Қазақ тарихын, оның ішінде алты алаштың ерлік, батырлық тарихын түгендеп, бір ізге түсіру үшін арғы-бергіде елдің есендігін, жердің бүтіндігін қорғаған, есімдерін халық ардақтаған қаһармандардың өмірін ыждаһаттылықпен зерттеуіміз керек. Кейінгі жылдары бұл орайда талай тұшымды ғылыми еңбектер жазылды. Олардың ішінде нақты деректерге негізделгендері де, ауызша аңыз-әңгіменің жетегінде кеткендері де, азды әсірелеп, жоқтан жорға шығарғандары да бар. Қалай десек те, бүгінгі ел өткенін қадірлеп, тарихын құрметтеуден кенде емес. Сол тарихты парақтай жүріп, бағзы дәуірлер мен уақыт керуеніне ілесіп, көшіп кеткен ғасырлардағы ірі тұлғалар жайлы деректерді біз де бір кісідей жинадық. Осындай тұлғалардың бірі – Аралбай батыр.
Аралбай бабамызға қазақ шежіресінің желісімен келейік. Арғыннан Қотан, одан Дайырқожа (Ақжол би), одан Қарақожа батыр, одан – Мейрам сопы. Мейрам сопыдан – Қуандық, одан – Алтай, одан – Мойын, одан – Рахпанқұл, одан Әлібек. Әлібектің бірінші әйелінен Ақша, Аралбай, Бекше, Төлес (Тілес) туады. Екінші әйелінен – Сармантай (Шындәулет), Келдәулет, Байдәулет.
Аралбай жуас әкесінің шаруасын жас кезінен дөңгелентіп әкетеді. Жиырмаға толған шағында қуандыққа біткен байлыққа ие болады. Бүкіл алтайға аты жайылып, белдескенді бүктіреді, тірескенді тізерлетеді, алысқанды абыройдан айырылтады. Білектілігімен қатар жүректілігімен бет қаратпайды. Ел арасындағы егестерде көнсе – өткір сөзімен, көнбесе – күш-қуатымен бітістіреді. Риза болған алтай-қарпық: «Бәрекелді, от ауызды, орақ тілді Ақжол би, қайың сапты найзалы, жауға алдырмас айлалы Қарақожа батырдың орнын басар ұл келді!» – деп серпіледі.
Біз естіген әрлі-берлі әңгімелерде Аралбайдың Әз Тәуке ханға қалай барып қосылғаны туралы айтыла қоймайды. Өз жорамалымыз бойынша алты алаштың ардақты ханына оны таныстырған қанжығалы Бөгенбай болуы керек. Бұлай деуімізге осы даңқты батырдың кіндігінен тарайтын, бертінге дейін Екібастұз қаласында тұрған ғалым-ұстаз Қазбек Нұралиннің 1993 жылы Ақмола облыстық «Қараөткел» газетіне жазған тілек хаты. Сол басылымның бас редакторы қызметіндегі маған арнаған әлгі хатында Қазекең Бөгенбай батырдың мұрасын жинауға, бастырып жариялауға атсалысуды сұрайды, Бөкең жайлы мәліметтер келтіреді.
Ол мағлұматтардың ішінде мынандай жолдар бар: «Бөкең қаһармандығымен ерте танылған Арқадағы өзі секілді жас батырларды төңірегіне жинап, Әз Тәукенің бас сардары болып тұрған әкесі Ақшаға таныстырып жүрген. Солардың бірі алтай Аралбай батырды қайда барса да ала кеткен, ұзақ жылдар жұбы жазылмаған».
Ақша да ерен батыр, әкесі Әлдеуін Жалаңтөс баһадүрдің кезінен белгілі хан қолбасыларының бірі. Соның орнын басқан Ақша Әз Тәукенің сеніміне еніп, бүкіл қазақ қолын басқарады.
Осы «Алатаудай Ақшадан асып туған Бөгенбай, Болмашыдай анадан болат туған Бөгенбай» тегеурінді жас қаһарман Аралбайды әкесімен жүздестіретіні даусыз. Ақшаның мұндай ерлерді Әз Тәукеге таныстырмай тұрмайтыны және белгілі.
