«Халықтың денсаулығын жақсарту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру Үкіметтің ең маңызды тапсырмасы болып табылады», – деді А.Мамин.
Оның айтуынша, денсаулық сақтау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар мен 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу қаржыландыру көлемін ұлғайтып, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырады.
Елбасының Жолдауда айтқан тапсырмаларын орындау мақсатында, қазіргі уақытта дәрілік заттардың бағасын, оның ішінде нарықтағы бағасын заңнамалық реттеу шаралары жүргізілуде. Бұл мәселе Парламентте талқылауға енгізіледі.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары атап өткендей, Үкімет дәрілік заттарды шығаратын отандық өндірушілерді қолдау жұмыстарын жалғастыруда. 2016 жылы қазақстандық фармацевтикалық өнім көлемі 42,4 млрд теңгені құрады, ол фармацевтикалық нарықтың жалпы көлемінің 8-12% құрайды. Мемлекеттік сатып алу көлемі 25,6 млрд теңге немесе жалпы көлемнің 60%-ы. А.Мамин айтқандай, «импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында, алдағы 5 жылда дәрілік заттардың отандық өндірісін 2 есеге ұлғайту жоспарлануда».
Ол сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ аясында медициналық заттар мен дәрі-дәрмектің бірыңғай нарығын қалыптастыру бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
А.Мамин бүгінде қауіпсіз, тиімді және сапалы дәрі мен дәрілік заттардың қолжетімділігін жоғарылатуға, фармацевтикалық бизнесті дамытуға бағытталған 70 құжат бойынша жұмыс жасалып жатқандығын айтты.