Медицина • 16 Мамыр, 2017

Діндарлық және имандылық

1261 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Нұрсұлтан Назарбаев­­­­тың «Бола­шақ­­қа бағ­дар: рухани жаң­ғыру» атты мақа­ласы жа­һан­данудың қайшылықтары мен оңтайлы тұстарына бейім­деле отырып, қоғамның руха­ни қасиеттерінің тағдыры төңі­регінде ой толғайды.

Діндарлық және имандылық

«Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады, – дейді Н.Назарбаев, – жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодын да сақтай білу». Код сөзі көп мағыналы. Ұлттың рухани коды дегеніміз – ұлтты ұлт ететін құндылықтар. Қазақтың рухани коды қазақы ислам мен ұлтымызға тән әдет-ғұрып, дәс­түрлердің үйлесуінде. Діннен айы­рылған ұлт дүбәра, ұлттық бейнесінен, рухани тұлғасынан айырылады. Ал дін ұлттық идеядан, салт-дәстүрден күш-қуат табады. 
Исламға негізделген ұлттық дәстүр ықпалды идеологиялық құбылыс, тәрбиелік қызмет атқа­рады, ұлттың байырғы ата-ба­ба негізіне орнығуына, түп-та­мырының жандануына, өзін өзі тануына жол ашады. Өкініштісі, осы байланыс отарлау заманында әлсіреді.
Социализмнің ыдырауы бар­лық діндерге жол ашты. Ал адам­дардың дінге оралуы, дінді қабыл­дауы, діндарлығының қалыптасуы мен орнығуы барлық посткеңестік кеңістікте өте күрделі болды. 

Діндар дегенді қалай түсінуге болады? «Алладан басқа (тәңір) жоқ, Мұхаммед оның елшісі» – мүбәрак қағиданы тілімен айтып, көңілімен бекіткен адам ислам дінін ұстанған саналады. 

Діндарлықты жеке адам мен әлеуметтік топ­тың санасының, мінез-құлқы­ның, адамдармен қарым-қа­ты­насы­ның дін тұрғысынан қасиет­­тері деуге болар. Діндар­лық­тың басты белгісі – діни сенім, барлық іс-амалды дін тұр­ғысынан бағалау. Діндар­лықтың бір жағы Жаратушыға жеке-дара құлшылық ету болса, екінші жағы құлшылықтан тыс амалдар: діни бірлестіктер мен мемлекет қарым-қатынасы, ғылыми ізденістер, конфессияаралық диалог, миссионерлік қызмет, діни оқу орындарының қызметі, діни кітаптар шығару, тағы басқа қызметтер. 
Адамдардың жынысына, жасына, біліміне, өмір сүретін ортасына байланысты дінге көзқарас біркелкі емес. Ер адамдар мен әйелдердің діндарлығы, ішкі жан дүниесі ерекше. Әйелдер, мысалы, ерлерге қарағанда дінді өте нәзік сезіммен қабылдайды, әйел адам азапты, мехнатты басынан көп кешіреді: бала көтеру, босану, бала тәрбиесінде де ананың орны бөлек. Басына үрей, жалғыздық, ренжу, қайғы түскен әйел жұбаныш, үмітті, көңіл тыныштығын құдайға сенуден табады. Адамның қартаюы терең де күрделі кезең, сонымен бірге, ол табиғи жағдай. Кәрілік пен жалғыздық, мү­гедектік, әлеуметтік мәртебе­сі­нің төмендеуімен сый-құр­мет­тің азаюы, дәрменсіздік пен қатарларының сиреуі, өлім­нің жақындауы адамның жан дү­ниесіне үлкен әсер етіп, діндар­лыққа икемдейді, өкіну сезімін де тудырады. Ғалымдар «зейнет­керлік діндарлық» деген топты әдейі бөліп айтады. 

Жасанды діндарлық кө­рі­ністері де баршылық. Ысырап­шылдық, әртүрлі киім киіп, сырт бейнесімен мұсылман бо­лып көріну (сақал, орамал, қысқа шалбар), бөлектену, өзін зор мұ­сылман, басқаларды кем санап өркөкіректік таныту, уақыт­ша неке, көп әйел алу сияқты жат қылықтар мұсылман боламын деген еліктеуден туған. Жасан­ды діндарлықтың қауіпті түрі – діни өшпенділікті, алауыз­дықты, зорлық-зомбылықты қоз­ды­ратын көзқарас. Ол адамдардың өміріне, денсаулығына, таза дін жолын ұстануына, жеке бостандығына қауіп төндіреді. 

Діндарлықтың өлшемдері көп. «Мешітке бару шынайы діндарлықтың белгісі бола алмайды», дейді бірқатар ғалымдар. Айталық, мешіті жоқ алыстағы ауылда тұратын, бес уақыт намазын қаза етпейтін, оразасын ұстайтын, қайырымдылық жасайтын, білгенінше Құран аяттарын оқитын, немерелерін тәрбиелейтін ата мен әжені, ана мен әкені діндар емес деу орынсыз. Халықтың діндарлығы статистикалық деректермен де, діндегілердің санымен де, мешіт пен шіркеулердің көбеюімен де өлшенбейді. 

Діндарлық пен иман­ды­лық ұғымдары кейде бір-біріне мазмұндас, мағы­налас болғанымен, түпкі мән­дері үйлесе бермейді. «Ис­лам» энци­клопедиялық анықтама­лығында «имандылық – адам­ның қоғамдағы, күнделікті өмір­дегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуші қадір-қасиет, адам бойын­дағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі» делінеді. Иман­дылықтың өз шарттары мен талаптары бар, ол иманнан, Алла Тағаланың өсиетіне және оның елшісі Мұхаммед Пайғамбардың айтқандарына сену, имандылық, ұсылманшылық шарттарын байланыстыра қарастыру. Діндар адамдардың барлығы иманды емес, бірақ иманды адамдардың бар­лығы діндар. Діндар адам іздену нәтижесінде барып иман­дылыққа қол жеткізеді. Өмірде адам талай азғырып әкететін әзәзілдің күштерінен, арбап-алдаудан, күнә­дан, шарықтап өсу мен жеңі­луден, өмірдің қатал сынынан өтеді. Осы қайғылы да қуа­нышты кезеңдерінде биік адам­гершілікте болу, имандылықты сақтау зайырлы қоғамда жоғары діндарлықтың жалпы өлшемі болады. 

Сенім – адамның барлығына тән қасиет, бірақ сенімнің түп­­қазығы неде? Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: руха­ни жаңғыру» мақаласында «за­мана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табыс­та жаңғырудың маңызды алғы­шарттарына айналдыра білу қажет», дейді. Барлық әлемдік діндерге ортақ, кемел болуға тәрбиелейтін, қазақтың рухани кодына сіңген, діндарлықтың біраз алтын қағидаларына назар аударалық. Кез келген дін­нің негізгі адамгершілік қағи­да­сының бірі – адам өмірінің баға жетпес құндылығы: «Бейкүнә адамды өлтіруші болма!». Бұл – барлық діннің өсиеті. 

Діни өсиеттерде мынадай бір уағыз айтылады. Өмірі қас­тан­дықпен үзілген адамды күнә­лары үшін сазайын тартты деп есептеуге болар. Оның зор­лықпен өмірден кетуі орынды дейтіндер табылар. Бірақ, бұл мәселенің екінші жағы бар. Егер, тіпті, сол адам өмірден қиянаты үшін өлсе де, оның өтелмеген күнәсын ұрпақтары өтейді. Кісі өлтіруші де бір отбасының, түгел әулеттің тағдырына араласып қойған жоқ, сондай-ақ, өзіне, өз әулетіне, тегіне зиян келтірді. Ұрпақтары да оның қылмысына жауап береді. Ғалымдар адамның ДНҚ-сында оның ауруға бейімділігі туралы ақпарат сақталады дейді. Тіпті, ата-бабаларының адам өлтіруге бейімдігі сақталуы мүмкін. Ал адам өлтірмеген адамның ұрпағында ондай із қалмайды. Сондықтан, кісі өлтіру жерде зұлымдықты көбейтеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІV съезі «дін және әйел», «дін және от­басы» туралы мәселені талқы­лады. Қай дін де отбасын мейі­рім­нің, махаббаттың ұясы деп қарайды. Отбасының бүгіні мен келешегі адамзатты ойландырып отыр. XXI ғасырдың басында бір мың адамға есептегенде АҚШ-та – 4,7, Украинада – 4,0, Ресейде – 4,5, Эстонияда – 3,1, Финляндияда – 2,9, Қа­зақ­станда – 2,7, Өзбекстанда – 0,8, Әзербайжанда – 0,7, Тәжік­станда 0,4 неке бұзылады. Еуроп­ада балалардың 30 пайы­зы некеге тұрмағандардан туа­ды. Ажырасудың салдары­нан сон­шалықты баланы жалғызбасты ата-аналар тәрбиелейді. Ста­тистика бойынша АҚШ-та балалардың тек 50 пайызының не әкесі, не анасы бар. Әйелдер құқының кеңеюі отбасына ананың, әйелдің қоғамдағы орнына көзқарасты өзгертті. Бала туудың азаюы ел халқының азаюына, қартаюына соқтырды. Аға ұрпаққа деген құрмет азаяды. Жалғызбастылар көбейеді. Дін отбасылық мәселелерге жә­не ұрпақтардың жаңару мәселесіне атүсті карай алмайды. Қазақ­станда некесіз туған балалардың саны 80 мыңға жетті. Жасанды түсік жасау 150 мыңнан 400 мыңға өскен. 182 700 қыз отыздан асса да әлі тұрмыс құрмаған. 

«Зинақорлықтан аулақ болыңыздар!». Зинақорлық – адам өлтіруден кейінгі ауыр қыл­мыс. Адамдар «махаббат формуласын» іздеп таба алмауда. Егер мінездері ұқсас адамдар некелессе, бақытты болады дейді. Енді біреулер, антиподтар, мінездері қарама-қарсылар некелессе, бір-бірін толықтырады дейді. Қалай болғанда да, некеде адамдар жағымды қасиеттер табуға тырысады. Ең бастысы, ұрпақ жалғасады. Ең қызығы, бала көп болған сайын бабаларымыздың күнәсы бөлініп жеңіл өтеледі, жағымсыз құбылыстар аз болады. «Зинақорлық жасама!» дегенде тек жасырын, не ашық ашыналық әрекеттер, шытырман оқиғалар меңзеліп отырған жоқ. Мәселеге кеңірек қарау жөн. Өмір­ге келген ұрпақ әке мен ананың тектерінің қосылуынан болған­дықтан, екі тектің таза сақтал­ғаны оның әлеуетін арттырады.

Зинақорлықтан сақтану бізді ерекше жауапкершілік туралы, жақын көңілдестің салдарынан ойлануды ескертеді. Өз тағдырың – өз тегіңнің тағдыры, адамзат тағдыры туралы ойлан, дейді абыздар.

Еркек пен әйелді табыс­тыр­ған махаббат қайда кетті? Абзалы ата-бабасының зина­қор­­лықтан сақтану деген өсие­тін бұзғанынан, шынайы махаб­батқа бейімді болмағанынан. Ма­хаб­батпен өмірге келген ұрпақ ба­қытты, тек анасы мен әкесі үшін ғана емес, тегі үшін, адамзат үшін. Махаббатпен өмірге келген ұрпақ әкесі мен анасының махаббатын алу аясында тәрбиеленуі керек. 

Қолың таза болсын, ұрлық қылма! Тумысымыздан біз әртүрлі жағдайдамыз. Біреу бай, біреу жарлы отбасында туады, өмірде әртүрлі жағдайда қалыптасып жетіледі. Біреу игі­ліктерге, дүние-мүлікке қол жеткізеді, біреу барлығын үнем­деп, бір тиын шығын жасамайды. Осылай байлықтың да, ке­дейліктің де «тестісінен» өтеміз. Бүгін ақшаның жүрмейтін жері жоқ. Ақша материалдық игілік қана емес, ол өмірдің қуаты, тірегі. Ақшаң болмаса, азығың да жоқ, азығың болмаса, күш-қуатың да жоқ. Тонаушының қолы­на түссе, әркім де барынан айырылып, бейшара бо­лып қалады. Тонаушы өміріңіз­ді алмағанымен, өміріңізді қиын­­датады. Ұры тонаушы да сенің өміріңе, тағдырыңа ара­ла­сады, бәлені, бақытсыз­дықты көбейтеді. Бірақ ұры қас­тандықты біріншіден өзіне жасайды. Әрине, мұқтаждық ұрлыққа да итермелер, бірақ оны ақтауға бола ма!? Кедейлік, мұқ­таждық та тазалыққа сын. Егер ол сыннан өтпесе, еті үйреніп, қанға сіңіп, ұрпақтарына да жұғар. Егер адам қызғанбай, ыза­ланбай, қажымай, кедейлікті сабырлы қабылдаса, ұрпағы да таза болады.

«Ұрлық қылма» деген өсиет­ті орындау біздің дүние­ге, ақша деген көзқарасымызға бай­ланыс­ты. Ақшаға тәуелділік бірте-бірте оның құлы етуі мүмкін. Мұқ­­­таждық, кемтар­лық­пен адам­­ның ақшаның ықпа­лына икем­делуі не икемделмеуі тек­серімді сыналады.

Бүгін ақшаның беделі өсіп тұрған заман. Жеке адамның беделі, мәртебесі ақшасымен өлшенетін болды. Ақшаң болмаса, тіпті өмірің де құнсыз, емделе алмайсың. Адамдардың қарым-қатынасы да ақшаға бай­ланысты. Бай-байға, сай-сайға құйып жатыр. Жаңа байы­ған біздің байлар жақын-жуы­ғымен емес, өзі сияқты байлар­мен араласады. Ақшамен тіпті құ­дай­мен сыбайласам деп, мешіт салады. Мешіт – құдай үйі, сал­ған екенсің, мемлекеттің тір­кеуінен өт десе, өтпейтіндер болған.

«Ұрлық қылма» деген өсиетті тек тікелей қалтаға түсі­ре­тін­дерге байланысты айтпаймыз. Ол салықтан жалтаратындар, тен­дерден ұтатындар, ол ха­лықты қанап, еңбекақысын аз төлеп, өзіне көп табыс табуға тырысатындар, жетімнің байлығын жейтіндер, табиғи байлықты сатып байып жатқан азаматтар, бір сөзбен айтқанда, өз игілігін ұрлық, қулықпен табатындар, алдауға төселгендер.
Біреулер әртүрлі жолмен байып жатқанда әлемде аш және жоқ-жітік адамдар азаймай отыр. БҰҰ мәліметтері бо­йын­­ша, 700 миллион бала мен жас­­өспірім кедейшілік жағ­дайын­да өмір сүруде. Тағы 150 мил­­лионы – тастанды балалар. Мек­тептердің болмауынан 100 мил­лион баланың білім алу­ға мүм­кіндігі жоқ. 10 мил­лионы дәрі-дәрмек жетімсіз­дігінен зар­дап шегуде. Әлеу­мет­тік қолай­сыздық, ал одан кейін қыл­мыс, әлеуметтік дүрдараз­дық, тер­роризм мен экстре­мизм­нің бастапқы ортасы да, міне, осы.

10 миллион дерлік бала жыл сайын бес жасқа жетпестен, оның үстіне емдеуге болатын аурулардан шетінеп жатады. Адамзатқа жаза секілді жаңа эпидемиялар пайда болуда, оның алдында ғылым әзірге әлсіз болып тұр. Кедейлер мен байлардың арасындағы ал­шақ­тық геометриялық прогрессиямен ұлғайып барады. Осындай кезде миллиардтан астам адам күніне 1 доллардан аз қаржыға тірлік кешуде. 
Саясаткерлер көбіне қақты­ғыс­тарды діни себептермен байла­ныстырады, негізі бұл – жеңіл түсінік. Діндер мен ұлттар арасындағы жанжалдар мен қарама-қайшылықтар делі­ніп жүргендердің көбі мемлекет пен экономикалық топтар ара­сындағы, нақты саясаткерлер арасындағы жанжалдар болып келетіндігіне әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері баса назар аударды. 

Жалған куәгер бола ма? Сөз – құдірет, сөз арқылы біз адам, қоғам, уақиғалар туралы мә­лі­мет аламыз. Біз бір кезде болған уақиғалар туралы жал­ған айтсақ, оның салдары бүгінгі мен ертеңгіге өзінің зиян­ды ықпалын тигізеді. Біз өткенге ғана қиянат жасамаймыз, сонымен бірге, бүгінгі мен ертеңгіні бұрмалаймыз. Ал­дыңғы өсиеттер сияқты жа­салған сөз арқылы адам­дардың, тіпті адамзаттың тағ­ды­рына араласамыз. Санамен бірге, «ант-су ішпе» деген өсиет тағы бар. Әсіресе, ертеңгі күн туралы кесіп-пішіп айтпа, «Бақыт­тымын» деме, «Бүгін осы сәтте ба­қыттымын» де, ертеңгі күн бо­лашақтың, тағдырдың қолын­да. Сондай-ақ, адамға қысым жа­сап, мәжбүрлеп уәде алуға бол­майды. «Сен қазақсың, сондық­тан мұсылман болуың керек» дегеннен гөрі, «сен мұсылман болғандықтан өзіңнің тегіңді, ұлтыңды сыйлайсың» деу орынды, адамның жүрегіне жол тауып икемдеу жөн.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезінде Н.Назарбаев «барлық ұлы рухани ұстаздар өркөкіректіктің, бәрін де білемін деген өзі­нен басқаны менсінбейтін мен­мен­шілдіктің айрықша қауіптілігі туралы айтқанын» еске салды. 

Әке мен ананы құрметтеу.Ата-ананы құрметтемеу неден туады? Мүмкін, шамадан тыс талап, әділетсіздік, болмаса бала жағдайына бей-жай қараудан болар. Дегенмен, бұл ниетті орындамау өзімізге өзі­міз ор қазумен, өзіне өзі қол са­лумен бірдей. Өзімен туыс емес адамдармен ренжісу, ашу-ыза алмасумен, өзара араз­дасумен шектеледі. Ал қандас адамдардың бір-бірімен араз­дасуы екі жақтың да бойын­дағы қан­ның қуатын бүлдіріп, олардың тегіне әсер етеді, оның зар­да­бы бірнеше еселенеді. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деп қазақ­тың айтатыны осыдан. Егер ата-ананы сый­ламау ұр­пақтан-ұр­паққа жалғасып, бұл тұқым қуса, сол әулеттің таби­ғаты бұзы­­лып, тұқымы азғын­дайды. Бұл қу­далау бүгін біз «өрке­ниетті ұлттар» деп атайтын еу­ропалық­тардың басында бар. Демек, ата-ананы сыйлау – жай ғана сыйластықтың, өнегелі тәрбие­нің белгісі ғана емес, адам эво­люциясының, әлем дамуы­ның бағытын білдіретін шарт, заңдылық. 
Әдетте адамға табиғаттан сақ­тану түйсігі берілген дейді. Олай болса, біз неге өзімізге өзі­міз зиян келтіреміз. Ата мен ананы құрметтеу түйсігі қайда кетті?

Басты себеп – біз, адамдар, әлі де Алланы да, адамды да сүюді біл­мейміз. «Соғыс майданында атеис­тер жоқ» деген сөз бар. Жаны­ңа қауіп төнгенде Алланы да, ананы да аузыңа аласың, кейін аман қалған соң ұмыта бастай­сың. Ата-ананы сүюмен бірге сен өзіңді сүйесің, ұлтына, дініне қа­рамай басқа да аналарды сый­лай­сың, адамгершіліктің биігіне кө­те­рілесің. Бірақ оны эгоистік, өзімшіл есептермен шатастырмау керек. Ананы сүю басқа да адамгершілік қасиет­терге жетелейді.

Өзгені өзіңдей сыйла. «Жер бетінде алшаңдама, тая­ғыңмен жерді оя алмайсың, биік тау­лармен теңесе ал­майсың» (Құран,17-сүре).
Кез келген адам «өзгемен» қарым-қатынас жасайды. Адам­зат баласы арғы тегі, ата-бабалары ортақ рулас адамдардың да өздерін «өзім» деп, басқаны «бө­тен» деп қабылдауының да шегі бар. Дегенмен, адамдар арасында неге бірлік жоқ, астамшылық, менмендік, тәкаппарлық та адамдар бойында бар және ға­сырлар бойы адамдар сол мінез­дің тұтқынында. Бүгін де солай. Әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдері «басқаның тылсым саласына баса-көктеп кіру­ден саналы түрде бас тартуды» адам­заттың басты мақса­ты етіп қойды. Ұлтаралық, дін­ара­­лық қатынастар менмен­дік, басқа жерлерді жаулап алу­ға, басқа халықтарды күш­теп ба­ғындыруға, отарлан­ған елге отар­лаушы ұлттың хал­қын жер ау­да­руға әкеледі. Қома­ғай­лық­тың, тойымсыз­дықтың да сұ­рауы болады. 

Біз бүгінгі өркениеттің игі­лік­­терінен бас тартқымыз кел­мейді. Таза үйде тұрып, таза төсек­те жатып, таза киім кигі­міз келеді. Неге рухани таза­лық­­қа ұмтылмаймыз? – деп сауал қояды дін қайраткерлері. Сүю қа­білеті адамға болмыстан дары­­ған дейді діни уағыздар, ол аналық махаббат пен әйелдің махаб­батынан көрінеді. Ол, тіпті, жануарларда да бар, дейді ғалымдар. «Махаббатпен жарат­қан адамзатты, сен де сүй ол Ал­ланы жаннан тәтті...», дейді Абай. Демек, мәселе махаб­батқа тірелген. Абай үшін Алла­ны сүю – адамның жеке басын қастерлеу, адамгершілік қағи­даларды басшылыққа алу, өзің­ді өзің тазалау, өз ортаңды сүю, үйлесім табу, Алланың қасие­тін тану.
Бұл жолға адам қалай түспек, санасы қалай сәулеленбек? Бұл сауалға Елбасы мақаласында «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қа­сиет­терді қайта түлетуіміз, күшей­туіміз керек», деп жол сілтейді. «Үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарады», дейді қазақ. Жыланды адамның өлтіруіне де, оны ұрып, соғып қууына да болады, сондай-ақ, басына ақ сүт, айран құйып ырым жасаса, өзі үйден шығып кетеді. Қастық ойлайтын дұшпаныңа құрмет көрсетіп шығарылса, арамдыққа бара алмауы мүмкін. Тазарудың жолы – жақсылық қана емес, жамандық жасағанға да жақсылық жасау, осы қағи­даны, әсіресе, жастардың бойына сіңіру – білім мен тәрбиенің мақсаты. 

Амангелді АЙТАЛЫ, 
философия ғылымдарының докторы, профессор
АҚТӨБЕ