Әдебиет • 10 Мамыр, 2017

Абайдың сандығы

320 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бір кездері Омбыға жөнелтілген ұлы ақынның қолжазбалары қайда? Абайдың қолжазбалары сақталмағаны, ұлы ақынның қолтаңбасын «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққандығы турасынан» деген жазбасының бір ғана парағымен танып жүргеніміз баршаға мәлім. Сондай-ақ, Абайдың қолымен жазылған «Вадим» аудармасының жарты парағы қалған. Осы орайда «Абайдың қолжазбалары түгелдей жоғалып кетуінің сыры неде?» деген сұрақ көкейден кетпейді.

Абайдың сандығы

ХХ ғасырдың басында Ресейдің отаршылық қысымы күшейіп, қазақтарды дінінен бездіріп, шоқындыруға бет алғаны оның әкімшілік билігінің әр тұсынан атойлап көріне берді. Тиісінше, халық арасынан наразылық та күшейді, тіпті саяси сипат алып, қоғамдық қозғалысқа да айналды. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында бұл жағдай анық көрініс тапты.

1903 жылдың қысында Шәймер­ден Қосшығұлұлы Баян­ауладағы Сәдуақас Мұса­ұлы Шор­мановқа, Семей­дегі Абайға және басқа да бе­делді ел ағаларына хат жазып, бүкілқазақтық мұсылман съе­зін өткізу туралы ақылдасқан. Съезге дайындық ретінде қаражат жиналып жатқанын хабарлаған. Сақталған архив құжаттарына қарағанда, Шәймерденнің алғашқы хатына Абай жауап бермеген. «Ибраһим Құнанбайұлының атына Көкшетау жақтан тағы бір хаттың кеткенін тыңшылар арқылы біліп отырған патша жандармдары жедел қимылдап, аңдиды. Ертіс бұзылып, жол ашылғанын күтеді. Ақыры хаттың Арқат поштасына келгенін анықтайды. Пошта бастығынан хатты беруді талап етеді, тіпті әскери губернатордың бұй­рығын көлденең тартады. Бірақ, пошта қызметі өз заңына бағы­нып, хатты тек адресатқа ғана қол қойдырып беретінін айтады. Демек, уезд бастығы Навроцкий 1903 жылғы сәуір айында Ибраһим Құнанбайұлының өзін Арқат пош­тасына жетектеп алып баруға мәжбүр болады. Поштаға бірге кіріп, хатты алғаны жөнінде қол қой­дырып, рәсімдеп, Абайдың қолы­нан тартып алады. Яғни, Ибраһим Құнанбайұлы бұл хатта не жазылғанын білмейді». Архив осылай дейді.

Міне, ұлы ақынның басынан осындай да жайсыз оқиға өткен. Көкшетау мешіті жанындағы мектептің мұғалімі Шәймерден Қосшығұловтың атынан Абайға жолданған бұл хаттың орысша аудармасы Алматыдағы Орта­лық архивте сақтаулы. Сол арқы­лы хаттың мазмұны маған бел­гілі, қазақ тарих­шыларына, әдебиетшілеріне де мәлім. Архив­тегі деректер одан әрі не дейді?

Уезд бастығы Навроцкийдің Шәймерден Қосшығұловтан келген алғашқы хат туралы сұрағына Абай: «Мен жөндеп оқыған да жоқпын, не деп жазылғаны есімде жоқ», деп жауап берген. «Ал, хаттың өзі қайда?» деген сұраққа, «білмеймін, Ізғұтты шылым орауға алды-ау, деймін» деп сүйрете жауап берген.

Архивте сақталған құжатта 1903 жылғы 25 сәуірде Абайдың үйін, қора-қопсысын тінткен Се­мей уезінің бастығы Навроцкий үлкен тергеу бастап, күзге салым Абайдың қолжазбалары, оқы­ған кітаптары мен журналдары сақталған сандықты қаттап, Се­мейге алып кеткен. Әрі қарай Ом­быға жөнелткен.

Дала губернаторының әкімші­лігі тарапынан бұл қағаздар мұқият зерттеледі, ақыры «араб әрпімен жазылған қолжазбаларда үкіметке қарсы бағытталған ештеңе табыл­мағаны» туралы қорытынды жа­салады. Сондықтан, Омбы шенеу­ніктері Абайдың сандығын қайтару туралы шешім алған. Іс қағазында осылай жазылған.

