Спорт • 16 Мамыр, 2017

«Шығыс спортында серпіліс бар»

246 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстанның спорт саласы, оның ішінде волейбол, хоккей сынды спорт түрлерінің соңғы жылдары өрлеу кезеңін бастан өткеріп жатқанын көзі қарақты жұрт білсе керек. Осы және өзге де мәселелер жөнінде Шығыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можановпен әңгімелескен едік.

«Шығыс спортында серпіліс бар»

– Асқар Байжігітұлы, соң­ғы жылдары шығыстың волей­болшылары қарсылас шақ келтір­мей жүр. «Алтайдың» жігіт­тері де, қыздары да екі жыл қатары­нан ел чемпионы атанды. Мұның сыры неде?

− Әрине, чемпион болу оңай емес. Чемпиондықты сақтап қалу одан да қиын. «Алтай» бұл дең­гейге оңайлықпен жеткен жоқ. Об­лыс басшылығы қолдауының, клуб жұмысының дұрыс жолға қо­йыл­­ғанының нәтижесінде қос қоманда биік белестерді бағын­ды­рды. Спортшыларға тиісті жағ­дай­лардың барлығы жасалды. Тұрмыстық, қаржылық мәселелері толық шешілді. 2015 жылы түр­киялық Бурхан Жанболат есімді білікті маманды арнайы шақырып, қыздар құрамасына бас бапкер ретінде екі жылға келісімшартқа отырған болатынбыз. Нәтижесін көрді­ңіздер. «Алтай» волейбол коман­­дасының қыздары екі жыл қатарынан Қазақстан чем­пио­­натында топ жарды. Бур­хан Жанболатпен арадағы келі­сім­­­шарт мерзімі жақында аяқ­тал­ды, енді оның орнына бап­кер­лік қыз­метті 1988 жылғы Сеул Олим­пиадасының күміс жүл­дегері, Е­уропаның екі дүркін чем­пио­ны, әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері Ярослов Ан­тонов атқаратын болады. Биыл «Алтай» волейбол командасының қосалқы құрамына да жаңа бапкер шақырдық. Жиырма үш жасқа дейінгі қыздар арасында үздік ойын өрнегін көрсетіп жүрген волей­болшыларды құрамаға ал­дық. Олар да ел біріншілігін жеңіп алды. Келесі Олимпиадаға осы қыз­дардың барып қалуы әбден мүмкін. 25-30 мамыр аралы­ғын­да Өскеменде клубтық коман­далар арасында ашық Азия чемпионаты өтеді. Сегіз коман­да қатысады. Алдымызға екін­ші орын алсақ деген мақсат қо­йып отырмыз. Егер бұл межені бағын­дырсақ, әлемдік лигаларға қатысуға жол ашылады.

− Енді әңгімемізді «Алтай» футбол клубына қарай ойыс­тыр­сақ. Осы «Алтайдың» басынан неге бұлт арылмай қойды?

− «Алтай» футбол клубы был­тыр бірінші лигада екінші орын алып, премьер-лигаға жол­дама иеленгені белгілі. Бірақ елі­міздің футбол феде­рациясы клуб екі талапқа сәй­кес келмей­ді деп «Алтайды» премьер-ли­га­ға қатысатын коман­да­лар тізімінен алып тастады. Жалпы, облыс атынан бірінші ли­га­­да өнер көрсету үшін клубқа жеке қара­жат қарастырылған. Тек ол қара­жат мемлекеттік сатып алу бай­қауы арқылы бөлінеді. 2016 жылы мемлекеттік сатып алу бай­­қауында «Алтай» ФК» ЖШС же­ңіс­­ке жетіп, қаражат клубқа бөлін­­ген болатын. Ал 2017 жылы бай­­қау­да қай клубтың жеңіске же­тіп, чем­пионатта облыс намысын қор­­ғайтындығы белгісіз болды. Қазір конкурстық рәсімдер  жүріп жа­тыр. Реті келгенде айта кетейін, «Алтай» футбол клубы 100 пайыз жеке­меншік команда. Қазір елі­міз­де футбол керемет сұранысқа ие деп айта алмайсыз. Облыста да солай. Керісінше, біздің өңірде хок­кейге қызығушылар қатары қа­лың. Өскеменнің «Торпедо» хок­кей клубы Жоғары хоккей лига­сы­ның  тұрақты чемпионатын ұтып алып, «Братина» кубогының фина­лын­да өнер көрсетті. Бұл – Шығыс Қазақ­стан облысының хоккей тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік.

Алайда, былтыр ел чем­пиона­­тында біздің облыстың жасөс­пі­рім­дер құрамасы алғашқы бестікке де іліне алмады. Айналдырған сегіз өңір арасында. Құлдырау ма? Құлдырау. Қазір осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жаттық­тыру­шылар құрамын ауыстырып, облыстық қысқы спорт түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебіне жаңа директор тағайындадық. 

