12 Мамыр, 2017

Жоба жаһандық ықпалдастыққа жаңа серпін қоса ма?

244 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Енді санаулы күндерден кейін Қытай астанасында «Белдеу және жол» атты эко­ном­и­ка­­лық жобаны жүзеге асыру барысын тал­қылауға арналған форум өтеді. Бей­жіңдегі айтулы шара жұмысына 100-ге тарта мемлекеттің қатысуы жос­парлануда.

Жоба жаһандық ықпалдастыққа жаңа серпін қоса ма?

Халықаралық жоба жайлы біз не білеміз?
2013 жылдың күзінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жасаған сапары ба­рысында өзара бірігу арқылы Жібек жолының экономикалық белдеуі мен ХХI ғасырдағы теңіз жолын жасау жөніндегі ұсынысын жариялаған болатын. Бұл жайында «Бастама алғаш рет Қазақстан топырағында талқылауға түсіп, Президент Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан қолдау тапқаны белгілі. Содан бергі 3 жылдан астам мерзім ішінде «Бір белдеу, бір жол» идеясын, 100 ел қуаттап, ал 40-тан астам мемлекет Қы­таймен өзара ынтымақтастаққа қол қой­ды», деп мәлімдейді ҚХР мемлекеттік ке­ңесінің мүщесі Ян Цзечи.
Биылғы Давос экономикалық форумында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин көпшілікті осы 14-15 мамырда Бейжіңде өтетін «Белдеу және жол» осы халықаралық ынтымақтастық форумына қатысуға шақырды. Фо­румның мақсаты – халықаралық ынты­мақ­тастықты тереңдету үшін өзара қа­рым-қатынастарды реттеу, жеткен же­тістектерді саралап, бұдан кейінгі іс-шараларды жоспарлау, Жібек жолы бойы елдерінің жұмыс жоспары мен стандарттарын бір жүйеге келтіру.
Бұл Қазақстанға не береді?
Ең бірінші кезекте біз Батыс Қытай мен Батыс Еуропаны Ресей арқылы жалғайтын көлік дәлізінің рөлін атап өтуіміз керек. Бұдан 2000 жылдай уақыт бұрын Ұлы Дала арқылы Жібек жолы өткені тарихтан белгілі. Жібек, форфор ыдыс, қағаз, бағалы зергерлік бұйымдар артқан сауда керуендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қызмет көрсету үрдісі сол замандардан қалыптасқан бо­латын. Демек, біз қазіргі уақытта сол дәс­түрді жалғай отырып, экономикалық тұр­ғыдан табыс табу мүмкіндігіне де қол жет­кіземіз.
Жібек жолындағы Қазақстанның екін­ші мүмкіндігі – мұнай-газ құбыры арқылы транзиттік дәліз иесі болу ғана емес, Батыс Қытайға осы құбыр арқылы тасымалданатын энергетикалық ресурстарды табиғи көздерден ұсынушы бола алатындығы. Рас, бұл жерде ойланатын мәселе бар. Қазақстан Қытай үшін шикізат қорына айналу қауіпі туындайды. Бұл қауіпті сейілту үшін Қазақстан өз экономикасын «Белдеу және жол» жобасы толық жүзеге ас­қанға дейін жаңғыртып, Елбасы жүк­те­ген­дей, Үшінші жаңғыртудан өтіп үл­ге­руі керек. Сонда құбыр арқылы дайын өнім: жа­нар-жағар май жөнелтіліп, ши­кі­зат өн­дірісінен дайын өнім сауда­сы­на өте­міз. Яғни, еліміз Қытаймен тол­ық­қан­ды серіктес, тең дәрежедегі ел бо­лар еді.
Үшіншіден, Қазақстан – органикалық табиғи азық-түлік өнім өндіретін, ауыл шаруашылығының мүмкіндігі 1 млрд адамды асырауға қабілетті ел. Бұл біз үшін өте ұтымды жол болмақ. Әсіресе, іш­кі тар шеңберлі нарық қысып отырған ауыл шаруашылығы үшін ауқымды сыр­тқы нарықтық сұраныс орын алса, біз­дің органикалық өнімді қымбатқа сат­ып алушы табылып отырса, әрине, қуанбасқа болмайды. 
Жаһанның геосаяси дамуы өзгере ме?
Бұл жоба толық іске асырылған жағдайда Еуразия құрлығында орасан өзгерістер орын алуы мүмкін. Ин­фра­құрылымның өзгеруі Еуропа мен Азия арасындағы қатынастар мерзімін мейлінше қысқартып, шығындарды азай­тары сөзсіз. Өзара тиімді халық­ара­лық еңбек бөлісі негізінде әр ел өз эко­номикасының абсолютті, салыс­тыр­малы және бәсекелестік артық­шы­лық­­тарын толық пайдалануына жол ашар еді. Яғни, саясаттағы өктемдік, тап­таурындылық сияқты мүдделер та­за экономикалық тұрғыдан таразыланып, жойылары хақ. Өйткені, қазіргі әлем­де экономикалық сипатта қанағат тап­паған мүдделердің кесірінен саяси қақтығыстар туып жатқаны жасырын емес. Және жоба сәтті жүзеге асқан жағ­дайда «Жібек жолы» экономикалық бел­деуі бойында жаңа елді мекендер бой көтеріп, қосымша жұмыс орындары ашылады, әртүрлі мекемелер жұмыс іс­теп әлеуметтік мәселелер шешімін та­ба­ды. 
­Мұның сыртында геосаяси арасалмақ қа­зіргі жағдайдан – АҚШ, Еуропа құр­лы­ғынан Еуразия құрлығына ойысатыны анық. Демек, бұл «Белдеу және жол» жо­баға топтасқан елдер Еуразия өңір­інің саяси, әлеуметтік геосаясатын өзара кеңесіп, татулық, түсіністік жә­не тең құқықты қатынас арқылы шешу­ге мүдделі болатыны сөзсіз. Қазақ мұн­дай­да «Қазан аузы жоғары...» дейді. Қал­ай болғанда да Қытай астанасында өт­келі отырған – экономикалық жобаны жүзеге асы­ру барысын талқылайтын форумнан кү­теріміз көп.

Жангелді ШЫМШЫҚОВ,
экономика ғылымдарының кандидаты