Қазақстан • 15 Мамыр, 2017

Қызылорда облысында жылу қазандығының мұржасын құлату кезінде бір адам қайтыс болды

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Апат айтып келмейді». Жазым дегеніңіз аяқ астында. Қызылордада осындай апатты жағдай болды. Оқиға 14 мамыр күні сағат 18:20-да «Қызылорда жылу электр орталығындағы» жарамсыз жылу қазандығын демонтаждау кезінде болған. Апат салдарынан бір адам қаза болып, бір кісі жарақат алды.

Қызылорда облысында жылу қазандығының мұржасын құлату кезінде бір адам қайтыс болды

Жарамсыз жылу қазандығының көк тіреген мұржасы 1962 жылы салынған екен. 2003 жылы аталған мұржа жарамсыз деп табылған. Соны құлату барысында Тұрақ Бақанов есімді азамат үйіндінің астында қалып қойып, қаза тапты. Ал Рысқұл Айтқұлов жарақат алды.

«Негізгі мердігер «АБК құрылыс» компаниясы болатын. «Алтын ЛТД» серіктестігі қосымша мердігер болып кіріскен. Мұржаның айналасында «Қызылорда жылу электр орталығы» мекемесінің бірнеше ғимараты болғандықтан, онда адамдар қызмет ететіндіктен аталмыш жұмысты жексенбі күні жасайық деген шешімге келдік. Өйткені қызметкерлердің қауіпсіздігін сақтауымыз керек. Барлық жұмыс жоспар бойынша іске асты. Оқиға орнында үш адам жұмыс істеді. Бірақ мұржа құлаған кезде бір адам үйінді астында қалып қойды. Екіншісі жарақат алды. Қазір осы іске байланысты қылмыстық іс қозғалды. Мәселенің мән-жайы әлі де анықталады», деді «Қызылорда жылу орталығы» мекемесінің директоры Бауыржан Мадрайымов.

«Оқиға орнына Қызылорда облысы ТЖД жедел тобының техникасы мен қызметкерлері, Оңтүстік аймақтық аэромобильді оперативті-құтқару отряды, өрт сөндіру қызметі мен Қызылорда облысы ТЖД апатты-құтқару қызметкерлері жұмылдырылды. 60-қа жуық құтқарушы мен 10 техника, 2 кинологиялық есеп жұмыс жүргізді», дейді облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою бөлімінің басшысы Бақтияр Тұрманов.

Ал «Алтын ЛТД» серіктестігінің бригадирі Молдағали Олжағұлов қаза болған Тұрақ Бақановтың отбасына барлық көмек көрсетілетінін, ал Рысбек Айтқұловтың жағдайы бір қалыпты екенін айтады. «Мұндай тосын оқиғадан ешкім сақтандырылмаған ғой. Барлығы ойламаған жерден болды»,– дейді ол.

Ержан Байтілес,
«Егемен Қазақстан»