Аймақтар • 15 Мамыр, 2017

Вице-премьер Мырзахметовтің Қызылорда облысына жұмыс сапары

252 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының тапсырмасына сәйкес Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Вице-премьер Мырзахметовтің Қызылорда облысына жұмыс сапары

Жұмыс сапары Қожакент ауылдық округіндегі 54 ЖҚШ-ны біріктірген ет бағытындағы ауыл шаруашылығы коопе­ративтерінің бірі – «Миялы» отбасылық мал бордақылау алаңын аралаудан басталды. Аталған кооператив АӨК-ті дамытудың жаңа бағдарламасы аясында құрылған және «Ауыл шаруашылығына қолдау көр­се­ту қоры» АҚ тарапынан қаржы­ландырылған.
Бұдан әрі вице-премьер ауыл шаруашылығы кооперацияларына арналған өңірлік семинар-жиналысқа барып, оған төрағалық етті. Жиынға еліміздің алты облысының (Қарағанды, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Қы­зылорда және Жамбыл облыстары) өкілдері қатысты. Отырыс бары­сында А. Мырзахметов АӨК-ті дамытудың жаңа бағ­дар­ламасының басты басымдығы – ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту екендігін атап өтті.
Биылдан бастап жаңа бағ­дар­лама аясында ауыл шаруа­шылығы өндірушілеріне коо­перацияларға біріккен жағдайда кепілсіз несиелер берілуде. Бұған дейін екінші деңгейлі банктер ауыл тұрғындарының жылжымайтын мүлкін кепілге қабылдамаса, ендігі бұл мәселе өз шешімін тапты. 
Екінші аса маңызды фактор – бұл құрал-жабдықтар құнының 50%-ға арзандауы. Мысалы, кооператив 5 млн теңге тұратын құрал алса, онда мемлекет шұғыл түрде оның 2,5 млн теңгесін қайтарып береді. Ал қалған 50%-ды субсидия арқылы қайтарудың тиімді тетігі қарастырылған. Былайша айтқанда, қайта өңдеуге тапсырылған 1 литр сүт үшін кооператив 10 теңгеден алады, ал ірі қара малдың әр басы үшін 20 мың теңге, ұсақ мал үшін 1500 теңге, жем-шөптің тоннасына 20 мың теңге беріледі.
Тағы бір жағымды жаңалық, тұрғындарды жұмыспен қамту бағдарламасы аясында ісін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлер «Казагрокепіл» АҚ кепілдемесімен шағын несиенің 85%-ына дейін ала алады. 
Елбасының тапсырмасына сәйкес ауылдың әл-ауқа­тын арттыратын және ауыл шаруа­шылығы кешенін ел эконо­микасының драйверіне айналдыратын бағдарлама жасалды.
«Ауыл тұрғындары бірігуге әзір. Ол үшін барлық жағдай жасалды, және де 50 млрд теңге көлемінде субсидиялау, қаражат бөлу механизмдері әзірленді. Тіптен, нақты индикаторлар да бекітілді. Жергілікті атқару органдарына үйлестіру жұмыстарымен айналысып, алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру ғана қалды», – деп атап өтті вице-премьер.
Атап өтілген шаралар 500 мың­нан астам ЖҚШ мен шағын ша­руашылықтарды ауыл ша­руашылығы кооперативтеріне біріктіруге мүмкіндік береді. Қазіргі таңға дейін 223 кооператив құрылып үлгерді. Жыл соңына дейін 467 кооператив құрылады деп күтілуде.
Өз кезегінде, бұл үдерістер кәсіпорындардың жүктелімін 30%-ға арттырып, өндіруші мен тұтынушы арасындағы сауда құнын төмендетуге жол ашады. Сондай-ақ, жұмыспен қамту, көші-қон және т.б. өзекті мәселелерді шешеді.
Сонымен қатар, ведомство басшысы фермерлермен бір­ге өңірдің сумен қамтылуы мәсе­лесін талқылады және өткен жылдың күзінде Шиелі ауданын­да қолданысқа берілген тоған­ды қарап шықты. Бұл орайда, бағдарлама аясында тұрақ­ты суғарылатын 610 мың га ау­мақты алып жатқан жердің ирригациялық жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарының жоспарланып жатқанын атап өткен жөн. Осы қатарда 368 мың га аумақтық көлдетіп суғарылатын жер де бар. Бұдан бөлек, А.Мырзахметов «Үсен бауы» атты ІІІ облыстық малшылар слетіне қатысты.