Қазақстан • 10 Мамыр, 2017

Әскери маман дайындау – жауапты іс

321 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылорданың ыстық даласында күннің аптабына арқаңды тоса жүріп қиялдаған балаң арман биікке жетеледі. Аптапта менің көз алдыма телегей көк теңіз, одан ескен салқын самал елестейтін, беймәлім бір теңіз әлемі шақырғандай болатын, – деп бастады өзі туралы әңгімені Ақтау әскери-теңіз базасы оқу орталығының бастығы, капитан-лейтенант Самат Дастан.

Әскери маман дайындау – жауапты іс

Сыр елінде туылған өрен әскери саладағы қадамын 2001 жылы Шымкент қаласындағы республикалық әскери мектеп-интернатта оқудан бас­тайды. Екі жылдан соң Түр­киядағы әскери-теңіз учили­щесіне қабылданып, оның қа­бырғасынан бес жылдан соң «Кеме құрылысы инженері» мамандығын алып шығады. Ар­ман қуалаған жас одан әрі Түрік еліндегі оқу орындары мен кемелерде біліктілік көте­ру мақ­сатында курстардан өтеді. Елге оралған әскери ма­­ман «Өжет» шағын күзет кеме­­сіне электрмеханикалық-жауын­герлік бөлімге командир болып тағайындалады да, артынша 21814 әскери бөлімі командирінің электр механика бөлімі бойынша орынбасары болып қызметке кіріседі. Жұ­­мыс­қа жауапты жас көп ұза­май электр механикалық қыз­меттің аға офицері ретінде ке­мелерге қызмет көрсету, құру және жобалау-жасақтау жұ­мыстарымен айналысады. 
– Қызмет мені қызықтыра түскенін ұқтым да одан әрі бі­лім алып, білігімді тереңдете түсу керек деп шештім. Осы ой­мен Түркиядағы Әскери-теңіз күш­тері академиясына әскерді әкімшілік басқару мамандығы бойынша оқуға түстім. Содан кейін суда іздестіру және іздеу-құт­қару қызметінің бастығы болып тағайындалдым. 
Әскерде қызмет ету әрбір ер адамның парызы деп білемін. Рас, 90-шы жылдардағы дағ­дарыс келмеске кетіп, қазір әскери сала қайта өз биігіне көтерілді деп ойлаймын. Оның себебі, еліміз дағдарыстан шық­­ты, әскерилерге жақсы жағ­дай жасалды, саламыз аяғы­нан тұрды. Енді Отаны­мыз­ды дамыту, қорғау – біздің мін­детіміз, – дейді С.Дастан. 
Қай қызметте де өзін ұйым­дастыру қабілетінің жоға­рылығымен таныта білген Самат қазір 29011 әскери бө­лімі оқу орталығының бас­тығы. Оқу орны – еліміздегі Қазақстан Республикасы Қаурлы Күштері Әскери-те­ңіз күштері құрамына кіші басшылық құрам және теңіз мамандарын дайындаумен айналысатын бірден-бір оқу орны. Алғашында орталық әскер қатарында әртүрлі жағ­дайлармен қызмет ете алмаған 27 мен 32 жас аралығындағы жігіт­тер­ді қабылдап, оларды Қару­лы Күштердің танк және мото­атқыштар бөлімшелеріне дайын­даумен шұғылданды. Олар әскери алаңдарда бо­лып, қарумен жұмыс жасап үй­ренді, әскери техникалармен танысты және ұрыс кезінде әр­түрлі жағдайларға дайын болу жолдарын үйренді. Үш жыл ішінде оқу орталығында Маң­ғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан өңірлерінен келген 700 жігіт атқыш, пулеметші, гра­ната лақтыру салалары бо­йынша оқып шықты.
Келісімшарт бойынша жұ­мыс істеушілер кіші кеме қыз­меткері мамандығы бойынша дайындықтан өтеді және қыз­метке тағайындалады. Бұл тұр­ғыда орталық еліміздің Қа­ру­лы Күштері құрамын көбей­ту және жастарды жұмыспен қам­ту сияқ­ты екі бірдей бағытты қатар жүзеге асырып келеді. 
Отбасында екі бала тәр­биелеп отырған Самат Алмат­ұлының болашаққа сенімі мол. Қазақ, орыс тілдерімен бірге түрік және ағылшын тілдерін меңгерген ол әлем елдерімен тәжірибе алма­са алу үшін бірнеше тіл білгенді жөн санайды. Самат сөз соңында қазақ жастарының елімізді қор­ғау үшін білімді, шынық­қан шымыр болуы қажеттігін ма­ңызды деп білетіндігін жеткізді. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы

Соңғы жаңалықтар