«РФММ» КеАҚ ұйымдастыруымен тұңғыш рет өткен аталмыш байқаудың басты мақсаты – 8-11 сынып оқушылары арасынан ең белсенді әрі дарынды балаларды анықтау, оларға қолдау көрсету, сондай-ақ, олардың ғылыми-зерттеу жұмыстары мен инновациялық талпыныстарына мұрындық болу.
Физика, химия, биология, робототехника, информатика бағыттары бойынша өткізілген сайыстың басты ерекшелігі – оқушылар жекелеген пәндер бойынша емес, ғылымның түрлі саласының басын қосқан жобаларын әділқазылар алқасының сынына ұсыныпты.
Алматы, Астана және Тараз қалаларының мектептерінен байқауға қатысқан жас өнертапқыштар толығымен автоматты түрде жұмыс істейтін «Ақылды үй», өндіріс пен адамдардың күнделікті қолданысына қажетті компьютерлік қолданбалы бағдарламалар, экономиканың түрлі саласына арналған өз жобаларын ұсынды. Болашақ инноваторлар тіпті, «мәңгілік қозғалтқыштың» да (Perpetuum Mobile) кезекті нұсқасын ойлап табуға талпынған екен.
Жас дарындар жұмысын РФММ-мен әріптестік орнатқан АТХУ, ҚазҰЗТУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, SDU секілді жоғары оқу орындарының ұстаздарынан тұратын әділқазылар алқасы бағалады.
Электрлі-нүктелік диагностика жасап, смартфон қосымшасы арқылы адам ағзасына диагноз қоя алатын қолғап ойлап тапқаны үшін Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Кеңесбеков Әлімжан мен Асанқұл Азамат бас жүлдені ұтып алса, «Ақылды үй» жобасын ұсынған Бурабаева Айдана мен Бейсенов Ұлан, «балама қуат көзін» ойлап тапқан Гура Максим, Аймышева Арна сынды оқушылар да жүлделі орындар иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Оқушылар ұсынған отельдер жұмысын автоматтандыру, баламалы энергия негізінде тоңазытқыштар жасау, ағын суларды алтывалентті хроммен зарарсыздандыру сияқты көптеген жаңашыл әрі тың идеяларға толы бастамалардың әрқайсысы да атап өтуге лайық айрықша еңбек екені анық.
Болашақта бұл байқаудың аясы кеңейіп, бизнесмендер қызығушылық танытып, ғылыми жұмыстар жәрмеңкесі стартап жобалардың жолын ашатын орынға айналады деген үміт бар.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»