінде құ­рыл­ған шаруашылық жүргізу жүйесі бұзылды. Кеңестік өкімет кедей-кеп­шік­тен шыққан белсенділерді байлар­дың шаруашылығын тәркілеуге, оларды қоғамнан шеттетуге, қазақ қоғамындағы ықпалды тұлғаларды барлық саладан ығыстыруға пайдаланды.

Кеңес өкіметі Қазақстанда 700 ірі шаруашылықтың мал-мүлкін тәркі­леу­ді алдын ала жоспарлады. Малы­мен қоса бау-бақша, ауыл шаруашылы­ғы құ­рал­дары да – соқа-сайман, арба, шана, байлар иелігіндегілердің бәрі-бәрі тәркіленді. Жалпы 145 мың бас мал тәркіленіп, 619 отбасы тұрған жер­лерінен, атақонысынан күштеп кө­шірілді. Байлардың мал-мүлкін тәркі­леу олардың кедей туыстарының қолы­мен жүргізілді. Осылайша, қазақтарды өзара араздастыру, олардың арасын­да таптық ұстаным негізінде іріткі салу ­саясаты тереңдей түсті.

1928 жылғы 27 тамыздағы Қазақ АКСР ХКК және ОАК қаулысы бойын­ша жер аударылуға жататын адамдар­ды көшіру үшін аудандарды айқын­дау туралы ҚАССР ХКК №82 қау­лысы шығып, соған сай Жетісу және Сыр­дария округтерінен Орал округіне, Орал­дан Жетісу округіне, Гурьевтен Петропавл округіне, Қарқаралыдан Қостанай округіне, Семейден Сырдария округіне, Павлодар, Петропавлдан Ақтөбе округіне, Қызылордадан Адай округіне, Ақмоладан Гурьев округіне, Ақтөбеден Қарқаралы округіне, Қоста­найдан (Торғай) Семей округіне көшіру, нақтырақ айтсақ жер аудару жоспа­ры бекітілді.

1916 жылғы көтерілістен кейінгі би­­­лік­тің ауысуы, қызыл мен ақ болып ар­па­лысқан аласапыран, 20-жылдар­дың басындағы аштықтан әлі еңсесін көте­ре алмаған халық тағы саяси шаралар толқынының астында қалды. Ақиқа­тын айту керек, осы жылдары билікті қолы­на алғанымен, большевиктік үкіметтің де жалпы экономикалық жағдайы мәз емес еді. Кеңес одағындағы саяси дағда­рыс, экономикалық қиыншылық, ішкі және сыртқы жағдай шетін шараларға итермеледі.

Кеңес одағында азық-түліктің жетіс­пеушілігі айқын байқалды. 1928 жылы желтоқсанда Саяси бюро индустриал­ды орталықтардың әкімшіліктеріне нанға карточка енгізу талабын қойды. Көп ұзамай, 1929 жылғы ақпанда Кеңес одағының барлық аумағында нанға карточка енгізілді.

Арада шамалы уақыт өткен соң, 1929 жылдың шілдесінде етке карточка ен­гізілді. Ал қазан айында нан, жарма, ет, май, қант, шай мен жұмыртқа­ның жетіспеушілігі айқын сезіліп, бәрі карточкамен беріле бастады. Сон­дықтан азық-түлік жетіспеушілігі жағ­дайында Мәскеу Қазақстанда ет дайындау жұмыстарына ерекше мән беріп, батыл, белсенді түрде жүргізу қажет деген талап қойды.

Осы уақытта орталыққа көрінудің мүмкіндігін құр жібергісі келмеген ҚК(б)П хатшысы Филипп Голощекин «Қазақстан одақта ет дайындаудың не­ғұрлым ірі аймағы» деп, «ет дайындау­да Мәскеу бекіткен жоғары межеге еш­қандай қарсылық көрсетпей орындау» талабын қойды.

1931 жылдың қысында осы мақсат­пен Қазақстанға Халық комиссары А.Микоян арнайы келді. Ол 1931 жыл­­ғы қаңтарда Алматыдан Сталин мен Молотовқа телеграмма салды. Теле­грам­мада «План мясозаготовок вопреки утверждениям Казахстана… скорее переуменьшен, чем переувеличен. Гос­план Казахстана оперируют… и до­казы­вает переувеличенность плана мясо­­заго­товок. На деле громадные коли­чества ­неучтенного скота…» деп жазды. Сонымен қатар А.Микоян тез арада Қа­зақстанда мал сою пункттерін құрып, со­йылған малдарды Ресейге кідіріссіз жөнелту қажеттілігін талап етті.

