Крис Уильямс сөзінің басын Абель Санчестің (Головкиннің бапкері) Dontae’s Boxing Nation басылымына берген сұхбатына пікір білдірумен бастады. Мексикалық маман бұл айқасты трилогияға теңеп, мұндай кездесуді жұрт екі рет көруге де қарсы болмайтынын айтқан болатын.
«Меніңше, Санчес трилогия туралы немесе реванш жайлы айтып тым алға шығып кеткен сияқты. Егер «Канело» Головкинді нокаутпен жеңер болса, мексикалық ары қарай кетеді. Головкинге екінші мүмкіндік бермейді. Себебі, бокс жанкүйерлері мұндай жағдайда екінші рет жекпе-жек үшін ақша төлегісі келмейді. Реванш GGG жеңіске жеткенде немесе жеңімпаз даулы шешіммен аяқталғанда ғана ұйымдастырылуы мүмкін.
Дэниел Джейкобсқа қарсы кездесуінен кейін Генаның жеңіске жетуі екіталай. 16 қыркүйек күні ол жеңіледі. Ал Golden Boy оны назарына да ілмейтін болады. Бокс кешін 2018 жылы өткізейік деуі мүмкін. Бірақ ол жай сөз болып қалады. Мексикалық боксшының командасы Головкинге тағы бір мүмкіндік береді деп ойламаймын», деді Крис Уильямс.
Ал сарапшы Аллан Фокстың пікірі мүлдем басқа. Ол сауль Альварестің осал тұстарын айтып, Геннадий Головкиннің жеңісіне сенім білдірді. Сондай-ақ, ол қазақстандық боксшының бапкерін Дэниел Джейкобсқа қарсы жекпе-жекке тыңғылықты дайындамағанын сынға алды.
«Альварес Геннадийді нокаутпен жеңеді деп ойламаймын. Қайта қазақстандық боксшы мексикалықты нокаутқа түсіруі мүмкін. Бұған басты себеп – Головкиннің иегі мықты, соққыларды көтере алады. Гена осыған дейін де «Канелодан» мықты панчерлермен қолғап түйістірген, бірақ жарақат алған емес.
«Канелоның» соққылары Дэвид Лемье, Кертис Стивенс секілді боксшылардан күшті еместігі белгілі. Головкин олардың жойқын соққыларын көтере алды. Егер мексикалық жылдам қозғалып, GGG секілді ауыр соққыларға шімірікпесе, Головкинді нокаутқа түсірер ме еді! Бірақ ол шыдамды боксшы емес.
Альварестің дәл осы кемшілігін тиімді пайдаланатын боксшылар шығуы мүмкін. Бапкер Абель Санчес мексикалықтың кемшін тұстарын жақсылап зерттеп шығып, қандай амал қолдану керектігін ойлауы тиіс. Бірақ Санчес олай істемейтін сияқты. Дэниел Джейкобсқа қарсы кездесуге ол шәкіртін тыңғылықты дайындамағаны байқалып қалды. Егер де Абель 2010 жылы шәкірті Дмитрий Пирогқа (WBO нұсқасының бос белбеуі үшін Джейкобспен кездесіп, бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңген) берген нұсқауларын айтқанда кездесу Головкин үшін оңай өтер ме еді! Бұл тұста бапкердің жоспары дұрыс болмады», деп жазды Аллан Фокс.
Айта кетейік, ESPN.com бұл айқастың жеңімпазы чемпиондық белбеулерін қорғау үшін кіммен жұдырықтасатынын хабарлады. IBF желісі бойынша Багам аралдарының өкілі Туреано Джонсон (20-1, 14 KO) мен украиналық Сергей Деревянченко (10-0, 8 KO) қолғап түйістіреді. Бұл боксшылар 7 маусымға дейін кездесу жөнінде ортақ шешімге келуі тиіс. Міне, Головкин-Альварес айқасының жеңімпазы Джонсон-Деревянченко арасындағы үздікпен күш сынасады.
Дайындаған: Аян ӘБДУӘЛИ, "Егемен Қазақстан"