Әдебиет • 15 Мамыр, 2017

Жарты ғасырлық еңбектің есебі

196 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы, Ұлттық кітапханада ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төр­ағасы Нұрлан Оразалиннің он томдық шығармалар жинағы мен орыс тілінде басылған «Избран­ное» кітабының тұсауы кесілді.

Жарты ғасырлық еңбектің есебі

Осыдан жарты ғасыр бұрынғы:
«Атағы жоқ Есениндер… 
жын қысқан…
Жаңғырады жатақхана өлеңі.
Менің жиырма жасым мұң құшқан…
Түн ортасы…
Көше бойлап келеді.
Жауындатып келеді,
Дауылдатып келеді,
Ән-жыр кешіп келеді,
Жаңбыр кешіп келеді,
Желп-желп етіп желегі,
Менің жиырма жасым келеді...» – деген бозбала жырдың жетпістің жалына қол артқан шағыңда ел тарапынан үлкен құрметпен оқылып жатса – ақын ретінде арқаны кеңге салуыңа толық негіз бар деген сөз.
«Қазақстан пионерінен» Мәдениет министрлігіне ауысарда газеттің бас редакторы Фариза әпкесі қатты ренжіпті. Айтпағы түсінікті, мемлекеттік қызмет поэзияңа кері әсер етуі мүмкін. Қазақ поэзиясының падишасын алаңдатқан да ә дегенде сүйсінте келген өлеңнің тазалығы болса керек. Өлең мен көгенді шатастырып алмайтынына сенгені шығар, ақыры ризашылығын беріп, шығарып салыпты. Он томдықтың тұсаукесеріндегі салтанатты жиында жазушы Кәдірбек Сегізбаевтың: «Мен мемлекеттік қызметте жүрсе де өндіріп жазған, қос тізгінді тең ұстаған екі адам­ды білемін. Бірі – Әбіш Кекілбаев, екіншісі – осы Нұрлан», – деген сөзі де көп нәрсені аңғартады. 
Ақын, Жазушылар одағы бас­қарма төр­ағасының бірінші орынбасары ­Ғалым Жайлыбайдың жиынның ашылуында айтқан: «Биылғы жылы Нұрекеңнің қатарлары 70 жасқа келе бастады. Осы жылы қазақтың 38 белгілі қаламгерлерінің мерейтойы өтеді екен. Оның ішінде өмірден өткендері де бар. Белинский Пушкин жайлы жазған мақаласында «Ақындық – ұжымдық құбылыс. Оны орта тәрбиелейді» деген ой айтылады. Бұл өте рас айтылған. Бір қаламгерді зерттеп айту үшін оның қатарларын қарау керек», – деген сөзі де осыдан шықса керек. 
«Ан Арыс» баспасынан шыққан он томдық шығармалар жинағы мен Мәскеудің «МИК» баспасы шығарған орыс тіліндегі кітаптың тұсаукесеріне арналған кеш «Ғарыш мінезді жырлар» тақырыбында өтті. Өлеңдер, пьесалар, сұхбаттар мен әр жылдары жазылған мақалалар мен эсселер енген жинақтың тұсауын Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов кесті. 
 Жазушылар одағы басқарма төр­ағасының орынбасары, «Қа­ламгер-Медиа» орталығының дирек­торы Жа­нарбек Әшімжан жүргізген кеште ақын жайлы естеліктер, құттықтау сөз­дер аз айтылған жоқ. Марал Ыс­қақ­бай, Бексұлтан Нұржекеев, Кә­дірбек Се­гізбаев, Смағұл Елубай, Шөмішбай Сариев, Қуанышбай Құрманғалиев бас­та­ған замандас­тары он томдық еңбек Оразалин шығармашылығының бір бе­лесі екенін, іріктелген еңбек екенін айт­­ты. Мұрат Әуезов «Избранное» жи­­­на­ғына енген өлеңдердің сапалы ауда­рылғанына тоқталды. Ол­жас Сүлейменовтің алғы сөзімен шық­қан жи­наққа енген өлеңдерді С.Мнаца­канян, Н.Чернова, В.Антонов, Л.Шаш­кова, А.Матвеев, Қ.Бақбергенов, Б.Жыл­­қы­баев, О.Жанайдаров сынды аудар­ма­­шы­лар тәржімалаған. Өлеңде­рінің өзге тілде де түсінікті, тартымды аударыл­ғанын ақынның өз аузынан да естідік.
– Өз өлеңіңді өзгенің аузынан тыңдап отырып, кейде «осы өлеңді расында мен жазып па едім?» деген бір сезім иек­тей­ді. Бұл он томдық бір жылдың емес, ме­нің бүкіл ғұмырымның, бар шы­ғар­­­ма­шылығымның жылнамасындай. Өт­кен жылдардың бір есебі ретінде осы он томдықты жет­піс жыл­дық мерейтойға орай­­­ластырып, өз­де­ріңізге ұсынып оты­рмын, – деді Нұр­­лан Мырқасымұлы қо­ры­тын­ды сөзінде. 
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясы «Сахна сөзі» ка­федрасының меңгерушісі, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дариға Тұранқұлованың шәкірттері сахналаған ақын өлеңдері кештің әрін кіргізе түсті. Ұлттық кітапхана қоры Нұрлан Оразалиннің өмірі мен шығар­машылығына арналған кітап көрмесін ұйымдастырды.

Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