Білім • 15 Мамыр, 2017

Малға жемді робот салады

357 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарауылдағы Абай атындағы мектеп-лицейдің 10-сынып оқу­шылары Расул Ролланұлы мен Серғали Ахметқалиев малға жем-шөп салатын робот құрастырды. Жас өнертапқыштардың бірі Расулмен тілдескенімізде құл­те­мірлер мал шаруашылығына қа­жетті шаруаны бір өзі атқара ала­тынын айтты.

Малға жемді робот салады

«Қыстың қақаған суығында ата-анамыз малға жем-шөп беріп, қиналып жүргенін көргенде оларға көмектескіміз келді. Сондықтан, осындай құлтемірді жасап шығардық. Бұл құрылғы, әсі­ресе, жасы үлкен, жәрдемге мұқтаж адамдарға септігін тигізеді деп ойлаймыз», деген ол болашақта роботты одан әрі жетілдіріп, көлемін де ұлғайтуды жоспарлап отырғандарын жеткізді. 
Қазір аталған мектеп-лицейде 12 робот бар екен. Білім ордасы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Анар Садыбекова мектепте жаңа оқу жылынан бастап 5-11 сынып оқушыларына робот техникасы пәні аптасына бір рет оқытылып жатқанын тілге тиек етті. Бұдан бөлек робот техникасы деген арнайы бөлме бар. Мұндағы он екі роботтың бесеуінің құрылғыларын Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің басшылығы тарту етіпті. Қалған алтауы аудан әкімдігінің қолдауымен сатып алынған. Мұндай кабинет әзірге Абай ауданында осы мектеп-лицейде ғана ашылған.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы