Жиынды ашқан өңір басшысы Құмар Ақсақалов Жолдау талаптарынан туындайтын ауыл шаруашылығын ауқымды жаңғыртудың келелі мәселелерін кешенді түрде шешудің пісіп-жетілгенін атап көрсетті. Ауылшаруашылық өндірісін арттыру, жаңа технологияларды енгізу есебінен гектар шығымдылығын молайту кезек күттірмейді. Солтүстік Қазақстанның жері өте құнарлы, қарашіріндіге бай, топырақтың орташа бонитеті 54,8 балды құрайды. Сондықтан елімізде өндірілетін астықтың 30 пайызы өңір әлеуетінің шегі емес.
Құмар Іргебайұлы сонымен қатар облыс азық-түлік тағамдарының кейбір түрлерімен өзін-өзі қамтамасыз ете алмай отырғанына назар аударды. Мемлекет басшысы белгілеп берген стратегиялық міндеттерге қол жеткізудің ішкі мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып жүрген жоқпыз. Өңірде ауыл шаруашылығы – ең басым бағыттардың бірі. Бұл орайда, жер-ананың қайтарымын көтеру үшін барлық ауылшаруашылық тауарларын өндірушілермен тығыз жұмыс істеудің маңызы зор. Ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатымен биыл 43,9 миллиард теңге көлемінде демеуқаржы қарастырылған. Бұл – ауыз толтырып айтарлықтай қаржы. Ал, өсім – 39 пайыз
ғана.
Жасыратыны жоқ, кей агроқұрылымдар топырақтың құнарлылығын арттыру, ауыспалы егіс жүйесін қатаң сақтау, ауылшаруашылық дақылдарын әртараптандыру жұмыстарын өз деңгейін-
де атқара алмай келеді. Жермен жұмыс істеудің экономикалық тиімділігін көтеруде дәстүрлі әдістермен бірге қор сақтаудың нөлдік және жерді ең аз өңдеу технологиялары кеңінен пайдаланылмайды. Дәстүрлі технологиямен өсірілетін ауылшаруашылық дақылдары 42, нөлдігі 11 пайызды құрайды. Егістіктік алқаптарды парға қалдыру, сүдігер жырту жайына аз көңіл бөлінеді. Жиында 4 және 5 сұрыпты дәнді және бұршақ тұқымдас дақылдарды ерте пісетін, жоғары өнімді түрлерімен ауыстыру баса айтылды. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 65 мың тонна дизель отынының 39 мың тоннасына ғана шарт жасалған. Минералды тыңайтқыштар алуда шаруашылықтардың 9 пайызы ғана келісімге қол жеткізген. Үкімет қатты отынның әр литрін 126 теңгеден босатып отырғанын ескерсек, осынау мүмкіндікті мүлт жіберуге болмайды.
Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры Жексенбай Қасқырбаев септориоз, сабақтың таттануы, тағы басқа өсімдік ауруларының өршуі салдарынан өнімділік 30-70 пайызға дейін кемитініне нақты мысалдар келтірді. Оның бір ұшығы білікті мамандардың жеткіліксіздігіне, кәсіби даярланбауына, ғылыми жетістіктер мен жаңалықтардың енгізілмейтініне келіп тіреледі. Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты директорының міндетін атқарушы Әйіп Ысқақов сапалы жемазық базасын құрудың әлеуетін қалыптастыру жолдарына тоқталды. «Тайынша-Астық» ЖШС директоры Анатолий Рафальский астық өндірісін әртараптандыру тәжірибесімен бөлісті. Мұнда 2008 жылы егістік алқаптың 68,6 пайызына бидай өсірілсе, былтыр жасымық 40,9, бидай 21,3 пайызды құраған.
Соңғы жылдары ауылшаруашылық құрылымдарын қолдауға «Агроөнеркәсіп кешендерін дамыту» бағдарламасы аясында 240 миллиард теңге бөлінген. Алайда, өткен жылы еңбека-
қы төлеу қоры 13,5 миллиард теңге ғана болған. Іс жүзінде, мемлекет демеуқаржы есебінен жалақы төлеп отырғанына қарамастан оның мөлшері жөнінен облыс соңғы орындарда екен. Лайықты еңбекақы алмағандықтан, кадр тұрақтамайды.
Семинарда облыстың ішкі нарығы бұрынғысынша импортқа тәуелді екені, көптеген өнімдер сырттан әкелінетіні, сондықтан экспорт әлеуетін арттырудың, бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығарудың мүмкіндіктері де әңгімеленді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы