Әлемнің ең дамыған отыз елінің санатына қосылу шартының бірі – «Жаһандағы заманауи мәдениет» жобасын» іске асыру болып табылады. Мәдени өнімдеріміз рухани құрал – алдымен кітап түрінде өркендеуі абзал. Бұл сала бойынша біз қазір жойдасыз артта қалып отырғанымыз жасырын емес. Әсіресе Батыс елдерінен. Мәселенки, Израильде жан басына шаққанда жылына жеті кітап, Жапонияда он бір кітап шығарылады. Кеңес Одағы кезінде бұл көрсеткіш он екі кітап болса, нарық заманында ерепейсіз құлдырады. Ресейіңнің өзі қазір жан басына шаққанда үш-ақ кітап шығарады. Көркем әдебиет 2,5 есе азайған! Бізде кітап мәдениетінің жайы бұдан да сөкет. Тиражы, шірегенде, 2000 данадан аспайтын болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Кітап неге барлығы екі-ақ мың ғана данамен тарауы тиіс? Біздің республика сияқты кітаппен сусындап қалған байтақ елге, әлбетте, бұл аздық етеді» деп, бұл ауыр ахуалды түбірінен өзгертуге міндеттеп отыр.
Бүгінде Қазақстанда 17 миллионнан аса халық тұрады. Олардың басым бөлігі, атап айтқанда, 12 миллионы – қазақ жұрты. Шет елдердегі қандастарымызбен қосқанда 15 миллион құрайтын қазаққа екі мың дана кітапты көздің дәрісі етіп тамызсаң да жетпейді ғой!
Кітап және кітап ісінің құлдырауы, айналып келгенде, жазушылардың әл-ауқатына кері әсерін тигізуде. Жуырда Мәжіліс депутаттарының: республикамыздағы кітап сөрелерінде қазақ әдебиеті туындылары не себепті аз деген сауалына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы:
− Кемшілік себебін табу оңайдың оңайы − авторларға қаламақы жарытып төленбейді. Баспалар авторға кітап шығаруға жұмсалатын соманың он пайызын бөледі, бұл − шамасы 300-400 мың теңге. Кітап жазуға 5-6 жыл уақыт кететінін ескерсек, ондай азын-аулақ қаламақы қаламгерге жұқ та болмайды. Жастар қазір кітап жазуды қойған, − деп жауап қайтарды.
Қазіргі қаламгер атаулының бәрінің тілінің ұшындағы шындық сөзді естіген сайын жазушылардың кешегі Кеңес кезіндегі күй-жайы еске түспей қоймайды. Ұлтымыздың ұлы суреткері Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы жуырда әлемнің әдеби картасына енгізілді. Ал, сол заңғар жазушы кезінде жоғары қаламақы алып тұрмаса, дүние жүзі мойындаған даңқты шығарма жазылар ма еді, жазылмас па еді? Мұхаң, Мұхтар Омарханұлы Әуезов материал жинауы, іріктеуі, ойлану, тебіренуі, жазу-сызуы бар, бәрін жинап түгендегенде роман-эпопеяны тудыруға ондаған жыл уақытын сарп етті. Алматыдағы Мұқан Төлебаев атындағы көшенің Абай даңғылынан сәл төменірек тұсынан отбасы қонысы − екі қабат әдемі үй салдыртты. Осы игіліктің көзін – соншама қыруар қаражатты ол кісі қайдан тапты дейтін емес. Негізінен жазған туындылары үшін жоғары қаламақы алып тұрғандығының арқасында.
«Алып анадан туады» дейді атам қазақ. Дүниеге талай жас өскін таланттар келіп жатады. Сондай боздақтарды шөміштен қысып, жолын кеспеу үшін не істеуге керек?
«Ақылды мешкей қазанның астына қарайды, ақылсыз мешкей қазанның үстіне қарайды» демекші, бар кесепат – кітап өнімінің өзіндік құнының бізде тым жоғары екендігінде. Қағаз және бояу өндірісі атымен жоқтығы себепті, баспахана, офсет және газет қағаздарын күні бүгінге дейін ерепейсіз қымбат бағамен шет елдерден сатып алуға мәжбүрміз. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы кітап өндірісіне қажетті шикізатқа тәуелділіктен қашан құтылмақ? Құдай-ау, Астана шаһары іспетті көруге көз керек қаланы әпсетте бой көтерткен ел үшін қағаз және бояу өндіретін кәсіпорын салу соншама ала алмас қамал емес қой...