Көп ұзамай қан майданда толағай жеңістерден дәмелі жас қаһармандардың сыналар тұсы жетеді. Ресейдің ішкі тыныштығын әлсін-әлі бұзып тұрған казак-орыстар патша әскерінен ығысып, Еділден бері өтеді. Бейғам жатқан қазаққа қырғидай тиіп, ілгері жылжиды. Оларды ұлан далаға бойлап енгізбей тоқтату қажет болады. Ақшамен кеңес кезінде Әз Тәуке осы қатерлі күшке қарсы жас батырларды салуға ұйғарады.
Қазыбек Нұралин қанжығалы қарт Бөгенбайға шөбере болып келетін Саққұлақ биден қалған деректерге сүйеніп келтірген мәлімет бойынша, казактарға аттанатын 30 мыңдық жасаққа Бөгенбай қолбасшы болады. Оның оң қолын алтай Аралбай, сол қолын қанжығалы Жантай басқарады. Ерейменнің жаңа талап жас бөрілері Атан, Досай ере шығады.
Бұл Аралбай батырдың алғашқы тағдырлы шайқасы еді. 1708 жылы Еділдің бергі бетінде өткен осы шайқаста олар ірі жеңіске жетеді. Казактардың қалың қолын Еділден асыра қуады. Сол арпалыс жайлы Үмбетей жырау:
Балдырғаны білектей,
Бүлдіргені бүйректей,
Бөденесі үйректей,
Шортаны тайдай тулаған
Маралы қойдай шулаған
Ұзыны шексіз, ені алыс
Еділден өттің Бөгенбай, – деп жырлаған.
Қазақ қолының нар тәуекел жорығы сәтті болуы жігерлендірген шығар, Әз Тәуке Бөгенбайларға әрі қарай сұғына енуге жарлық етеді. Аралбай атамыз бар топ сол екпінмен Түменге дейін жетеді, жолда ноғай елін кесіп өтеді. Кейін батыр бабамыз осы орманды өңірді жаз жайлауға жаратқан.
Тарихи мақалаларда көрсетіліп жүргеніндей, Аралбай батыр 1685 жылы туса, аталған жорыққа ол 23 жасында қатысқан. Бұл тұста Бөгенбай 28 жаста, яғни Арал атадан бес жас үлкен.
Біздің пайымдауымызша бабамыз қанжығалы Бөгенбайдың туған қарындасы Айбикеге осы шайқастан соң үйленген. Араға аз жылдар салып қосылуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл құдандалыққа Бөкеңмен арадағы сенімді достықтың әсер еткені анық.
***
Қазақ даласына казактардан соң тағы бір қатер төнеді. Әз Тәуке талай жыл бетін қайтарып келген жоңғарлар қытайдың қысымына шыдай алмай Жетісуға лап қояды. Мұны күтпеген ел қоғадай жапырылады, жау қатты қарсылық көрмей Алатау, Іле бойын өрлеп, Түркістанға жетеді. Кешікпей Арқаға ауыз салатыны айқын аңғарылады.
Әз Тәуке дереу үш жүзге хабар салады. Тоқтам біреу – Қарақұмда жиналып, жоңғарға төтеп берудің жолын ойластыру керек.
Ұлытауда жүрген Аралбайға бұл хабарды Бөгенбайдың шабарманы жеткізген. Батыр атқа қонады, онымен бірге Барғана батыр да дайындыққа кіріседі. Момын ішіндегі Тауасар, Шерубай баһадүрлер, Нияз батыр қанаттаса жетеді. Ауыл-ауылдан шақыруға ағылған жігіттер топ-топқа бөлініп ат жаратады.
– Енді жүрелік, – дейді Барғана.
– Наймантай батырға соғып, батасын алайық, – дейді Аралбай. – Қарт сардарға жолықпай кеткеніміз жарамас.
Бұл кез тарақты Наймантайдың жасы жетіп, қартайған шағы еді. Кілең батырдың бата сұрай келгеніне риза болады.
– Жорытқанда жолдарың болсын, – дейді. – Алыс та қатерлі сапарға бара жатырсыңдар. Иншалла, мерейлерің үстем болар. Қазақ ешкімге ұрынбаған халық, соқтыққанның соқтасын шығарған ел. Бұл жолы да солай болар. Әттең, дүние-ай, қартайып қалдым. Жау түсірер ұлдардың бәрі қан майданда шейіт болды. Қолымда қалғаны мына он үштегі Байғозы, жассынбасаңдар ала кетіңдер.
