Кездесудің 74-минутына дейін 0:2 есебімен ұтылып жатқан алматылықтар аяқ астынан дүр сілкініп, керемет камбэкке қол жеткізді. Яғни, қуып жетіп, басып озды. Жанкүйер жазған «Бұл «Қайрат» Исламхансыз ойнай алмайды екен-ау», деп ауыз жиып үлгергенінше болған жоқ, Кахабер Цхададзенің Аршавин бастаған шәкірттері айналдырған бес минуттың ішінде топырлатып үш гол салды. Сөйтіп, капитансыз ойнаса да 3:2 есебімен жеңіске жеткен «Қайрат» әзірге үшінші орынын сақтап қалды.
Ал көш басындағы «Астана» Керекуден келген «Ертістің» шаңын қағып алды. Бұған дейін екі бірдей ойында тең түскен теміржолшылар осы жеңістен кейін жағдайын тәп-тәуір түзеп алды. Олар бір ойынының кемдігіне қарамастан, өзін өкшелеп келе жатқан «Ордабасынан» төрт ұпай ұзап кетті. Ал оңтүстікқазақстандықтар болса, бұл турда «Атыраумен» тең түсіп, маңызды деген екі ұпайдан айырылып қалды.
Көш соңындағы «Шахтер» үшін бұл тур сәтті өтіп, команда биылғы маусымдағы екінші жеңісіне қол жеткізді. Кейінгі кездесулерде мергендігімен көзге түсіп жүрген Айдос Тәттібаев бұл жолы да гол соғып, командасына жеңіс сыйлады. Шабуылшы салған жалғыз доп ойын тағдырын шешкен болатын.
Футболсүйер қауымды азулы клуб «Ақтөбенің» жағдайы алаңдатып отыр. Аталған ұжым осы жолы да оңбай ұтылды. «Тобыл» соққан үш голға алаң иелері бір ғана доппен жауап бере алды.
Он екінші тур «Тараз» үшін де олжалы болды. Олар өз алаңында соңғы турларда ала-құла ойнап жүрген «Қайсарды» 2:1 есебімен ұтты. Күні кеше ғана көш бастаған Сыр бойының командасы сырғи-сырғи, бұл күні турнир кестесінің тура белортасына түсті.
«Оқжетпес» – «Қайрат» – 2:3 (1:0), Струков, 29 (1:0). Струков, 68 (2:0). Аршавин, 74 (2:1). Исаэл, 75 (2:2). Тұрысбек, 79 (2:3). «Шахтер» – «Ақжайық» – 1:0 (0:0), Тәттібаев, 83 (1:0). «Астана» – «Ертіс» – 2:0 (1:0), Мұртазаев, 13 (1:0). Жалмұқан, 79 (2:0). «Тараз» – «Қайсар» – 2:1 (0:1), Байжанов, 45+1 (0:1). Диарра, 70 (1:1). Таубай, 75 (2:1). «Ақтөбе» – «Тобыл» – 1:3 (0:1), Щеткин, 41 (0:1). Малый, 48 (0:2). Джалилов, 52 (0:3). Мамуте, 79 (1:3). «Атырау» – «Ордабасы» – 2:2 (0:1), Нөсербаев, 14 (0:1). Абдрахманов, 52 (1:1). Саломов, 59 (2:1). Нұрғалиев, 85 – пенальтиден (2:2).
Сұрмергендер арасындағы бәсекеде 9 голмен Жерар Гоу («Қайрат») бұрынғыша топ бастап келеді. Одан кейінгі орындағы Алексей Щеткин («Тобыл») мен Жуниор Қабананганың («Астана») еншісінде 6 голдан бар.
Келесі, 13-ші турдың ойындары 20 мамырда өтеді. Бұл күні командалар мынадай жұп құрап, өзара кім мықтыны анықтайды:
«Ақжайық» – «Астана», «Ертіс» – «Атырау», «Ордабасы» – «Ақтөбе», «Тобыл» – «Оқжетпес», «Қайсар» – «Шахтер», «Қайрат» – «Тараз».
Ертең, яғни 17 мамыр күні 7-турдың кейінге қалдырылған бір ойыны өтіп, жасыл алаң үстінде «Ақтөбе» мен «Атырау» күш сынасады.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»