Қазақстан • 11 Мамыр, 2017

Астанада WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионаты өтті

277 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қаласында 2-5 мамыр күндері аралығында өткен WorldSkills Kazakhstan Ұлттық чемпионатта Оңтүстік Қазақстан  облысынан барған колледж студенттері 1 алтын, 5 күміс медаль жеңіп алды.

Астанада WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионаты өтті

ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен чемпионатта еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған 400-ден астам жас маман сынға түсті.

Қазақстанда үшінші рет ұйымдастырылып отырған «Worldskills Казақстан» жобасы биыл Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру шеңберінде жалпы еңбек қоғамын құру және жұмысшы мәртебесін арттыру мақсатында өткізіліп отыр.

Ұлттық чемпионатта Оңтүстік Қазақстан облысынан барған оқушылар 9 құзыреттілік (мамандық) бойынша сайысқа түсіп, алдыңғы қатарға шықты.

Атап айтқанда, №6 колледждің студенті «аспаз ісі» мамандығы бойынша Алтынбек Әбілхайыр алтын медаль, №16 колледждің студенттері «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары» бойынша Таубай Жанарыс  күміс медаль және «пісіру ісі» құзыреттілігі бойынша Сейдулла Олжас күміс медаль иеленді. Сонымен қатар, Түркістан гуманитарлық-техникалық колледж студенті «Дизайн және киімдерді модельдеу» құзыреттілігі бойынша  Қасымова Оғлай күміс медаль, Жоғарғы жаңа технологиялар колледжі «Плитка жапсыру» бойынша Төлеш Еркебұлан күміс медаль жеңіп алса, Жол-көлік колледжі студенті «Инженерлік графика CAD» құзыреттілігі бойынша күміс медальді Жолдасбай Бақберген жеңіп алды.

Жарыс қорытындысы бойынша алтын медаль иегері «аспаз ісі» мамандығы бойынша Алтынбек Әбілхайыр Қазақстанның ұлттық құрама командасымен қазан айында Әбу-Даби қаласында өтетін WorldSkills Competition әлемдік чемпионатына қатысады деп күтілуде.