– Ренжімеңіз, бұл қолқаңызды орындай алмаймыз, – дейді Аралбай. – Он үштегі бала барар жер емес, бет алысымыз жан беріп, жан алысатын қырғын соғыс. Оның үстіне көп ұлдан қалған жалғыз ғой. Аталарымыз айтпап па еді: «Қанша сұлу болса да, қойныңа алма арсызды. Қанша батыр болса да, жауға салма жалғызды».
– Наймантай деген ер бар еді, ерін елі сыйлаушы еді десеңдер, айтқанымды істейсіңдер, – деп қатаяды қарт батыр. – Байғозыны тастап кетсеңдер, мені жұртқа жалғыз тастап кетті деп есептеймін. Бетімді қайтармаңдар.
Арал атамыз бар топ бұл жолы да иліге қоймаған соң, Наймантай он үш жасар Байғозының өзі көрген ерлігін айтады.
– Таяуда жалғыз атымды жолбарыс жарып кетті. Қатты налыдым. Қартайғанда даланың аңы да басынды-ау деп теріс қарап жатып қалдым. Балаға бұл қорланғаным оңай тимеген бе, құла дүзге тұра жүгірді.
– Қайда барасың? – деген шешесіне сонадайдан дауыстады.
– Әкемнің жалғыз атын жарған барыстың терісін сойып әкелемін.
Соны естіген әйел үйде жатқан маған бас салсын.
– Қартайған сорлы, тыныш отырмай жалғызды жайратайын дедің. Анау әкемнің атын жеген жолбарыстың жон-терісін сыпырамын деп кетіп барады. Тұр, соңынан бар! – деп гөй-гөйге басты.
Орнымнан тұра сала садағыма жармастым. Дедек қағып келемін. Бұғанасы бекімеген баланы жолбарыс жазым етсе, тұқымым тұздай құрығаны ғой. Қалың қамысқа кіргенде Байғозыны көзім шалды, қолында қанжар, әлденені бүгіле аңдып тұр. Көз салған жағына қарасам, жардай жолбарыс жиырыла қалыпты, құйрығымен жер сабап, әне-міне атылғалы тұр. Садаққа оқ салғанша күркірей шапшыды. Балам жалт беріп, өкпе тұстан қанжарды салып үлгерді. Суырып алып, шөкелей берген жыртқышқа қайта сілтеді.
– Алып кетіңдер, сендер шайқасатын жоңғар, сұмдық болса, әлгі жолбарыстай болар.
Аралбай еріксіз келісімін берген екен.
***
Қарақұмда қаптаған ел, гу-гу әңгіме. Сөз сарыны әртүрлі. Біреу жоңғардың беті қатты екенін, қазақ ел жиып, қаруын сайлағанша жапырып өте шығатынын айтып, естігеннің салын суға кетіреді. Енді біреу алыспай беріспейміз, жұдырықтай жұмылсақ, жаудың жұлынын үземіз деп желпінеді.
Бөгенбайдың қосынында осы екі пікір күні-түн талқыланды. Арқа батырлары: «Атамыз жаудан қайтпаған, алқымнан алып өлеміз», десіп, тас-түйін бекінді.
Жиын басталғанда бірден осы пәтуаға келеміз деп ойлағандардың үміті ақталмады. Кейбір билер мен батырлар күші басым жауға қарсы шығып, елді босқа қырғанша, Ресей жағына көшейік, бас сауғалайық деп тұрып алды. Бұған көнбей, күш жиып, жақсылап әзірленіп, күйрете соққы беретін кезді анықтайық деген Төле мен Қаз дауысты Қазыбекті тыңдамайтын сыңай танытты.
Аралбай: «Бұл қалай?» деген сұраулы жүзбен Бөгенбайға қараған. Ол түтігіп кетіпті, қызына сөйлегендер сұйыла бере ортаға суырылып шықты.