− Директор дегеннен шыға­ды, БАҚ беттерінде «Мо­жанов басқармаға келгелі дирек­тор­ларды бірінен соң бірін жұмыстан босатып жатыр» деген әңгімелер тарады. Осының анық-қанығын өз аузыңыздан естісек.

 − Жұмыс істемейтін басшылар кімге керек? Спорт саласының жұмысын, нәтижесін тексеру аса қиын дүние емес. Командалардың турнир кестесіндегі орналасу ретіне көз салсаңыз жеткілікті. Облыстың жасөспірімдер құрамасы шаңғы­дан өтетін ел чемпионатында бірін­­ші орын алмағалы қай заман?! Жасөспірімдер арасынан мықты спортшыларды дайындамасақ, ересектерден чемпион шыға ма? Резерв дегенді де мүлде ұмытқан. Бұл – үлкен проблема. Мен жұ­мыстан босатқан басшылар спор­т­ты дамытумен емес, қара бастарының қамын күйттеумен шұғылданған. Спортшыларға тиісті жағдай жасамаған. Мынаны қараңыз:  өскемендік шаңғышы қыз Анна Стоян қазір Қарағанды облысының, ал риддерлік Анге­лина Шурыга Алматының намы­сын қорғап жүр. 

− Оларды қайта шақыру ойда бар ма?

− Маусым аяқталсын, шақы­рамыз, тиісті жағдайларын жасай­мыз. Туған жерлеріне келуден бас тартпайтын шығар деп ойлаймыз.

− Былтыр өңір балуандарын жаттықтыруға Моңғолиядан бапкерлер алдырдыңыздар? 

− Семейдегі спорт академия­сында дзюдо күресі бойынша 2016 жылдың қыркүйек айынан бері моңғол бапкері балуандарымызға білгенін үйретіп жатыр. Еркін күрестен Әзербайжан мен Дағыс­таннан маман шақырдық. Біздің облыс балуандарының еркін күрес бойынша Қазақстан чемпионатында көрсеткен нәтижелері жаман емес. Ел біріншілігінде Азамат Дәулетбеков чемпион, Данияр Қайсанов екінші орын иеленді. Расул Қалиев алғашқы белдесуінде жарақат алып, жарысты әрі қарай жалғастыра алмады.

− Өңірде бокстің дамуы бәсеңдеп тұрған секілді. Әлем чемпионаттары мен Олимпия ойын­дарынан Шығыстың бокс­шыларын көре алмай жүрміз. 

− Бокс − еліміздегі ең қар­қынды дамыған спорттың бірі. Бәсекелестік өте жоғары. Бұл ба­ғыт­тағы жұмыстарымызды әлсі­ретіп алғанымызды мойын­даймыз. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүрту­ге болмас. Боксшымыз Әділет Құр­метов 60 кило салмақта ел чемпионы атанды. Манат Өмірзақов та осы біріншілікте жүлдегер болды.

− Мықты спортшылардың көбі ауылдан шығатыны белгілі. Ауыл балаларын спортқа тарту, баулу жағы қалай?

 − Облыста 27 аудандық спорт мектебі бар. Ондағы тәрбие­лену­шілер аудандық, облыс­тық жарыс­тарға қатысады. Аудан­дарда, ауылды жерлерде спорт жақсы дамып келеді. Мәселен, Айбек, Мұхит сынды «Қазақстан барыстарын» баптаған Абай ауданын ерекше атап өтуге болады. Қазір аудандық спорт бөліміне жаңа маман келіп, ауданда кенже қалған спорт түр­лерін түрлендіріп жатыр. Бұл, әрине, бізді қуантады. Мұңайтатын тұстар да бар. Шемонайха ауданы кезінде волейболдан мықты еді. Ұлдары да, қыздары да алдарына жан салмайтын. Қазіргі жағдайы айтпаса да түсінікті. Мұның бәрі мектептердегі дене шынықтыру пәнінің жүргізілуіне, сабақтың сапасына байланысты. Атақты спортшылар қайдан шығады, әрине, мектептен шығады. Сондықтан, біз бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға тиіспіз.

− Қалаға шақырылып жат­қан білікті мамандарды ауыл­дарға да жіберу ойда жоқ па?

− Мұндай ойларымыз бар. Қазір облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен арнайы бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Семейде спорт академиясы ашылғанын білесіз­дер. Осы академия жанынан спорт­тың әр түрінен бапкерлер мен оқыту­шылар құрамының білік­тілігін арттыратын сарапта­малық орталық ашылатын болады. 

− Бүкпесіз әңгімеңізге алғыс айтамыз.

Әңгімелескен
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»        

ӨСКЕМЕН