«Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас-қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең... Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады», деген Елбасы мақаласындағы осы бір жолдар жобаның болашақ ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін айғақтаса керек.
Елбасының рухани жаңғыруға қатысты тапсырмаларын жүзеге асыруға байланысты арнайы жұмыс топтары құрылған болатын. Солардың қатарында Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығымен бірігіп, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының басты органы ретінде белгіленген-ді. Өткен жұма күні Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың жетекшілігімен аталған жоба жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: «Табысты болу – атақты болу деген сөз емес. Табысты адамдардың бәрі танымал емес. Сондықтан, біздің жобамыздың мақсаты – олардың елге, қоғамға сіңірген еңбегін көрсету, көпшілікке таныстыру. Жобаның аты айтып тұрғандай, біз Қазақстанға әлі танылып үлгермеген жаңа есімдерді іздеп табуымыз керек. Осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз», деді.
Өз сөзінде Ақпарат және коммуникациялар министрі журналистер қауымына арнайы қайырылды. Олардың кәсіби қызметі барысында әртүрлі тағдырлы жандармен жүздесіп, танымал болмаса да тағылымды іс жасаған кейіпкерлермен жиі кездесетінін тілге тиек етті. Журналистердің жазған мақалаларынан, жасаған репортаждарынан үндемей жүріп үлкен іс тындырып жатқан азаматтарды саралап, жаңа есімдерді табуға болатындығын қаперге салды.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай өз сөзінде жобаның жүйелі жүзеге асуы үшін жан-жақты талқылау керектігін тілге тиек етіп, оның ел ертеңі үшін өзекті боларын алға тартты.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» – бұл шындығында да бұрын-соңды болмаған жоба. Ол еліміздің дамуына үлес қосқан адамдарды кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Бірақ оларды іріктеу барысында біржақты қарамай, азаматтың тұлғалық қабілетіне де баса назар аударатын боламыз. Тұлғаның бойында іскерлік, адамгершілік, білім, мәдениет деген ұғымдар болуы міндетті. Оның жүрегінде осындай қасиеттер болғанда ғана ол басқаларға үлгі бола алады. Жұмыс тобы осыларды қалай анықтаймыз деген сұрақтың жауабын табу жолында жұмыс жасайды», деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары.
Жобаға үміткерлерді іріктеу барысында еліміздің барлық аймақтары қамтылатын болады. Жалпы, жобаға қатысты ұсыныстар 2017 жылдың 5 маусымына дейін қаралады. Жобаға қатысты «ЕL.kz» сайтының аясында «Қазақстанның бет-бейнесі болғым келеді» айдарын ашу жоспарланып отыр. «Қазақстандағы 100 жаңа есімді» іріктеу үшін «ЕL.kz» порталында жаңа функция іске қосылады. Ол нағыз мультимедиалық порталға айналады. Порталда 100, 200 немесе 500 емес, барлық табысты адамдарды орналастырсақ деген ұсыныс бар. Кез келген адам қалаған уақытында сайтқа кіріп, Қазақстанның жаңа есімдерімен таныса алады», деді Дәурен Абаев.
Арнайы жұмыс тобының отырысына қатысушылар жаңа есімдерді іріктеу, саралау сәтінде сан түрлі саланың тізгінін ұстаған білікті мамандар мен ерен еңбегімен көзге түскен жандардың қамтылуы керектігін бірауыздан мақұлдады. Басқалай айтқанда, аталған жобаға қатысушылардың қай-қайсысы да қазақстандықтарға үлгі болатындай тұлға болуы тиіс. Сонымен, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірігіп «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыруды бастады. Ендеше, біз де іске сәт дейміз.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