– Уа, жақсы-жайсаң! – деген саңқ етіп. – Ресей ауайық деп елді сергелдеңге салғанда, сонымен қатерден біржола құтылатындарыңа көздерің жете ме?! Жоқ, құтыла алмайсың. Өкшелей қуатын жоңғар жіліктеп жүріп талайды. Жолшыбай башқұрт пен қалмақ қоң етіңді кезек-кезек ояды. Арып-ашып жеткендеріңді казак-орыс қансыратады. Аумаймыз да, көшпейміз де. Тіресеміз, тістесеміз, жеңбей тынбаймыз. Жұлқынып келген жоңғарды жапырып, жайпап тоқтаймыз!
– Жеңбей тынбаймыз! – деп ұрандады Аралбай бастаған Арқа сарбаздары.
– Жеңіс! Жеңіс! – деп атойлады мың сан қол.
Тарихта болған осы айтыс туралы орыс зерттеушілері мен саяхатшылары нақты жазып кеткен.
Я.Гавердовский: «Қазақтардың кейбірі қорқақтығын көрсетіп, қонтайшының мейірімділігін паналауды ұсынды. Басқалары үй-күйін тастап, Еділдің сыртына қашып барып жан сақтағысы келді, ал енді біреулері қоян секілді жан-жаққа бытырап кетпекші болды, талайы толқып жүрді. Бірақ сол кезде ерлігімен әйгілі болған ру басы Бөгенбай мұндай әрекеттердің бәрін тыйды», деп жазады (Қаз. ССР тарихы, бес томдық, ІІІ т. 1982).
В.Витебский: «П.Н. Рычков в своей «Оренбургской истории» (т.с. 130-133) замечает, что ... и киргизцы около в 1710 года решились было искать защиту русского царя, но известный киргизский батыр и старшина Букенбай на сейме Кара-Кумах склонил народ к нападению на калмыков. Букенбай был избран в предводители восставших киргизов, а ханское достоинство было вручено Абулхаиру. Калмыки действительно побеждены благодаря ловкости и изваровливости батыра», дейді (В.Н. Витебский. «Политика Петра І по отношению к Средней Азии». с 134-135).
Тарихи деректерден қанжығалы Бөгенбайдың Үш жүздің әскеріне қолбасы сайлануы да бірден шешілмегендігін білеміз. Оған Төле, Қаз дауысты Қазыбекпен бірге Аралбай батыр да барынша ықпал етті. Қ.Нұралиннің жоғары келтірген хатында: «Алтай Аралбай батыр Бөгенбай қолбасы болмаса, Арқа батырлары жоңғарға қарсы жорықта басқа жол таңдайды деуден тайсалмады», деген жолдар бар.
* * *
Бөгенбайдың сардарлығымен қазақ қолы 1717 жылға дейін жоңғардың бетін қайтарып келді. Сол жылы Әз Тәуке дүние салған соң Ұлы жүздің тізгінін қолына ұстаған Әбілқайыр сұлтан дербес қимылдай бастады. Беделді билер мен батырлардың кеңесіне салмай, 1718 жылы жоңғарға майдан ашты. Әскери ұрыс амалдарынан бейхабар сұлтан 30 мың сарбазы бола тұра күйрей жеңілді. Ұрыс үстінде намысқа басып, соңына дейін шайқастан талай есіл ер мерт болды. Бұл хабар Бөгенбай мен Орта жүздің билігіне ие болған Абылайды қатты күйзелтті. Екеуі Төле, Қазыбекпен, елді соңына ерте алатын Қабанбай, Олжабай, Аралбай сынды батырлармен кеңесе келіп, бұрынғыдан да күшейіп алған жауға ерекше дайындықсыз соқтығысудың түбі құрдым деп шешті. Сондай әзірлікті қай жерде, қалай жасау керек екенін сараптады. Игі жақсылардың бірі Көкшені, бірі Ерейменді жөн көрді.
– Оның екеуі де қазіргі жағдайда қолайсыз, – деді Аралбай Абылайдың алдында шарт жүгініп. – Көкшені жоңғардың шолғыншылары торуылдап жүр, яғни осында қалың қол күтпеген жерден лап қоюы мүмкін. Ереймен де жоңғардың көптен көз тіккен өңірі. Қалың елдің қамсыз әзірленуіне Ұлытау, Арғанатыдан қолайлы өлке жоқ. Сонда жиналайық.
