Тәуелсіз мемлекет ретінде 1992 жылғы 2 наурызда БҰҰ-ға мүше бола салысымен Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа өзінің бейбітшіл саясатымен енуге кірісті. Елдің ішкі өмірі эволюциялық сипаттағы экономикалық реформалармен ерекшеленді. Сыртқы саясатта Қазақстан барлық мемлекеттермен тең, әділ, өзара пайдалы, прагматистік көпвекторлық қағидатты таңдады. Ұдайы жаңару, реформалау жүзеге асырылғанымен, елде қауіпті ауытқулар мен күрмеуі қиын қайшылықтар орын алған жоқ.
Қазақстан әлемдегі екі алып держава – Ресей мен Қытайдың ортасында тұрғанына қарамастан, әлемдік басқа тартылыс нүктелерімен де жақсы қатынастар орната алды. АҚШ, Жапония, Канада, Оңтүстік Корея, Еуроодақ мемлекеттері Қазақстанды стратегиялық әріптесі, сенімді экономикалық және сауда серіктесі ретінде қабылдай бастады. Себебі, Қазақстан 1997 жылдан бастап әлемдегі даму қарқыны жақсы елдердің қатарына енді. Дүниежүзілік банк мәліметтері бойынша, Қазақстан экономикасы 25 жылда 7,4 есеге өсті. Осы уақыт аралығында сауда тауар айналымы 52 млрд теңгеден 7,3 трлн теңгеге дейін, яғни 141 есеге артты.
Қазір Қазақстан әлемнің 118 еліне 970 түрлі тауар экспорттайды. Негізгі сауда әріптестері Еуроодақ, Ресей, Қытай, Азия елдері болып отыр. Сауда, экономикалық, мәдени қатынастардың жақсаруы арқасында Қазақстан 26 шет мемлекетпен әуе байланысын 88 халықаралық маршрут бойынша орнатып отыр.
Алайда, әлемдік экономикалық тәртіптердің ой-шұқырлары көп. Қаржылық үрдістер де қайшылықтарға толы. Күрделі құбылыстарды дөп баспаған мемлекеттер опық жеп жатады. АҚШ, Қытай, Жапония, ЕО елдері сияқты экономикалық қуатты державалардың өз мүдделерін қорғау үшін жүргізіп жатқан түрлі әдіс-әрекеттерінің де әлемдік қайшылықтарды қиындата түсетіні ақиқат. Басым державалардың эгоистік мүдделері әлемдік экономикалық-қаржылық дағдарыстар циклының ХХІ ғасыр басында 3 мәрте қайталануына себеп болды. Қазақстан Үкіметі осы қиын лабиринттерден ел экономикасын аман алып шығуға тырысып бағуда.
Сарапшылар Қазақстанның мұнай, газ, түсті металл экспорттауы саясатын біржақты, жеткіліксіз деп бағалап отыр. Мәселе, экономиканы әртараптандыруға келіп тірелді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды тапсырмаларының арқасында экономиканы әртараптандыру шаралары белсенді жүргізіле бастады. Соңғы 10 жылда 800 жаңа кәсіпорын салынып, бұрын өндірілмеген 500 жаңа тауар мен өнім шығарылуда. Индустрияның өндіруші секторындағы еңбек өнімділігі 60 пайызға өскен. Қарап отырсақ, елдің ішкі экономикалық дамуына әлемдік экономикалық ахуалдағы өзгерістер тікелей әсер ететінін байқаймыз.
Қазақстан осындай әлемдік қауіптер мен қатерлерге жауап беруге қабілеттілік көрсетуінің арқасында әлемдік қоғамдастық алдындағы өзінің абыройлы орнын ала бастады. Бәсекелестік әлемдік қатынастардың негізгі үрдістерінің біріне айналды. Оған жауап беру үшін елдің ішкі экономикалық және әлеуметтік қуаттары үнемі артып отыруы керек. Ал ішкі дамудың тиімділігі мемлекеттің әлемдік озық үлгілерді қоғамның барлық салаларында қабылдауға ашық болуына байланысты. Төртінші индустриалық революция әлемдік экономикалық тәртіптерге қандай өзгерістер әкеледі. Демек, дамыған елдерде болуға тиісті жаңалықтарды Қазақстан білуі, қабыл-
дауы және өмірге, өндіріске енгізуі маңызды.
Әрине, төртінші индустриалық революция енді басталды. Жаңа даму кезеңі туралы алғаш рет 2011 жылы Ганновердегі өндірістік көрмеде айтылған болатын. Әлемнің бәсекеге қабілетті елдері өндірістің, техниканың, ғылымның және ақпараттың дамуындағы жаңа кезеңге сәйкес келетін экономикалық құрылымдарды жасауда жаңа дүниетаным қалыптастыруда. Қазақстан халқы осы үрдістерден қалып қоймауы тиіс.
Сайын Борбасов,
саяси ғылымдар
докторы,
профессор