Елдің ертеңін ойлаған, шаруашы­лық саласын білетін мамандар өз бас­тарына қатер төнуі мүмкін екендігіне қарамастан, Қазақстаннан шамадан тыс мал алу, сою алапат жағдайға душар қы­луы мүмкін деп, қарсылық таныт­ты. Бірақ Микоянның «...есепке алынба­ған орасан көп мал бар» деп Мәскеуге бер­ген телеграммасынан соң қысым кү­шейіп, мал сою пункттері салы­нып, елден жиналған малды сою қарқын алды.

Большевиктік билік ел ішіндегі азық-түлік дағдарысын шешу және шетел­ден өндіріске қажетті технология алу үшін ет дайындау жоспарын күрт өсірді. Қазақстанды ет дайындау базасы ретінде қарастырған орталық шектен тыс, өте көп ет дайындау жоспарын бекітті. 1930–1931 жылдары Қазақстанға 493 500 тонна ет өткізу жоспарын берді. Екінші орындағы Украина 434 800 тонна, ал үшінші орындағы Солтүстік Кав­каз 226 700 тонна өткізуге тиіс болды. Ал қазіргі Орталық Азияның үш мем­лекеті – Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан небәрі 66 200 тонна өткізуі керек болды. Қырғыз Республикасына бекітілген ет дайындау жоспары тіптен аз еді.

Егер жоғарыда келтірілген, Қазақ­стан­ға берілген жоспар – 493 500 тонна етті мал басына шағып талдау жаса­сақ, сол жылдардағы есептеу тәртібі бо­йынша, бір қой шамамен 24-25 кг таза ет береді деп есептелді. Сонда қарапайым есепке салсақ, 493 500 тонна ет 20 млн шамасындағы мал екен. Тек қана бір жыл­дың тапсырмасы бойынша 20 млн мал өткізілуге тиіс болды.

Италиялық ғалым Никколо Пиан­чоланың ғылыми еңбегіне сүйенсек, 1931 жылдың ақпан-наурыз айларында Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысына жеткізілген еттің 53,9 пайызы, Ленин­град қаласы мен Ленинград облы­сына жеткізілген еттің 43,3 пайы­зы Қазақстаннан әкелінді. Мәскеу мен Ленинградтан басқа РСФСР-дің аймақ­тарына жеткізілген еттің 57,5 пайызы Қазақстаннан болды. Ал осы уақытта қазақ жерінде аштық дендеп, халық аштан қырылды. Қайтсек аман қаламыз деп, жан сақтау үшін ел атақонысынан көтеріле босып кетті.

Жоғарыда келтірілген дерек 1930–1931 жылдарға қатысты. Бірақ ет өткізу аштық белең алған 1932–1933 жылдары да бәсеңдеген жоқ. 1929 жылмен салыстырғанда 1933 жылы Қазақстанда мал басы 90%-ға азайды.

Ет салығының ауыртпалығына қо­са, осы кезеңді зерттеген ғалымдар ең­бе­гі­не сүйенсек, жүн салығы, тұяқ са­лығы секілді, тағы басқа 16 салық түрі болды. Мұның бәрі қолындағы малына қарап отырған ауыл қазақтарына
ауыр тиді.

Ет дайындау шарасымен қатар, осы жылдары астық дайындау жоспары да үнемі өсіп отырды. Елімізде 1929 жылы – 37,8 млн пұт, 1930 жылы – 40,7 млн пұт, 1931 жылы – 40,4 млн пұт, 1932 жылы 45,3 млн пұт астық алынды.

1931–1932 жылдары аштық кәріне мініп, шарықтау шегіне жеткен кезде, елді аштық жайлап, халық қырылып жатқанда, ет дайындау жоспары секіл­ді, астық дайындау жоспары да төмен­деген жоқ.

