– Жексенбай Қартабайұлы, алдымен жалпы еліміздегі жайылымдық жердің жай-күйі мен мал санына қатысты мәліметтер туралы айтып өтсеңіз...
– Бүгінде еліміз бойынша 187 млн гектар жайылымдық жер бар. Соның 43 пайызы ғана қолданыста немесе 80 млн гектары ғана игерілген. Оның ішінде 27 млн гектары деградацияға ұшыраған, яғни азып-тозған деген сөз. Ғалымдардың болжамынша, осыншама кең-байтақ жермен бес Қазақстанды асырауға болады екен.
Ал қолымызда ұстайтын мал туралы айтатын болсақ, қазіргі кезде төрт түліктің саны 30 миллион шамасында. Оның ішінде қой 17 млн-ға жуықтаса, 6 млн шамасында ірі қара, 2 млн жылқы бар. Бұл осыдан 100 жыл бұрынғы қазақ даласындағы мыңғырған малмен салыстырғанда үш есеге аз. Ал 1913 жылы елімізде 90 миллионға жуық төрт түлік болған екен. Бүгінде ұлан-асыр даламызды ұқыпсыз пайдаланудың салдарынан 30 миллиондай малдың өзін жөнді баға алмай, құнарлы шөбімізді малға толыққанды жеткізе алмай келеміз.
Көктемгі жайылым – ол маңызды бас жайылым. Оның ерекшелігі, ол жерде малды екі жұмадан артық бағуға болмайды. Неге десеңіз, жер тез тақырланып қалады. Мұндай жайылымда төрт түлік мал аз жайылып, ол жер көздің қарашығындай сақталуы тиіс. Сол сияқты, ақ жусан, қара жусан деген өсімдік түрлерін пісіп-жетілген шағында күздің соңы, алғашқы қардың алдында малды арнайы жайып отырған. Себебі, осы шөппен қоректенген мал қыстан күйлі шығады. Ал сол шөпті ала жаздай малға таптатпай, оның пісіп-жетілгенін күтіп, баптап отырған. Қазір осындай жағдайлар нақты түрде ескерілмей келеді.
Заңда жыл мезгілдеріне және пайдалану кезеңділігіне сәйкес, қолайлы табиғи-климаттық жағдайларда ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін пайдаланылатын маусымдық және айналымдық жайылымдар туралы ұғымдар мен нормалар қарастырылған.
– Осыған байланысты енді не істеген жөн?
– Ата-бабаларымыздың сол тәжірибесін белгілі бір деңгейде енгізу керек. Осындай мақсатпен соңғы бірнеше жыл бойы жайылым мәселесін түбегейлі зерттеп, зерделей келіп, Парламенттің бір топ депутаты «Жайылымдар туралы» заң жобасын әзірледі. Бұл заңның ең басты ерекшелігі, ол еліміздегі жайылымдық жерлерді тиімді пайдалануды реттеуге бағытталған. Атап айтқанда, онда жергілікті атқарушы биліктің тетіктері арқылы ұйымдастыру, жоспарлау, басқару жүйесіне қатысты іс-шаралар легі айқындалған. Сонымен қатар, жұмысты жүйелі түрде қалай жүргізу керектігі жөніндегі нормалар барынша нақтыланған. Соларды жүзеге асыру үшін Үкіметтен бастап мал бағатын ауылға дейінгі іс-шараларды ұйымдастыру құзыретін кім, қалай заң жүзінде атқаруы тиіс деген мәселелер де көрсетіліп отыр.
Ал ондай құзыретті белгілеп, оны кімге беру керек? Осы кезге дейін Үкіметте жайылым мәселесін зерттеп, зерделейтін, онымен тікелей айналысатын уәкілетті орган болмаған еді. Мұндай құзырет заң бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне беріліп отыр. Яғни, уәкілетті орган жайылымдарды басқару және пайдалану саласындағы саясатты іске асырады және ұтымды пайдалану қағидаларын әзірлейді, бекітеді. Сондай-ақ, Үкіметке бір облыстың аумағындағы шалғайда жатқан жайылымдарды өзге облыстың ұзақ мерзімді пайдалануына беру жөнінде ұсыныс та енгізеді. Жайылымдарды қалпына келтіру, сақтау, ұтымды пайдалану және түбегейлі жақсарту үшін ғылыми-зерттеу, іздестіру, жобалау жұмыстарын ұйымдастырады. Бұдан бөлек, жайылымдардың мал басының жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормаларын әзірлейді және бекітеді. Осылайша, жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар әзірленеді. Бұл жоспар – қысқа мерзімді (бір жылға дейін) және ұзақ мерзімді (екі жылға дейін) кезеңдерге бекітілетін нормативтік-құқықтық акт. Аталған нормалар жайылымдар туралы заңның ең түйіні болып табылады.
