Қазақстан • 15 Мамыр, 2017

Киіз билет кімге бұйырады?

187 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Айға жетпейтін уақыт қалған ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ауыз толтырып айтатын жаңалығы жеткілікті. Сондықтан да Астанаға төрткүл дүние көз тігіп, күтіп отыр.

Киіз билет кімге бұйырады?

Кәдесыйдан құр қалмаңыз!

Биыл елордамыздың еншісіне тиген ЭКСПО көрмесінің билеттері сатылымға түскенінен хабардармыз. Талайымыз кассалардан алып, миллиондар қатысатын шараны күн санап тағатсыздана тосып жүргеніміз де рас. Ал соның ішінде құны 20 мың теңге тұратын билеттің ерекшелігі не екенін білесіз бе? Ол киізден жасалған. Бұйырса, бас шаһардың төріне қадам басқан қонақтар киізден жасалған билетке қол жеткізе алады. Оны кәдесый ретінде де сақтауға болады.

Арнайы тапсырыспен баспадан шыққан билеттердің саны шектеулі. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Коммерцияландыру департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев олардың бар-жоғы 10 мың дана екенін айтады. Ең бастысы, киізден жасалған билеттер көрменің кез келген күніне жарамды әрі оны тіркетудің қажеті жоқ.

«Киізден жасалған билеттер шетелдіктерге міндетті түрде ұнайды. Олардың көбі қазақтың ұлттық бұйымдарына қызығады. Бұл ретте киізден жасалған билеттер біздің табиғатымызға да жақын. Билет әрі кәдесый түріндегі бұйым болғандықтан, көптің көңілінен шығатыны сөзсіз», дейді тері бұйымдарының шебері елордалық Дархан Кебекбаев.

«Космостың» жүлдесі қомақты

ЭКСПО-2017 көрмесінің тағы бір қызығы – үздік инновациялық жоба үшін құны 20 мың еуро болатын «Космос» сыйлығы беріледі. Осымен бесінші рет тағайындалған жүлденің  әзірге кімге бұйыратыны белгісіз?

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Халықаралық қатысушылармен жұмыс жөніндегі департамент директоры Илья Оразақовтың айтуынша, бұл – ЭКСПО-90 халықаралық қоры мен Халықаралық көрмелер бюросының әлеуметтік жобасы. Мөлшері, жоғарыда айтқанымыздай, қомақты. Ол жобаны дамытуға арналған стартап түрінде табысталады, яғни халықаралық көрме аясында әлеуметтік салада үздік деп танылған инновациялық жобаға беріледі.

Аталмыш сыйлық туралы құжатқа «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов, Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес және «ЭКСПО-90» қорының басшысы Нориаки Отсуки қол қойған болатын. Бүгінде Халықаралық көрмелер бюросы мүшелерінен арнайы қазылар алқасы құрылып, байқаудың тақырыбы жарияланды. Үдеден шыққан үздік жоба Астанада өтетін көрменің жабылу салтанаты кезінде анықталатын болады.

Ұлттық музейдегі үш керемет

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ерекше сыйлықтарының бірі – терракот әскері, ежелгі Мысыр ескерткіштері және Эрмитаждағы экспонаттар. Қонақтар бұл құндылықтарды Астанадан алыстамай-ақ көре алады. Алғашқысын Ұлттық музейден тамашалайсыз. Аты аңызға айналған император Цинь Шихуандидің терракот әскері музейінің көрмесі 9 маусымнан 10 қыркүйекке дейін жалғасады. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген Цинь династиясы жауынгерлерінің мүсіндері – нағыз өнер туындысы. Онда елуге жуық археологиялық бұйым қойылады. Атап айтсақ, әскерлердің мүсіндері, қару-жарақтар, ыдыс-аяқтар, алтын және күміс әшекейлер.

Келесісімен де аталған нысанда қауыша аласыз. Мысырдың мәдениетімен, тарихымен етене танысуға мүмкіндік алған келушілер патшаның алтын жалатылған ағаш күймесін, отырған тағын, саркофагын, асыл тастармен өрнектелген перғауынның алтын жағасын және қыз мүсінін көреді. Грек-рим кезеңі римдік әйел бейнесінің мүсіні арқылы әспеттеледі. Әсем жазулармен безендірілген шырағдан және гүлмен көмкерілген фарфор табақ жәдігерлері Ислам кезеңін қамтиды. Бұл 23 маусымнан бастап елордалықтар мен қонақтардың назарына ұсынылады.

Ал үш миллионға жуық жәдігері бар әлемдегі ең үлкен мұражай Эрмитаждан келген қару-жарақ көрмесі 3 шілдеден 10 қыркүйекке дейін жалғасады. Ұлттық музейде болатын «Эрмитаж күндерінде» Шығыс пен Батыстың жетпіске жуық қару-жарақ үлгісі қойылады. Оның ішінде Түркия, Иран, Үндістан, Жапония, Франция, Италия, Германия, Испания елдерінде әскерде, аңшылықта, мерекеде пайдаланылған қарулар бар.