Шара Қаратау етегіндегі «Үсен бауы» тау шатқалында өтті. Слет барысында жергілікті ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды.
«Қазір Иран, Қытай, Еуропа, Ресей елдері Қазақстанда өндірілетін табиғи өнімдерге үлкен қызығушылық танытып, агросекторға инвестиция салуға, өндірілген ауылшаруашылық өнімдерді сатып алуға дайын екендігін білдіріп отыр. Осыған сәйкес биылғы жылдың өзінде облыс аумағынан 100 тонна мүйізді ірі қара етін және 25 тонна қой етін экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде Иран Республикасына қойды тірідей экспорттауға қызығушылық білдірген бірнеше ирандық компаниялардың басшылары біздің шақыруымызбен облыста болып, мал және ет сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Осы бағытта «Сыр маржаны» және «Шаған жер» жауапкершіліктері шектеулі серіктестерінің 6000 басқа арналған жаңа заманауи мал бордақылау алаңдары экспортқа шығаратын ірі қара етін өндіретін болады. Сонымен қатар, Сырдария ауданында «Абай-Дәулет» серіктестігі 10 мың бас қой бордақылау алаңы мен жылына 250 тонна қозы етін өндіретін кешеннің құрылысын аяқтап, жұмысын бастады», деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Аймақ басшысы және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Республикалық ауылшаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрағасы Әбубәкір Сүлейменов слетке қатысушыларды құттықтап, ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлерін медальдармен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Арнайы құттықтау мен бағалы сыйлықтарға аймақтағы 30 озат малшы ие болды.
Шара соңы концерттік бағдарлама, ұлттық спорттық ойындар және жалпыхалықтық серуенге ұласты.