– Ендеше, осы тетіктерді нақтылай түссеңіз. Яғни, қандай мекемеге нендей құзыреттер мен міндеттер жүктелген?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, ең алдымен, заңда уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы орган, қазіргі уақыттағы жергілікті өзін өзі басқару жүйесі мен жайылым иелері және жайылым пайдаланушылар арасындағы мәселелер нақтыланып, арнайы баптармен белгіленген. Осы баптарды жүзеге асырудағы ең басты мәселенің бірі – жергілікті атқарушы органдар не істеп, не қоюы керек деген жағдай. Елбасы қол қойған құжатта бұл тетіктер де қарастырылған. Яғни, өңірде жер мен мал санының нақты көрсеткіштері, оларды теңестіре отырып, тиімді басқару мен пайдалану жүйесін реттеу жергілікті атқарушы органға жүктелген.
Ал енді жоғарыда атап өткен уәкілетті орган республика бойынша өңіраралық жағдайларды реттейді. Осылайша, облыстан аудандық деңгейге сатылап төмен қарай түсе келе, ауданға қарасты ауылдық округтерге тірелеміз. Міне, жердің басым бөлігін уысында ұстап отырған осы ауылдық, аудандық әкімдік пен жергілікті өзін өзі басқару жүйесі өзара біріге отырып, әр ауылдық округ өзінің ерекшеліктеріне қарай тиісті жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарын әзірлейді. Бұл – ең басты және маңызды құжат.
– Яғни, осы жоспар жалпы жайылымдар туралы заңның дұрыс орындалуын қамтамасыз етеді деген сөз ғой?
– Солай деп нық сеніммен айтуға болады. Себебі, мал саны мен ауыл маңайындағы жер көлемі мұқият мониторингтен өткізіліп, бір жылдық немесе екі жылдық жоспар құрылады да ол жергілікті мәслихатта бекітіледі. Міне, осы кезде бұл нормативтік акт болып шығады. Ал ондай құжат орындалуы тиіс заңдық күшке ие. Осы орайда, жердің деңгейін нақтылай түсетін мынадай дерек келтіре кеткеннің артықтығы болмас. Мысалы, жердің өзі қалай бөлінеді? Ауыл маңындағы жайылымдық жер және ауылдық округтердің санатына жататын жерлер бар. Ол қандай жерлер? Олар шаруа қожалықтарының, ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің 49 жылға жалға алынған жерлері. Одан кейінгісі, орман шаруашылығына қарасты аумақтардағы жайылымдық және шабындық жерлер мен ерекше қорғалатын аумақтардағы (табиғи қорықтар) жерлер. Өзен-көлдер маңындағы жерлер бар. Міне, осылар ауылдық округ аумағындағы жерлер санатына енеді.
– Бірақ, қазір бұл жерлердің бәрінің иелері бар емес пе?
– Иә, солай ғой. Малы барлар мен малы болмаса да жүздеген гектар жерге иелік ететіндердің арасындағы теңсіздік салдарынан жайылым мәселесі түбегейлі шешілмей келеді. Сондықтан жаңа айтып өткен нормативтік актіге негізделген жоспарды бекітетін құзырлы органның өкілдері жер иесіне келеді де, былай дейді: «Сіздің осыншама гектар жеріңіз болғанымен, малыңыз жоқ, қашан мал аласыз?». Жер иесі өзінің мүмкіндігі мен жоспарына сай малды бір жылдан соң немесе екі жылдан соң алатындығын мәлімдейді. Сол сәтте жергілікті атқарушы органның өкілдері мемлекеттің атынан «Жайылымдар туралы» Заңның баптарына сүйене отырып, жер иесі мал алғанға дейін оның жерін малы бар жанға уақытша пайдалануына рұқсат етеді. Әрине, малы бар адам жерді тиісті салықтарын төлеп, өзге де талаптарды орындай отырып пайдаланады. Егер де жер иесі мал алмаса, ол жайылым, заңға сәйкес, мемлекеттің қорына алынады да заң бойынша жайылым пайдаланушыларға үлестіріліп беріледі.