Батырдың бұл ұсынысын Абылай қостады. Мың сан сарбазды орнықтырып, керек-жарақтың бәрін дайындау Аралбайдың өзіне тапсырылды. Бөгенбай жалпы басшылық жасаса, Қабанбай Алтай, Алакөл жағын, Олжабай, Малайсары Баянауыл, Ертіс маңын қарауылдап, жоңғардың қимыл-қозғалысынан хабардар етіп тұратын болды.
Арал атамыздың Абылай хан алдындағы осындай бедел алуына 1726 жылы Бұланты өзенінде өткен шайқаста тапқырлығымен және жүректілігімен көзге түсуі себеп болып еді. Қазақ жасағының шабуылына сақадай сай тұрған жоңғарлар бетпе-бет шайқаста алдырмайтынын білген Аралбай Бөгенбайға Арқа батырларының кәнігі тәсілін ұсынды. Бұл ұрыс әдісі «толғама» деп аталатын. Тұтасып тұрған жау шебіне кілең жүйрік мінген ықшам топ түре тиіседі де, турап өте шығады. Дұшпанның қалың қолы оған сөгілмесе, екінші, үшінші топ солай шалт қимылдап, қозғалмасына қоймайды. Сабырын сарыққан жоңғарлар жырыла қуады. Осы кезде тасада дайын тұрған әлдемді топ негізгі шоғырдан бөлінген жауды әп-сәтте жайпап салады.
Бөгенбайдың ризалығын алған соң Аралбай өзі бастап, Нияз, Байғозыларды ертіп, жоңғардың тастай түйілген сапына әлденеше соқтыққан. Шүйілген сайын жіліктеп ондап, жүздеп жер қаптырған. Әуелгі жүйесі осылай бұзылған жауды Үш жүздің іріктелген қолы Балқашқа дейін өкшелей қуған-ды.
***
Арал атамыз би-батырларды Арғанатының етегіндегі өзінің қонысына түсірді. Айлап, апталап отырса, шалғыны шайқалмайтын шұрайлы жер. Іргеде талды өзен ағып жатыр, айнала сыңғырлаған бұлақ, кең жайлау. Маңайды қарауылдағың келсе, Арғанатының төбесіне шықсаң, ат шаптырым аймақ алақаныңа салғандай көз алдыңда ашылып сала береді.
Көкше, Ереймен, Баянауыл, Қарқаралы, Қызылжар, Торғайдан жеткен сарбаздардың ат-әбзелі түгел. Бәрі үйір-үйір жылқысын айдай келген. Оңтүстіктен жеткендер ондай емес, жабдығы жұтаң. Жоңғарлардың алғашқы соққысына тап келіп, жүген-құрық ұстап қалған елдің жігіттеріне көмек керек-ақ еді. Арал атамыз оларға қалың жылқыдан сауын бие, мініске ат беріп, бөлек жайғастырды.
Үш жүздің қосыны түгел жиналған соң әскери жаттығулар басталып кетті. Асау үйреткен, ат үстінде қылыш-найза сермескен жауынгерлердің дабылы күні-түні қағылды. Әр жерде ұстаханалар құрылып, темірден түйін түйген шеберлер іске кірісті.
Жетісудың сарбаздары ала келген Дархан деген ұста бар еді. Заты жоңғар, ұрыстардың бірінде қолға түсіпті. Сол тау аралап жүріп, темірдің тасын тапқан, өзі жасаған пеште балқытады. Қолынан келмейтіні жоқ. Бір күні соның ұстаханасына барды.
– Зеңбірек құя аласың ба? – деді сөз арасында.
– Құямын, – деді ол.
– Онда бүгіннен бастап кіріс.
Ұстахананың сыртынан керме ағашқа төрт аяғы байланған көкжал бөріні көрген-ді.
– Мұны не істемексің? – деді.
– Бөріні айтасыз ба? – деді ол. – Жігіттерге жалынып жүріп ұстатып едім. Неге керек екенін қазір көресіз.
Соны айтып отта жатқан қос қарыс қанжарды алды да сыртқа шықта.
– Ал қараңыз, – деді. Қып-қызыл болып қызған қанжарды көкжалдың өкпе тұсына сұғып жіберді. Аузы буылған бөрінің жанарына қан қатты, батыр тіксініп тұрып қалды.
– Осы қанжарды сізге сыйладым, – деді ұста суырып алып. – Тірі қанға, онда да бөрінің қанына суарылған қаруды тасқа салсаң қайтпайды, көк сауытты сырмақтай тіледі.