Сол жылдардағы архив құжаттары­на назар аударсақ, жиналған астықтан халыққа ештеңе де, бір түйір дән де қалдырмай, тұқымдыққа да қалдыр­май толық жинап алып кетіп отыр­ған. Бір­қатар шаруашылыққа, шаруа­ға берілген тапсырма жиналған ас­тық мөлшерінен бірнеше есе көп бол­ған. Шыдамы таусылған халық, арнайы астық дайындауға жіберілген өкілдер­дің өздері де Сталинге тікелей хат жаз­ған. Айталық, село тұрғындарының тап­­сыруымен 1931 жылдың желтоқса­нын­­да колхозшы Соколова Сталинге былай деп хат жазды: «Біз, осы хатпен Қазақстанның колхозшылары, Шың­ғырлау ауданында астық дайындау жұ­мыстары қалай жүріп жатқанын мә­­лімдеп отырмыз. Астық дайындау­да «Победа» колхозында жалпы өнім не­бәрі 166 центнер болса, астық дайын­дау жоспары 322 центнер. Атқару ко­митетінен келген өкіл барлық астық­ты, бір түйір де дән қалдырмастан эле­ва­торға жөнелтті…».

Бұл Батыс Қазақстандағы ғана жағ­дай емес, елдің барлық ауданына тән болды. Осындай хаттың бірін Сталинге 1932 жылдың қаңтарында Қостанай облысының, Обаған ауданына арнайы өкіл ретінде жіберілген В.Твердохлебов те жазыпты: «Мен жұмысшымын, 1917 жылдан бері партия мүшесімін. Биыл егіншілік аудандарына жіберілдім. Астық тапсыру жоспары шамадан тыс жоғары, жалпы жиналған өнімнен де артық. Оларды жүзеге асыру негізі­нен колхозшылар мен жеке шаруалар­дың барлық астығын тәркілеу арқылы жү­зеге асырылды. Сіздің атыңыз­дағы коммуна 5070 центнер астық жинаса, мемлекетке соның 4700 центнері тапсырылды. Мың коммунар бар, олар тағдырдың тәлкегіне қалды. Мен келген­де жұмысшылар қолында азық-түлік үшін де, тұқымдыққа да астық бол­ған жоқ. Колхоздарда аштық­тан ісіну жағ­дайлары байқалуда. Қазақ­тар ешқандай азық-түліксіз, тамақсыз қалды».

Осылайша ет және астық дайындау науқаны қазақ жерінде аштықтың тууы­на, халықтың тоз-тоз болып, бас қамы үшін босып кетуіне әкелді. Аш­тыққа душар еткен басты факторлар осы ет және астық дайындау шаралары еді. Соны­мен қатар аштықтың тууы мен белең алып кетуіне тағы қандай субъективті ­факторлар әсер етті деген сұрақ жиі туады.

Бірінші фактор – Голощекин тұл­ғасы. Бұл факторды оның кінәсі жоқ, ол партия мен үкіметтің тапсырмасын орындады деп теріске шығаруға немесе төмендетуге болмайды. Голо­щекин елдің апат аранына түсіп бара жатқанына қарамастан, партия мен үкі­меттің тапсырмасын мүлтіксіз орындады. Қазақстанға 1925 жылдың қазанында келіп, 1933 жылдың ақпанына дейін қыз­мет істеген Филипп Исаевич Голо­щекин осы аралықта революцияға дейін қалыптасқан, қазақ қоғамын­да ықпалды болған қазақ зиялыларын ғана емес, революцияның жағында болып, кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқандардың өздерін де тұқыр­тып, биліктен шеттетті. Голощекиннің айтқанына көніп, айдауына жүргісі келмейтін Смағұл Сәдуақасұлы секілді ұлт­шыл азаматтар елден ығыстырылды.

Қазақстанның аштыққа душар бо­луының екінші факторы – Голо­ще­кинмен бірге билікте болған қазақ боль­шевиктері. Олар халық қолындағы ма­лынан айырылса, аштыққа душар болатынын, шыбындай қырылатынын болжай алмады. Ал білгендерінің, се­зін­гендерінің елдің мүддесін қорғап бір­ауыз сөз айтуға, Голощекинге қарсы тұруға батылдары жетпеді. Бірқатары коммунистік партияның жолы дұрыс, ұлы істер жолында құрбандықтар болады деп санады.

Үшінші фактор – ұлт мүддесін басты орынға қоятын Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды қазақ зиялылары бұл кезде ОГПУ-дің бақылауында болды, сотталды немесе жер аударылды.

Төртінші фактор – Мәскеудің ет дайындау, астық дайындау қысымы өте жоғары болды. Қазақстанға Ресейдің өндірістік қалаларынан осы науқанға арнайы жіберілген өкілдердің көпшілігі өз міндеттерін қаталдықпен атқар­ды. Большевиктік партия ісінің дұрыс­ты­ғы­на сенді, өз міндеттерін беріле, бұлжытпай орындады. Халықтың аш­тыққа душар болып, қырылып жат­қандарын көргендердің бірен-сараны болмаса, көпшілігінің батылы жетіп айта алмады. Оларда да қорқыныш пен үрей болды.