Қазір бізде саны көп, сапасы жоқ екі жүзден астам жеке меншік баспа істейді. Бәрі де тайлы-таяғы қалмай бюджет емшегін емеді. Мемлекет бюджетінен бөлінген тендер үшін таласып, жан алып, жан беріп жатқаны. Жеңіп шыққандары там-тұм кітап бастырады. Жеңілгендері құрдымға кетеді. Қайсыбір автор жазған туындысын өз қаражаты есебінен шығарып жүр.
Жолын бағдарламаған адасады. Кітап саласындағы тығырықтан шығудын амалын қарастыру – қазіргі уақытта ең өзекті, ең заманауи мәселе. Біздіңше, авторға қомақты қаламақы төлей алатын, бюджетке мөлимеуі былай тұрсын, өз күнін өзі көретін, тіпті, керек десеңіз, мемлекет бюджетіне қомақты үлес қосатын, пайда беретін кітап және кітап ісін ұйымдастыруға қазір де әбден болады. Ол үшін ең әуелі осы аса маңызды идеологиялық һәм өндірістік − экономикалық саланы басқаратын, зәрулі проблемаларды үкімет пен Парламент алдына қоюға мүмкіндігі бар арнайы министрлік немесе агенттік құру міндет.
Болашақ Баспа министрлігі не агенттігі ең алды қағаз және бояу өндіретін кәсіорындар ашуы, кітап саудасын реттеуі, кітапханалар санын көбейтуі қажет.
Көркем сөздің хас шебері, өмірінің соңғы жылдары бірыңғай жазушылық жұмыспен шұғылданып, негізінен қаламақы есебінен күн көрген Ғабит Мүсірепов бұдан ғасырға жуық бұрын, 1928 жылы «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жарияланған мақаласында:«Қараңғылығы қалың кезде, түгіне түсінбесе де, кітап алатын елге аз да болса қара танитын кезінде кітап тарата алмай отырмыз. Таратпасақ, кітап басып керегі не?» деп жазыпты.
Ғабең ол кезде «Қазақстан» баспасының директоры-тұғын. «Отқа жақынның қолы күйеді» деген секілді, шығарған кітаптарын өткізетін орын таба алмай қиналған соң үндеу іспетті мақала жазады. Кітап сататын магазиндерді елдің ортасына апару керек. «Ойыл қаласында кітап магазині жоқ екен! Бұл сұмдық емес пе. Бұл әр жерде толып жатқан сұмдықтың бірі ғой...». Кітап саудасын басқаратын бір мекеме болуға керек... − деп салиқалы ұсыныс жасайды.
Кеңес кезінде Ғабең көксеген ондай мекемелер «Казкниготорг», «Казпотребсоюз» деп аталатын. Не шара, мынау нарық келді де, кітап саудасымен айналысатын осы мекемелерді құртып тынды. Нәтижесінде, кітап дүкендері, кітапханалар күрт азайды. Ғабең сынаған сол Ойыл ауданында өткен ғасырдың жетпісінші жылдары 26 кітапхана істеген екен. Содан бергі жиырма жыл шамасы уақыт ішінде Ойыл өңірі материалдық жағынан дамығанымен, рухани салада, Құдайдың құдіреті, дағдарысқа ұшырапты. Мысалы, жарты ғасырдан бұрынғы 26 кітапхана кеми-кеми 16-ға түскен...
Бюджеттен тиісті қаражат тек кітапханаларға бөлінсе, кітап тиражын әжептәуір арттыруға септесер еді. Қазір Қазақстанда көпшілікке қызмет ететін 11423 кітапхана жұмыс істейді. Әрқайсысы шығып жатқан кітаптардың бір-бір данасын алатын болса, әр басылым таралымы 2000 дана емес, бірден 10 мыңнан аса көбейеді ғой.
Бүгінде там-тұм тиражды кітап бағасы удай қымбаттығынан азын-аулақ кітапханалардың өздеріне жетпей жатады. Оңтүстік Қазақстан облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Күлия Айдарбекова: «Кітапханаға жылына бюджеттен кітап сатып алуға 5 миллион теңге қаражат бөлінеді. өздеріңіз білесіздер, қазір кітап қымбат. Біреуінің өзі кем дегенде үш мың теңге тұрады. Әрине, біз олай кітап қорын толықтыра алмаймыз» деп шағынады.