Семсерді бауыздаған малдың жылы қанына суарып, жас теріге орап тастайтынын білетін. Тірі қасқырға суарғанын көргені осы. Біреуден естісе, сірә да сенбейтін сұмдық еді.
– Қанжарды сабын салып келістірген соң әкеліп бер, – деп бәйбішесі Айсаға арнап тіккен он екі қанат ордаға қарай беттеді.
* * *
Арғанатыға көктемде жиылған қалың қол алдағы жорықтарға әбден қамданып, жаз орталана орнынан қозғалған. Сонша уақыт жасалған әзірлікті Абылай тексеріп шығып, мақұл деген соң, билердің батасымен жұрт атқа қонып еді. Бес қаруын сайлаған, егескен жау қайдалаған сарбаздар хан қайрап, батырлар атойлап сол бетінде Аңырақайдың айғай-сүреңді айқасына ұрандап кірген. Кекті ерлер Қазақ елінің тағдырын шешкен осы сұрапылда жоңғарларды жапырып өтті. Осыған дейін мұндай ауыр жеңіліске ұшырамаған жау ұзақ уақыт есін жинай алмады.
Аралбай бастаған Арқа сарбаздары осы ұрыста Абылайдың шешімімен қалың қол жоңғар әскеріне қарсы беттен шүйілгенде, ту сыртынан соққан. Кескілескен шайқаста Байғозы жасындай жарқылдады. «Наймантайлаған!» тарақты жігіттері ішке сұғына енсе, Нияз, Тауасар батырлар «Алтайлап!» қос қанаттан құйылды.
* * *
Батырдың балалары да жер қорғаған ерлер, ел қорғаған билер болған. Соның бірі Барақ атасына тартып ат үстінде атойлаған. Біраз жыл Байғозы батырдың жанында болады. Талай шайқаста шашасына шаң жұқпаған ер 1745 жылы жоңғар ханы Лама Доржидың жасағымен соғыста көз жұмады.
Аралбайдың Таңсұлу анамыздан көрген ұлдарының бірі – Бәйтелі де Байғозының тәрбиесін көріпті. Жанама аты Жәнекең. Арқадағы қазақ-жоңғар соғысының бірінде жаудың Айманақ деген батырын жекпе-жекте түйреп өлтіреді. Содан бері осы жердегі тау Иманақ аталыпты. Ол қазіргі Жаңаарқа ауданындағы Сәкен Сейфуллин кеңшарының жанында.
Бәйтелінің соңғы жорығы – Абылай, Бөгенбай бастаған қазақ әскерінің Қытай қолына қарсы аттанысы. Осы шайқаста қытай жағы 20 мың жауынгерінің көбінен айрылып, Тұрфанға дейін қашқан.
Осы Таңсұлудың үлкені Байтоқа атақты Байдалы бимен құрдас екен. Екеуі де Абылайдың алдында шиелі дау шешкен сөзге жүйрік ақыл иелері. Байдалы ұзақ сөйлеп бара жатса, тоқтататын жалғыз Байтоқа болыпты. Басқа ешкімге дес бермесе керек.
Байтоқадан кейін Аралбай балаларынан би атанған адам – батырдың немересі Кенженің үлкен ұлы – Елбай. Ол Сырт Аралбайлар: Нұрбай, Ақжігіт, Мәме, Жидебай, Сары, Бақа батыр, Сарғалдақ, Боздақ, Төбет ауылдарының биі болған.
Билер ішінде бұдан соң Қосыбай мен Құтжанның есімдері аталады. Қосыбай Байтоқаның Бабық деген баласынан туады. Шамамен 1810 жылы дүниеге келіп, 75 жасында қайтқан.
Ресей сыртқы істер министрлігінің архивінен табылған құжатта Қосыбай Кенесарының ұлы Жаппарға қатысты істе айтылады. Жаппар Ақмола округіндегі алтай болысының басшысы Өтебай Бабық баласының жылқысын қуып кетеді. Өтебай Қосыбайдың інісі.
Малын ағайын арасының жөн-жобасымен қайтара алмаған Өтебай Батыс-Сібір генерал-губернаторлығына хат жазады. Жанжалды біржолата реттеу үшін Ақтауға 25 қарулы солдаты бар отряд жіберіледі. Жаппар бір адамы қолға түсіп, басқа жігіттерімен қашып құтылады, жылқы иесіне қайтарылады.