Бұл – 1903 жылғы қараша айындағы әңгіме. Тиісті архив құ­жат­тары осылай сөйлейді. Бірақ, сан­дықтың қалай, қашан иесіне жөнелтілуі керек екендігін көр­сететін құжатты таба алмадым. Сон­­дай-ақ, сандықтың бағалы зат ре­тінде пошта мекемесіне тап­сырылған-тапсырылмағаны ту­­ралы да дерек қолға түскен жоқ.

Одан кейін қыс түсіп кетеді, қайдағы бір «киргиздің» сан­дығын қыс ішінде шанамен Омбыдан Шыңғыстауға жеткізіп беруі мүмкін, десек, қисыны келе қоя ма? Көктемде, сәуірдің 20-25-не дейін Ертістен өткел ашылмайтыны тағы бар. Сол жазда сандықтың иесі – Абайдың өзі де қайтыс болды. Ол жөнінде уезд бастығы, әрине, білді, тиісті жеріне хабарлады. Навроцкий мырза өз қолымен жөнелткен Абайдың сандығы Омбыдан қайтпағанын да білді... Әрі қарай жорамал жасап, береке таппаспын...

Сонымен, Абайдың қағаздары салынған сандық Омбыдан қайтпай қалған болуға тиіс. Дәлел бар ма? Бар. Бұған дәлел ретінде, Алаш көсемдерінің бірі, білікті заңгер Жа­қып Ақбаевтың жазғанын ұсы­нуға болады. Ол 1905 жылы 26 мау­сымда Ресей үкіметіне қазақтар атынан жазған арызында (атақты «Қарқаралы петициялары». – З.Т.) былай деп көрсетеді: «...1903 жы­лы Петропавл, Пав­ло­дар және Се­мей уездерінде бел­гілі-белгілі қазақтардың үйіне тінту жүргізілді. Сол тінту барысында олардан тартып алынған кітапханалар әлі күн­ге иелеріне қайтарылмай отыр...»

Бұл сөздердің Абай үйінен тәр­кіленген сандыққа тікелей қа­тысы бар екені күмән туғызбауға тиіс. Себебі, Жақып өзі сол Се­мей қаласына келесі жылы келіп, қызмет еткен, қазақтың да, орыс­тың да зиялы қауым өкілдерін біледі. Жоғары білімді, кемел жас­тағы Қарқаралының жігіті Құнан­бай есіміне, Абайдың атына, атақ-даңқына жақсы қанық, тіпті Ділдә деген апамызды алған жезде екенін біледі ғой.

Сол кезде саяси күреске белсене араласқан заң магистрі Жа­қып Ақбаев «саяси сенімсіз» деп Абайға жабылған жаланы, оның үй-жайының заңсыз тінтілгенін, сандықтың тәркіленіп, Омбыға әкетілгенін жақсы білген. Және ол сандықтың ішінде не бар екенін жобалайды, Абай сияқты ойшыл ақын, зор беделді бидің, «үш рет сай­ланып, бір рет тағайындаумен болыс болған бұ­рынғы мемлекеттік қызметкер Ибраһим Құнанбаевтың» алдырып оқитын газеттері мен журналда­рын, кітаптарын, қандай қағаз­дар сақтайтынын, басқа да әдебиет­тердің тарихи маңызын бағалай біледі. Әйтпесе, «сол тартып алын­ған кітапханалар әлі күнге иелеріне қайтарылмай отыр», деген сөздерді еріккеннен жаз­­байды ғой. Кітапханалардың маңызын, баға жетпес құндылығын білген­дік­тен жазады.

Міне, Абайдың сандығының қандай жағдайда қолды болғаны туралы әңгіменің ұзын-ырғасы осындай. Осылайша, қазақтың даналық ақыл-ой қазынасына, өнері мен әдебиетіне орны толмас орасан нұқсан келді.

Әлбетте, жазықсыз жанды бұлайша қудалау, Арқат пошта­сына жетектеп апару, үйін, қо­ра-қопсысын, балаларының қойын-қонышын заңсыз тінту – Абай­ға моральдық жағынан үл­кен соқ­қы болғанын түсінуіміз керек. Кейін, тергеу жұмыстары аяқ­талып, Абайдың орыс өкіметіне қар­сы пиғыл-әрекеттері туралы күдік сейілгеннен кейін де, ұлы ақынның жүрегіне түскен жан-жарасы оңайлықпен жазылар ма? Мұндай жағдайда, өкіметке, оның әділ билігіне деген сенімі жоғалып, өмірден түңілген жанның сан­дықты іздеуге ықыласы болар ма?