Таралым, кітап бағамы, авторлық қаламақы − бір-біріне тәуелді факторлар. Тиражы мардымсыз кітап қымбат. Ал, тиражы көп кітаптың бағасы арзан. Басылым бұрынғы Кеңес кезіндегідей ондаған мың дана таралыммен шығарылса, бағасы да айтарлықтай төмендеп, авторға лайықты қаламақы төленер еді.
Бір ғана мысал. Олжас Сүлейменовтің атышулы «Аз и Я» кітабының (1975) әр баспа табағына 400 рубльден төленді. Ол кезде рубль долларыңнан да құндырақ болатын. Тиражы – 60 мың дана. Есептей беріңіз... Ал, сол даңқты ақын, жазушымыздың 2002 жылы шыққан «Тюрки в доистории» кітабының таралымы 1000 дана ғана. Авторының осы еңбегі үшін көк тиын қаламақы алмағанын былай қойғанда.
Атап көрсету керек, қазіргі уақытта бізде көп тиражды, арзан бағалы кітап өнімін қамтамасыз етуге керекті қағаз бен бояудан басқа құралдар, толық. Дес бергенде, республикамыздың полиграфиялық өндірісі айтарлықтай жолға қойылған. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап 15 жылдың көлемінде Алматы, Целиноград (бүгінгі Астана), Қарағанды қалаларында ірі полиграфкомбинаттар салынды, басқа облыстардың бәрінде жаңа типтік жоба бойынша облыстық, көптеген қалалық және аудандық баспаханалар тұрғызылды. Сол полиграфиялық кәсіпорындарда станок, машина, компьютерлердің құлағында ойнайтын мамандар да жеткілікті. Алматыдағы кітап қалашығында орналасқан полиграфиялық училище баулып өсірген мамандар саны он мыңнан асты. Енді Алматы полиграфиялық колледжі деп аталатын бұл оқу орны ұжымы жақында өзінің құрылуының 40 жылдығын атап өтті.
Мол тиражды, арзан бағалы кітап шығарудың және бір шарты – оқырман санының жеткілікті болуы. Кеңес кезінде рес-
публикамызда 700 қазақ мектебі жабылған күннің өзінде де көп таралымды, арзан бағалы кітап басылып тұрды. Енді мына тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізде кітап оқитындардың саны, Құдай тіл-көзден сақтасын, болып көрмеген дәрежеде ұлғаюда. Соңғы ширек ғасырда республикамызда салынған жаңа мектептердің дені – қазақ мектептері. Бір ғана Алматыда қазір 65 таза қазақ мектебі бар. Осы мектептерде 36 мыңнан астам өзге ұлт өкілдерінің балалары білім алуда. Сөйтіп, қазақ тілді кітап оқырмандарының саны соңғы жылдары үсті-үстіне көбеюде. Мәдениет және спорт министрлігінің дерегі бойынша, елімізде мемлекеттік тілді меңгергендер 82 пайызға жетті.
Алайда оқырман саны елеулі түрде артқанымен, жеке меншік баспалардың көбі осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалана алмай отыр. Оның бер жағында олардың көбісі шығарған басылымдардың сапасы мәз емес. Бүгінгі кітапта стилистикалық ағаттықтар жиі ұшырасады. Емле қателері өріп жүреді. Себеп: аппаратында редактор, корректор кадрлары жетімсіз. Тіпті өзі директор, өзі редактор, өзі корректор әмбебаптар кезігетін жеке меншік баспалар да жоқ емес.
Кітап және кітап ісіндегі орын тепкен кемшіліктерді жоюдың амалы айта берсе толып жатыр. Кітап және кітап ісін дамыту мақсатында жеке меншік және мемлекеттік баспаларға Еуропалық одақ елдеріндегі сияқты салықтық жеңілдіктер беру жағын да ойластыру керек.
Біздіңше, болашақ Баспа министрлігі не агенттігі республикамызда, айталық, Астана мен Алматы қалаларында мемлекеттік баспалар ашуы қажет. Ондай практика бүгінде кездеспейді емес. Мәселен, Ресей Федерациясының Саха (Якутия) республикасында «Бичик» атты ұлттық баспа әлеуметтік маңызы зор әдебиет үлгілерін шығаруда.
Қазіргі кітап өндірісіндегі ең басты міндет – идеялық-көркемдік дәрежесі жоғары кітап шығару, туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айырықша іңкәрлікпен атсалысатын, ұлтымыздың рухани жаңғыруын жаңа сатыға көтеруге көмектесетін туындыларды көбейткен үстіне көбейту.
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ,
«Кеңес Одағы үздік баспагері» белгісінің иегері