Жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылар, сонымен қатар, Армения, Грузия, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінен келген барлығы 280-нен астам жас балуан бақ сынады.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі лазерлік шоумен басталып, арнайы келген құрметті қонақтардың тілегімен жалғасты. ҚР Спорт және мәдениет министрлігінің бас хатшысы Қуатжан Уалиев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының жүлдегері Дәулет Тұрлыханов жас балуандарға алғысын білдіріп, сәттілік тіледі. Олар даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровті 1984 жылдан бастау алған дәстүрлі турнирімен құттықтап, «Hyundai Creta» темір тұлпарын сыйға тартты.
Екі күнге созылған бәсекеде қазақ палуандары 5 алтын, 6 күміс және 9 қола медальды еншілеп, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Жалпы жарыс қорытындысы бойынша жауырыны жерге тимеген Алпамыс Дастанбек (Қазақстан, 50 кг), Ернұр Фидахметов (Қазақстан, 55 кг), Ернар Фидахметов (Қазақстан, 60кг), Мерей Бекенов (Қазақстан, 66кг), Бека Мамукашвили (Грузия, 74 кг), Темури Цкуаселидзе (Грузия, 84 кг), Елмар Укали (Қазақстан, 96 кг), Звиади Патаридзе (Грузия, 120 кг) сынды балуандар алтын жүлдегер атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль, сондай-ақ, бағалы ұялы телефондармен марапатталды.
«Біз өмірімізді спортқа арнадық, мақсаттарымызға жету үшін аянбай еңбек еттік. Елбасы мен еліміздің қолдауының арқасында осындай нәтижеге жетіп, халықтың үмітін ақтадық. Мемлекетіміз спорттың дамуына барлық жағдай жасап отыр. Спорттық алаңдар мен спорт түрлерінен тегін секциялар көптеп ашылып жатыр. Мұның барлығы ел бірлігінің арқасында. Бауыржан Байбек мырзаға осы турнирді ұйымдастыруға көмек көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Турнир тек мен үшін емес, сіздер үшін, балалардың болашағы мен өсіп келе жатқан ұрпақ үшін. Жас палуандарымыздың халықаралық додаларда жоғары дәрежеде өнер көрсетіп топ жаруына тілектеспін», деді Жақсылық Үшкемпіров.
Аталған турнир Алматы қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақстан күрес Федерациясының қолдауымен грек-рим күресін жастар арасында дәріптеу, көршілес елдер спортшылары арасында достық қарым-қатынасты нығайту, «ҚР спорт шебері» нормативін орындау, ҚР мемлекеттік құрама командасына үздіктерді іріктеу мақсатында ұйымдастырылған.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»