1909-1911 жылдары билікке жақ­пайтын саяси көзқарасы үшін қазақ оқығандары тағы да қуғын-сүргінге ұшырады. Бұдан кейін 1916-1917 жылдардың оқиғалары келді. Тағы да қырып-жою, түрмеге жабу, жер аудару науқаны басталды. 1921-1922 жылдары жаңа ғана ес жиып, еңсе көтере бастаған хат танитын қа­зақ көсемдері «ұлтшыл-бүлікші» атанып, тағы жазықсыз жазаға ұшырады.

1929-1930 жылдары Алаш қайрат­­керлерін жаппай тұтқындау басталды. 1932 жылғы аштық, 1937 жылғы «қызыл қырғын», одан кейінгі екінші дүниежүзілік со­ғыс, 1950-1951 жылдардағы ұлт­шыл­­дық, «космополит» деген жап­­пай қаралау науқаны... бұл қазақ­­тың есін жиғызды ма?

Міне, осылайша, Абайдың қолжазбаларын іздеу түгілі, есі бү­тін азаматтар қара басының қа­мы­мен әлек болды, деп оларды ақтап алғымыз да келеді.

Енді қазір, тәуелсізбіз, өз би­лігіміз өзімізде. Жағдай басқа. Өз­ге елдер мың жыл бұрынғы жә­ді­гер­лерді іздеп тауып, қалпына кел­тіреміз деп жатқанда, жүз-ақ жыл бұрын қолды болған, ізі бар Абай сандығын іздестіру керек-ақ. Осы жолдардың авторы Абай­дың қолжазбаларын өз әлінше іздеп жүргеніне жарты ға­сырдай болды. Омбы қаласына жыл аралатып барғанда, ондағы зиялы деген көнекөз қарияларды тауып, олардың ұрпақтарын іздеп, тіл­дестім. Кейбір қарт ұстаздардан сұ­растырдым. Үйлеріне бардым. Жо­ғары оқу орындарында бұрын жұ­мыс істеген қарт ұстаздарды із­дес­тірдім. Өлкетанушылар мен бі­ле­ді-ау дегендердің біразына кез­­­десіп, пікір алыстым. Бірақ, үміт ұш­қыны әзір белгі бермей тұр.

Тіпті, сол кездегі шығыстану­шылардың біреуінің қолына тү­сіп, қызықтырса, Абай қол­жаз­балары Омбы шегінен шығып, ар жағындағы Том мен Тобылға, Қазанға, Ресейдің орталық қала­ларына, ғылыми орталықтарға, одан асып шетелге кетіп қалуы да ға­жап емес. Ұлы сүргін, қанды төң­керіс кезінде бас сауғалап, шетелге ауып кеткен орыс зиялыларының біреуінің қолына түспеді дей аламыз ба?

Осынау көп сұраққа бір ғана жауап болуы тиіс: қалай болған күн­де де, Абайдың сандығы, оның ішін­дегі қағаздар отқа жа­ғыл­ған жоқ, әлдебіреу күресінге лақтырған жоқ. Ол қағаздардың құнын хат танитын әркім білгеніне шүбә кел­тірмеймін. Сандықтың ішінде Абай­дың араб әлібімен жазған қол­жазбалары ғана емес, діни кі­таптар, орыс тіліндегі кітап­тар, жур­­налдар мен газеттер болған. Абай­­дың атына келген хаттар болған.

Патша заманында пошта-бай­ла­ныс қызметі ішкі істер минис­трлігіне қараған, іс-қағаздарының тәртібі күшті болған. Мысалы, сол Арқат поштасының бастығы Абай­дың атына келген хатты әкім­шілік орындарына беруден бас тартып, «Ресейдің пошта Жарғысына сәйкес, хатты адрес иесі өзі қол қойып қана ала алады», деген уәжбен тіпті, облыстың әскери губер­наторының жарлығы бола тұрса да, уезд бастығына бер­мей қойғаны туралы архивте жа­зулы тұр. Сондықтан, бір із қалды ма екен деп, Омбыдағы Дала губернаторлығының пош­та әкім­шілігі архивін де қарап шық­тым. Бәлкім, осы жолды жалғас­ты­рып әлі де мұқият көру керек те шығар.

Бұл ең кемі министрдің дең­гейінде – мемлекеттік маңызы бар мәселе ретінде қаржы жұмсап, кешенді жоспар жасап, қолға алатын шаруа болуы қажет.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері