16 Мамыр, 2017

Есенғали Раушанов. Бунин

434 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Дүниеде ұйықтамайтын екі қала болса, бірі – Париж. Ақындар оны «әлемнің астанасы» дейді. Осынау жауһар шаһардың жүрегіндей Келісім алаңы қай кезде де халыққа лық толы. Елисей жолымен келіп құйылып жататын елдің есеп-қисабы жоқ. Әлем қалаларының қай-қайсысында да бір сиқырлы нүктелер болады. Қашан келсең де, қанша рет келсең де сол сиқырлы әлем сізді өзіне тартып тұрады. Мен сіздерге бүгін Бунин туралы айтпақшымын. Әлбетте, жеріне жеткізіп айта алмасымды білемін. Ол мүмкін емес. Менікі шешінген судан тайынбастың кері ғана. Талпынбасаң тағы пәле, өзіңді өзің жеп бітесің. Оның жарты өмірі осында сүргінде өтті. Осында өлді. Тарихшыларының айтуынша, ол кезінде осы алаңда дем алғанды ұнатады екен.

Есенғали Раушанов. Бунин

Келісім алаңы, әсіресе, таң алдында айрықша сұлуланып кетеді. Бұл кезде шығыс бетте Шолпан жұлдыз сөнеді. Аспан аруы өз сұлулығын осы алаңға беріп бара жатқандай. Жұлдыздардың сәулесі алыстаған сайын алаң нұрлана түседі. Париж мәңгі ояу. Париж кірпік ілмейді. Бұл суретті Бунин талай рет көрді. Бұл алаңға кім келіп, кім кетпеген? Мұнда не өтпеді?! Мұнда Мария де Антуанетта ханшайымның басы алынды. Тек ханшайымның ғана ма? Таң алдында осы жерде Марияның елесі жүреді және ол тек шын сүйгендерге ғана көрінеді десе-ді. Бір кездері Париж ғашықтары азанмен осында топтасады екен. Жетер. Бунинге оның ешқайсысы да қызық емес еді. Үкім оқылып, алаңның қақ ортасында ажал ошағы аталған жерге келе жатқанда Мария де Антуанетта аңдаусызда жендеттің аяғын басып кетеді. «Ғафу етіңіз, мьсе, мен байқа­май қалдым, – дейді нәзік үнді хан­шайым бұрылып, – тәңірі жарылқасын, кешіре көріңіз». Жендет не деді, оны ешкім білмейді. Енді бір қас-қағым сәттен соң дүниені сұлулығымен, ақылдылығымен таңғалдырған таңғажайып әйелдің басы жерде домалап жатты... Бунинге ханшайымның соңғы сөздері қатты әсер ететін. Біреулер бұл сөзді айтқан ол емес, ағылшын ханшайымы Анна Болейн десе де Бунин мойын бұрған жоқ. Ол сұлулықты, тәккәппарлықты, тазалықты жырлаумен өтті. Лас, тұрпайы, топас Ресейден кетуіне де сол асыл мұраттар себеп болды. Бунин үшін Париж түк те «Нөтіғ дәм де Пәғи» емес еді. Ол үшін Париж Елисей алқабы, Фантебло, Лувр, Сена көпірлері, алтын күмбез ақ шіркеулер, сан жетпес ресторандар мен кафелер, клубтар мен театрлар, сосын, әрине, «нәзіктігі сонша, бір жұтым сумен жұтса болардай» (Бедил шайыр) қыпша белдерден де бұрын Мария де Антуанеттаның ажал аузында тұрып айтқан әлгі сөздері болатын. Бәлкім, бұл ойдан құрастырылған әфсана шығар. Басы кесілетін әйелдің не айтқанын тыңдап тұрған кім бар еді дейсіз? Мүмкін, расында да солай болған шығар. Бірақ, оның ешқайсысы да маңызды емес. Ақын өзіне керекті әлемді өзі жасап алады. Ресми билік құрған құрылымдардың оған көбіне ұнамайтыны да содан. Үйден жалықса, Бунин ылғи да Келісім алаңына тартушы еді дейді замандастары. Оның өмірі осы екі аралықта яки Парижден Грасс аймағындағы атақты «Бельведер» вилласына, керісінше, Грасстан Парижге қатынаумен (Келісім алаңына) өтті. Есіл өмірі. 1920 жылы Париждегі Жак Оффенбах көшесінен шағындау үй сатып алады. Бірақ оны үй деп қабылдаған жоқ. Оның үйі Бүкіл Ресей болатын.

 Құстың ұясы бар,
 Жыртқыштың үңгірі бар,
 Менің нем бар, не таптым 
елден шығып,
 Өлексенің кебі бұл өлген шіріп.
 Күнде оралам жалға алған пәтеріме,
 Көрге кірген секілді көрден шығып.

Үйіне ораларда баяу шайқаған трамвай дөңгелектері дүрсілінен де ол керемет ырғақ пен әдемі үйлесімдерді естіп отырушы еді. 
...Таксист, үшінші не төртінші атасы әлде Эфиопия, әлде Тунистен келген, керік бітімдес денесінде кесім артық еті жоқ сыптығыр қара жігіт Бунин тұрған сол көшені ұзақ іздеп таба алмады. Хемингуэйден қалды деген бір сөз бар. Бәлкім, мұны айтқан басқа біреу болар. Мықтылар аз ба бұл дүниеде, сонымен, әлгі мықты не дейді? «Дүниенің қай түкпіріне барсаң да бір-бірінен аумайтын кәсіп иелері болады, олар бірінші кезекте полицейлер, сосын көше жезөкшелері мен депуттаттар және таксистер. Осылардың бәріне ортақ не қасиет барын айтайын ба, ол қатыгездік. Олар ешкімді аямайды». Өз басым мұның дұрыс, бұрыстығына төрелік айта алмаймын. 

Менің тізгіншімнің картасы да, навигаторлық жүйесі де көмек етпеді. Біреулерге телефондап көріп еді, олар да естімеген болып шықты. Ақыры менен қалай құтылудың амалын ойлай бастаған болуы керек, еңсеріле бұрылып «Сізге орыс керек пе?» деп сұрады. «Орыс­тың ұлы жазушысының үйі!» деп едім, ол Булон орманына жақын қай­дағы бір Наташа, Любалардың үйін біле­тінін айтты. Орыстың Наташасын бүгінде әлем біледі. Мен «Буниннің үйін тап!» деймін тақымдап. Әуелі «Бунин дегенді естісем құлағым керең болсын!» деп ашуланды, сосын мұнысымен мені жүйкелете алмасын біліп орыстарды жамандай жөнелді. Мұнысы да әсер етпеген соң, аяқ астынан патриот болып, «пәғлей фғансей!» («французша сөйлеңіз!») деп рульді төпелегеннен-ақ, бастағаннан жолым болмайтынын сездім. Буниннің «Қасиетті дүйсенбі» дейтұғын лирикалық әңгімесіндегі түнгі Мәскеуде Грибоедовтың үйін іздейтін екі ғашықтың көрген һикіметі секілді оқиға болды бұл да бір. Ақыры тізгіншіден жақын жердегі поезд стансасына жеткізіп салуын өтініп едім, қай бағытқа жүресіз деп сұрады. «Сент Женеве де Буә!». Бақытыма орай, темір жол вокзалының жанында жүр екенбіз. «Оффенбах, Оффенбах!» деп қарынға жабысқан талақтай айырылмай қойған «орыстан» құтылғанына қуанған қара бала әп-сәтте алып мегаполистің ағын әлеміне сіңіп жоғалды. Кетерінде жолақысына қоса қазақтың Ай таңбалы сувенир айбалтасын ұстаттым. «Сіз мұсылмансыз ба, орыс емес екенсіз ғой? Машаллаһ!», – деп таңқала сұрады ол.

Міне, мынау сол Сен Женеуе де Буә. Кішкене қалашық. Еуропада мұндай кенттер өте көп. Ерекше бірдеңесін байқай қою қиын. Мұнда Оноре де Бальзактың бай кітапханасы, бүкіл Францияға мәлім хайуанаттар паркі барын оқығанмын. Менің бағытым орыс мазарстаны. Онда Бунин жерленген.

Бұрын мен Буниннің қабірін алғаш көрген адам қандай күйде болады екен деп ойлайтынмын. Міне, мен өте қарапайым ақ мәрмәр құлпытастың жанында тұрмын. Шағын ғана бейіт. Ешқандай әлеміш-күлемішсіз. Осы бір ұлтарақтай ғана жерде бүкіл әлемді аузына қаратқан алып жазушы жатыр. Қазақ айтады «дүние жалған» деп.

«Жаңа жерлер, жасыл көлдер шақыра­ды қол бұлғап» (Тұманбай Мол­дағалиев), бұрын келмеген жеріңізді мүмкіндігін­ше көбірек аралап, тереңірек білгіңіз келе­тіні түсінікті. Театр, музей, тарихи орындар, кітапхана, сауда, ойын-сауық орта­лықтарына екінің бірі барады, ал енді жаңа жердегі көне бейіттерді аралауды ұнатасыз ба? Иә десеңіз, мен сіздің досыңызбын. Мен мұның не екенін, алғаш қалай әдетке айнал­ғанын, кімнен, не үшін үйренгенімді, оны айтасыз, мұның қандай қасиет екенін де айта алмаймын, бірақ көне мазарларда бір тылсым күш барын анық білемін. Моладан қорқудың керегі жоқ.

Орыстың талай жайсаңдары мен қасқалары мәңгі орнын тапқан ескі қорым. Көне шіркеудің күмбезі алыстан көрінбейді, күнге шағылысып жалтырамайды, қоңырауы күмбірлемейді. Тып-тыныш. Біздің қазақтың ескі бір сөзі «Шеңгел де өз жерінде гүлдесін» дейді. Бір кездері ноқтаға басы сыймаған талай асаудың ақырғы мекені құлаққа ұрған танадай жым-жырт. Атағы жер жарған бекзадалар, мәшһүр династиялардың өкілдері, генералдар, артистер, жазушылар, үкімет адамдары... сосын, әрине, «айтаққа еріп айдалаға лаққан байғұстар». 

«Қазақ пен ноғай айырылды, қазақ сартқа қайырылды» дейтін заманнан таныс атақты ноғай ұлысының Жүсіп мырзасынан тарайтын князь Юсуповтардың қорымы ерекше салтанатты. Заты башқұрт, даңқты биші Р.Нұриев осында жерленіпті.

Осындай марқасқалардың арасында кейбір замандастары кекетіп айтатындай «небары төрт сыныптық қана білімі бар Бунин» жатыр. Иә, атағы әлемге аян Санкт-Петербург Академиясының құрметті академигі болып сайланған Бунин. Ғұлама Бунин. Оның гимназияда бар болғаны төрт-ақ жыл оқығаны рас. Қалған білімнің бәрін, жоқ олай емес, қалған ұшан-теңіз білімнің бәрін өз бетімен үйренді. Тарихшылар білім алуда Юлий деген ағасының көп көмегі тигенін айтады. Ол француз, ағылшын, көне грек, неміс тілдерін жетік меңгерді. Араб тіліне қызықты. Оның шығармаларынан Чеховтың кейіпкерлері сияқты бірнеше шетел тілін білетін адамдарды көп кездестіретініңіз содан болар.

Қайда жүрсек те қазақ іздей жүретіні­міз бар ғой, «тілсіз қаланы» аралап келе жатып мына бір бейітті көрдім. Николай Байтуғанов. Байтуған деген орыс болмайтыны рас қой. Бәлкім, қазақ шығар. Кім білсін, кешегі босқан елмен бірге шетке кеткен бейбақтың бірі болар, бәлкім Қазақ­станда туыстары бар шығар... Құлпы­тасын суретке түсіріп алдым.

Менде Абайдың ертеректе шағын форматта шыққан кішкентай бір кітабы бар, шет елдерге шықсам ала кетемін. Бейіт басында сол кітаптан Абай 1893 жылы аударған «Қорқытпа мені дауылдан» атты өлеңін оқыдым. Сөйтіп, көптен көкейде жүрген бір іс бітті. Менің Бунинге оқыған дұғам осы болды.

«Дарияның жарға соққан толқынындай» (Балуан Шолақ) жастық шақта адам қайда бармайды, қай қиырды кезбейді? Ал енді есейген кезде елден кетудің қиындығын тек бастан кешкен ғана біледі, қалғаны бос сөз. Елден кеткеннің бәрін сатқын деп көрсету ресми идеологияның ажырамас бір бөлігі. Ал анығында неге кетті, кім үшін кетті – ол туралы айтылмайды. Мен шет елдерде туған жерінен алыста бой тасалап жүрген талай міскіндермен кездестім. Қай-қайсысы да өміріміз жақсы демейді. Жақсы дейтін топтар бар. Кешіріңіз, топтар емес, топ бар. Оның жөні басқа. Олар үшін қасиетті ештеңе жоқ. Бунин секілділер жылап отырып айтатын әңгімені көн бет ұятсыздықпен қылжаққа, әжуаға, мазаққа айналдырып, күліп отырады. Тағы бір топ шет елге кеткен әйелдер. Мен осыларды еш түсіне алмаймын. Германияда,Франкфурт шаһарында әкесінен үлкен шалға тиген талай қазақ қызын көрдім. Италияда, Помпейге тақау бір қыстақтағы фермерге тиіп, есекпен атызға су тасып жүрген қарындасымыз менің қазақ екенімді біліп тұра қашты. Алматыға босқын болып келген нигериялыққа тиіп, жыл аралатып қара домалақ балаларды бірінен соң бірін шұбыртып отырған Айнұр есімді қарындасымызбен болған әңгімеде сөздің бір басын қалжыңға жығып, «қарағым-ау, Қазақстанға ертең кім ие болады, қара бала қазақта да бар емес пе?» дегенмін, «мен ұлтшылдармен сөйлеспеймін!» деген жауап алдым. Фашист демегеніне шүкір. Әлгінің әкесі мен шешесі екі жақтан атойлай шауып қызының қылығын мақұлдап, мені біраз жерге апарып тастады. Шекілдеуігін шағып «күйеу баламыз» тұр бір шетте. «Қай жеңгенің менікі» дегендей миықтан күліп қояды. Ертеңіне ашуы басылды білем, әлгі қыз мені арнайы іздеп келіп, әңгімесін айтты: «Негрге тидің деп күстаналайтын тек сіз емес, – деп бастады ол әңгімесін, – алғашында әкем қарсы болды, шешем «кімге тисең оған ти, тек жыламай жүрсең болды» деді. Шешем рұқсат берген соң шықтым! Шешені тыңдамасам кім болғаным?». Аме­ри­када, Калифорнияның Торрансе қала­сын­дағы шағын дүкенде бәліш сатып тұратын Бибігүл деген қазақ қызының күйеуі өзінен отыз жас үлкен атан түйедей алып негр Қазақстанның қайда екенін де білмейді. Оған Қазақстанның неге керегі бар? 

Африканың қарға миын қайнатар ыстығында қара баласын жетектеп жалаң­аяқ келе жатқан қазақ қызын көріп, әңгіме­лескенім бар, ол өміріне разы. Қазақ­стандағы ахуалдарға түк те қызық­пайды. Оларды айтпағанда, көрші орыс, тәжік, түрікпен, өзбек, қырғызға тиген қазақ қыздары да төркінінен гөрі, көбінесе, түскен жерінің жоғын көбірек жоқтайды. Барған жеріне тастай батып, судай сіңуді ойлайтын болар. Қазақстанның кейбір телеканалдарында өзге елдің азаматтарына күйеуге тиген қарындастарымыз туралы арнайы хабарлар жүйелі түрде эфирге шығып келеді. Қазақ әндері түсірілген жекелеген клиптердің көбінде қазақ қызының күйеуі басқа ұлт өкілі болады. Мақсат не сонда? 

Еревандағы Қазақстан елшілігі алдында жолыққан қазақ әйелі әлі есімде. Ақмола жақтың қызы көрінеді. Бұдан отыз жылдай бұрын Қазақстанға жұмыс іздеп келген бір армян етікшіге тұрмысқа шығады. Қазақшаны әлдеқашан ұмытқан. Христиан дініне қалай, қашан өткенін жыр ғып айтады. Жексенбі сайын шіркеуден қалмайды. Елшілікке еден сыпырушы болып орналасқысы келеді екен. Жәрдем сұрайды. «Елге бармаймын, ол жақ суық» дейді. Қытайға әйел болған қазақ қыздарының саны жыл санап асып келеді. Әсіресе, Ақтөбе облысы мен Атырау аймақтарының қыздары шетелдіктерге көп шығады. Бұл ресми мәліметтерден алынған деректер.

«Қазақстан бізге жәрдем беруі керек қой» деген қазақ қызын сөйлеткім келіп (тәжіктің әйелі) «ол неге сендерге көмектесуі керек?» деп әдейі сұрағаным бар. Үндемейді. Қазақстаннан алуға керек. Қазақстан бәріне беру керек. Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың шешесі (қазақ қызы, әлбетте) төркіні таяқ тастам жерде тұрса да қазақша сөйлеуді ұмытқан, өмірден өзін қырғыз сезініп өтті. Қазақ әйелдеріне байланысты көкейде жүрген көп мәселе бар. Ертеректе бір интернет сайтынан «Көбіне олар (қазақ әйелдері) іштей өздерін өзгелерден кем сезінеді, әдемі емеспіз деп ойлайды. Ерте бояна бастайтыны да содан. Боянбайтын қазақ әйелін сирек көресіз. Шет елде, әсіресе, Еуропада, Америкада боянған әйелді дұрыс түсінбеуі мүмкін. Қазақ қыздары ата-анадан ешқандай шектеу-шегеру көрмей өседі, оларда мұсылман халықтарына тән қысылу, қымтырылу атымен жоқ. Және өздері бұл қылықтарын озық елдерге тән абзал қасиеттер деп есептейді. Көрші азиялықтар оларды «кәпір қазақ» деп атайды» деген сыңаржақ, қыжыртпа пікір оқығаным бар. Әрине, намысың келеді. Бірақ қалай десек те, қазақ әйелі деген соңғы жылдары пайда болған бірді-екілі түсініксіз төмен етектілер емес, қазақ әйелі деген кешегі Қыз Жібек, Домалақ ене, Айман-Шолпан, ақын Сара, Әлия мен Мәншүк, Хиуаз апай мен Фариза, Роза мен Бибігүл, иә, тізімді соза беруге болады. Мұқағали айтпақшы, «Қайран біздің шешелер Арды ойлаған!». Арды ойлаған аналарымыздан азған-тозған әлдекімдер садаға кетсін.

Бунин орыс еліне ұлтшыл қаламгер ретінде қымбат. Ол орыс әйелдері туралы көп жазды. Ұлттың алтын діңгегі әйелдер екенін өмір-бақи айтумен өтті. Ол «Француз әдебиетінің ең ұлы шығармасы деп қай туындыны айтар едіңіз?» деген сауалға: «Тәңірім-ау, сондай да сауал бола ма екен, әлбетте, Ги де Мопассанның «Ақтомпышы» («Пышка») деп жауап берген көрінеді.

 Оның аз жазғаны да рас. Анадай таланты, анадай талғамы, ақыры соңында анадай кіді мінезі бар адам көп жаза да алмас еді. Ол арнайы бәйгелерге ғана қатысатын асыл тұқымды арабы арғымақ секілді еді, соның үшін той-томалақтан қалмай, тобыр арасында шаң тозаңға өкпесі өшіп, қалай да алып қалуға, алып қала алмаса шалып қалуға дағдыланған тобан аяқ, тоқпақ жал Горькийлерді түсіне алмады, бәлкім түсінгісі келмеген де шығар.

 Оның достары аз еді дейді. Бұған әбден сенуге болады. Анадай таланты, анадай талғамы бар адамның досы көп болуы мүмкін емес еді. Ол маңына көп ешкімді жуытпады. Оның жалғыздығы өзі таңдап алған жалғыздық болатын. Бұл үшін ол ешкімді кінәлаған жоқ. Несіне кінәлайды? Тіпті, өзімен бірге шет ел асып кеткен қаламгерлермен де араласа алмайды. «Әдемі басталған отырыстар, әдетте ұзамай айқай-шу, ерегеспен аяқталатын. Шынын айтқанда, шырық бұзып, кермалдасуды бастайтын көбінесе Бунин еді» деп еске алады замандастары. Алексей Толстойды «ол түк те граф емес, кәдімгі алаяқтың өзі, адамгершілік дегеннен жұрдай, принцип дегеннен мүлде ада, арының жоқтығынан гөрі, қарынының тоқтығын ғана ойлайтын албасты» деп тілдесе, жік-жаппар болып алдында құрдай жорғалайтын Горькийді «ал мына Горький дегені қара табан құл мен күңнен туған неме, қысқасы, тегі жалшымаған нағыз иттің баласы» деп жазды, Есенинді «күні біткен маскүнем», Маяковскийді «бейшарадан сорлы туады» деп күстаналайды.

(Жалғасы бар)

Есенғали Раушанов