Өтебай бүкіл алтайға беделді болса, Қосыбай Аралбай мен Қалыбек руларының дауын шешкен дуалы ауыз би еді.
Байтоқаның Бабығынан туған, би болмаса да, би тоқтайтын алғыр шешендігімен танылған Тұрсынбек атақты Ыбырай Жайықбаевтың жанында көп жүріпті. Аға сұлтан елдегі би-болыстарды қабылдаған соң оған сынатады екен.
Бірде Сайдалы руының болысы Сарытоқаны шақыртады. Ол келіп кіргенде танымаған сыңай танытады.
– Мына шикілсарың кім? Орыс шатыс неме емес пе? – дейді.
– Бұл Сейдалының Сарытоқасы. Әкесі осы елде Қаратоқа бар, енді Сарытоқа да болсын деп сондай ат қойыпты. Сыйлаған жұрт «Тотаң» деседі. Домбырашы, күйші, – дейді Тұрсынбек. Ыбырай Тотаңа аяғын созады.
– Шешіп жіберші.
Тотаң еңкейе беріп, қолындағы сарыала қамшымен тобықтан сойып өтеді де шығып кетеді. Қанқақсаған аяғын құшақтаған сұлтан: «Әй, мынауың сарытоқа емес, сары сайтан ғой», дейді.
– Ала жын деңіз, – дейді Тұрсынбек. – Жын атаулының сайтан көрсе құтырып кететін әдеті емес пе?!
Ол аға сұлтанның әлгі қылығын сайтанның ісіне теңеп, Ыбырайды да реті келгенде солай түйреп өткен екен.
Батырдың немере-шөберелерінің ішінде өнер қонған небір тарландар да бар. Кенже Жантыбайұлы Мұхамедия – Аралбайдан тараған ұрпақтың ән қонған дарыны. 1880 жылы туып, 1924 жылы дүние салған. Осы рудан шыққан атақты балуан Битабармен бірге ел аралап, жүрген жерін думанға бөлеген сері.
Осы күні халық әні аталып кеткен «Бір келіншекті» Мұхамедия Битабардың он бес жасында айттырып барған қалыңдығы Бибісараға арнап шығарған. Ал «Бір бала» әні балуанның Ынтық есімді баласына тартқан сыйы.
Біздің ауылдың көне көз қариялары осы әндерді радиодан естігенде: «Ойпырмай, бұлар Мұхамедиянікі екенін неге айтпайды», деп шала бүлінетін. Сол қарт аталарымыз оның «Ақтамақ», «Қыздар-ай, қыздар» әнін қоңыр дауысқа салып айтып: «Әй, балалар, үйреніп алыңдар», деуші еді. Қазақ әнінің көркемі «Назқоңырды» да осы серіге телитін.
Өмірде де, өнерде де ешкіммен бақталастығы жоқ, әулие қариялар ақиқатын айтады ғой.
* * *
Ұлытаудың сыңары Арғанатының баурайында дамылдаған батырдың зиратына 2009 жылы шілде айында жол түсті. Құрбандық шалып, құран оқыдық. Таудан құйылып ағатын Аралбай өзені етектегі кең жазықтың шөлін қандырғалы қай заман. Сол арна қайнарланатын жерді Арал атамыз қыс қыстауға таңдап алыпты. Шалғыны жылқы жасырған, тобылғы түбі томардай, дойырға сап болардай таңғажайып мекен екен. Батыр кейінгі ұрпағына осы арадан қозғалмаңдар десе, қадірін білгені, басқаға қимағаны шығар.
Арғанатыдан бөлінген бүйрек төбелердің етегінде бұлақ сыңғыр қағады. Ал тау биігінен дала бүркіті арылмайды, шырқау көкке жұтылып барып, төменге кезек-кезек құйылады.
Алты алашта талай-талай аруақты батырлар болған. Солардың ішінде Арқаның алтын тәжі – Арғанатыда дамылдағаны жоқ. Әулие биіктің топырағы тек Аралбай батырға бұйырыпты. Киелі жерге аруақты ие керек болған шығар.
Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Астана.
Суретті салған Н.АШТЕМА.