Міне, осылайша ауылдық округтердегі жайылымдық жерлерді игеруде әр өңірдің өз жоспарына сай заңнамалық нормалары жұмыс істейді. Айталық, бір ауданда 15 ауылдық округ болса, мәслихат сол әр 15 ауылдың өз ерекшеліктеріне сүйене отырып аудан әкімдігі, өзін өзі басқару жүйесі, ауылдық округтің әкімдері бірігіп әзірлеген жоспарларын бекітіп беруі тиіс. Одан әрі қарай, әрбір шаруашылық бекітілген жоспар бойынша өзінің әлеуеті мен қызметтік ерекшелігіне қарай заң жүйесіне сәйкес жұмысын жүргізетін болады.
– Ал енді ауыл маңындағы жерлер сол елді мекеннің жайылым пайдаланушыларына жеткіліксіз болса, бекітілген жоспар бойынша оларды шалғайдағы жайылымдық жерлерге шығару қалай қарастырылады?
– Мұндай жайылымдық жерлер ауыл, ауданаралық және облысаралық шеңберде болуы мүмкін. Оны ауылдық округ шеңберінде аудан әкімі, ал ауданаралық шеңберде облыстық атқарушы орган өз шешімімен жүзеге асырады. Сол сияқты, жер жетіспегендіктен туындаған мәселелерді облысаралық деңгейде шешу қажет деп табылса, қолданыстағы заңымыз оған да зор мүмкіндіктер береді. Яғни, шекаралық шеңбердегі жайылым мәселесін Үкіметтің араласуымен өзара келісім арқылы шеше алады. Демек, ауыл-аймақтың жағдайы нормативтік актілер негізінде шешілсе, ауданаралық мәселелер облыс әкімдерінің араласуымен, ал облысаралық жайылымның түйіні уәкілетті органның ұсынысымен Үкімет арқылы тарқатылады.
Сондай-ақ, бюджет есебінен жасалған табиғи су қоймалары мен Үкіметтің қаражатымен қазылған құдықтар жалпы ортақ, бірдей және тең қолданылады. Мұны әдейі атап өтіп отырған себебім, кей өңірлерде су қоймасы мен құдықтарды меншіктеп алып, көптің қолдануына бермейтіндіктен, кейбір жағдайларда түсінбеушілік туындап жатады. Міне, осындай келеңсіздіктер орын алмас үшін заңда арнайы норма бекітілген.
– Заң жобасы арқау еткен жаңашылдықтардың тағы бірі – жайылым пайдаланушылар бірлестігінің құрылуы екен. Осы мәселені де таратып берсеңіз...
– Бұл жерде бір ауылдағы бір отбасының 50 қойы мен енді бірінің 100 қойын, үшінші үйдің 70 қойын біріктіру арқылы бір отар жинақтау көзделеді. Басқа малдың түрлері де осылайша біріктіріліп, зооветеринарлық талаптарына сәйкестендіріліп жасалады. Малды біріктіріп бағудың амалы ретінде қарастырылатын бұл әдіс Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кооперативтерге бірігудің бір қадамы саналады. Бірлестік құрылған соң, өздерінің ішінен бір төраға сайланады. Ол жиылған малға бас-көз болатын бақташы мен оған қажетті жағдайды жасаудың жай-күйін шешумен айналысады. Сондай-ақ, бақташының ақысын төлеу немесе кезектесіп бағу және айырбас өтем арқылы есеп айырысу жағдайларын да ұйымдастырады.
Кем-кетігі болса, құжат алдағы уақытта тіршіліктің ыңғайына қарай толықтырыла жатар. Бірақ, ерекше атап өтерлігі, бұл жайылымның ресми реттелуін көздейтін ең алғашқы заң болып отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»