Күштеу органдары наразылық біл­дір­ген халықты аяусыз басып, жанышты. Шарасыз халық шекарадан өтіп кет­пек болғанда, қарулы әскер қарсы алды не соңына түсті, қуғынға, қырғынға ұшыратты.

Осы арада басы ашық бір сұрақ туады: қазақ жерінде геноцид, яғни ұлтты, халықты тұтастай немесе оның бір бөлігін жойып жіберу болды ма, әлде қазақтардың тең жартысы­нан астамының қырылуы кеңес өкіметі мен коммунистік партияның қателігі ғана ма еді? Қазақстан тарапы Украина секілді аштықты геноцид деп тану туралы мәселе қойған да, көтерген де жоқ. Ал жай ғана қателік болды дейін десек, 30-жылдары қазақтардың басты тіршілік көзі – малдарын тартып алып, со­йып, Ресей қалаларына жөнелт­кен­­де, Қазақстанда ғана емес, жалпы Кеңес одағы билігінде отырғандардың ма­л­ы­нан айырылған халықтың қыры­ла­тын­дығын білмеді ме деген сұрақ туады.

Малдың 90 пайызынан, халықтың ­­тең жартысынан айырылуға әкелген ­жал­пы мемлекеттік деңгейдегі шараны қа­лай бағалауға болады? Геноцид пе, әлде боль­­шевиктік биліктің жай ғана қате­­лігі ме? Ұлттың тұтастай немесе бір бөлі­­гі­нің құрып кетуіне әкелетін жағдай­­ды ту­ғызу геноцид деп аталатынын ­еске түсірсек, тіршілік көзі – малынан ­айы­рылуы қазақты аштыққа ұшы­рат­ты. Аштық­тан қырылған қазақ­тың санын зерттеуші­лер 2 млн адамнан 4,5 млн адамға дейін деп көрсете­ді. Бір ақиқаты – аштық­тан халық көп қырылып, қазақ жері қаңырап қалды. Ұлттың толық немесе ішінара жойы­лу қаупі туды. Жалпы, қазақ халқы кеңес жылдары бір емес, екі аштықты басынан өткізді, қуғын-сүргінді көрді. Жан сауғалап Өзбек­стан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы, Ресей, әрісі Қытай, Моңғолия, Иран, Пәкістан, Үндістан, Түркия елдеріне босып кетті. Шекарадан өту кезінде қаншамасы қырылды.

Қанша дегенмен, жарым-жартылай атқарылған шара ешқашан толық, тиімді нәтиже бермейді. Сондықтан аштыққа терең, ғылыми талдау жасалып, негізді, ауқымды баға берілмей, атқарылған жұмыс, жүргізілген зерттеу жартылай, бір жақты күйінде қалады.

Президент Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан ке­йін, соңғы жылдары ішінара ғана айтылып, зерттеу біраз бәсеңдеген 1921–1922 және 1931–1933 жылдардағы аштық мә­селесі қайта көтеріліп, кешенді зерттеу жұмыстары қайта жанданды.

Прези­денттің 2020 жылы 24 қара­ша­дағы №456 «Саяси қуғын-сүргін құр­бан­да­рын толық ақтау жөнінде мемлекет­­­­тік комиссия құру туралы» Жарлығы ­өзек­­ті мәселенің қайта көтерілуіне ықпал етті.

Тағы да бір айта кететін жай, Қазақ­стандағы аштық мәселесі қазіргі уақыт­та отандық немесе посткеңестік кеңістік ғалымдарының ғана емес, шетелдік мамандардың да зерттеу нысанына айналды. Аштыққа қа­тысты алғашқы еңбектердің бірі Р.Кон­квестің «Қасірет қырманы» (Жат­ва скорби) еңбегі болса, соңғы жыл­дары америкалық ғалым Сара Кэме­ронның «Аштық жайлаған дала», неміс ғалымы Роберт Киндлердің «Сталиндік көшпелілер» еңбегі қазақ тіліне аударылып басылды. Жоғарыда аталған Никколо Пианчоланың ғылыми еңбектері көп жайдан хабар береді. Әлем елдерінің танымал ғалымдары да қазақ жеріндегі аштықты бірнеше аспектіде зерттеуге кірісті. Сол тұрғыда бізге де, шынайы бағалау, таразылау маңызды.

 

Құрманғали ДАРКЕНОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры