Спорт • 16 Мамыр, 2017

Өнегелі турнир немесе ұлтты сүюдің үлгісі

203 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шахматтың не құдіреті бар, осы?! Апыл-тапыл басқан сәбиді де, қалжыраған қарияны да баурап, арбап алатын?! Адам жүрегін жаулап, санасын матап тастайтын шахмат – тұңғиық бір жұмбақ әлем. 97 жастағы Қази Мұхамедияров ақсақалдың Алматыдағы «Ардагер» шахмат клубына қарсылас іздеп келіп, тартысқа түсетінін немен түсіндіруге болады?! Сол құштарлықпен, ерекше құмарлықпен ғұмыр кешіп, қош-қош айтып жалғаннан өтті қария.

Өнегелі турнир немесе ұлтты сүюдің үлгісі

Қалт-құлт етіп әрең жүретін қариялар Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар паркі ішіндегі «Ардагер» шахмат клубына келгенде, жанығып кетеді, тақта үстінде жарқ-жұрқ етіп най­зағай ойнап жатқандай. 64 тор­лы шаршы тақта үстінде иық­­­тарын қомдап, жанарлары жар­қылдап, буырқанып айқасқа түседі. 
Арғы-бергі шахмат тарихында өзінің дара қолтаңбасымен ерекше із қалдырған Кубаның біртуар перзенті Хосе Рауль Капабланка бар-жоғы төрт жасында қалқиып тұрып шахматшы әкесін ұтқан. Қазақ елінің мақтанышы, төрт дүркін әлем чемпионы Жансая Әбді­мәлік бес жасында сайысқа түсе бастады.
Бұлар – кәсіби шахматшылар. Бірақ өзге салада жүрсе де ғұмыр бойы шахматпен тыныстап, шахматшыларды қолдап келе жатқан бір жан бар. Ол – Қазақ елінің еңбек сіңірген құрылысшысы Амантай Бөлекбаев. Қазақ елінде шахматтың өркендеуіне, жас талант­тардың өсуіне жағдай жасап келе жатқан ақ жүрек, жомарт жан.
Жақында Алматыда айтулы шахматшылар басын қосқан дәс­түрлі халықаралық турнир өтті. Қалалық Шахматшылар одағы­ның президенті Амантай Бөлек­баев жүлдесіне арналған бұл ха­лықаралық турнир қашанда тар­тысқа толы. Жарысқа көрші ел гроссмейстерлері де үнемі құл­шы­на, білек сыбана жетеді. 15 жыл­дан бері өткізіліп келе жат­қан жарысқа ел шахматшылары да үлкен ықыласпен қатысады. Тур­нир жылына екі рет өткізіледі: көктемде және күзде. Жүлде қоры да қомақты. Бас жүлде – 225 мың теңге. Үздік шығатын 12 шах­мат­шыға түгелдей қаржылай жүл­де та­ғайындапты. Мұндай жомарт жанды көргеніңіз бар ма?! Турнир тартысы шахматтың 15 минуттік рапид түрі бойынша өтті. Үш күнге созылған рапид жарысы. Күніне үш турдан. 60 шахматшы ішінде 9 гроссмейстер! Жарыс беделін осыдан-ақ байқауға болады. Тайталасты тартыста оза шауып бәйге алған – оралдық Азамат Өте­ғалиев. Тоғыз турдан 8 ұпай жи­нады. Өзбекстандық Антон Филипов 6,5 ұпаймен 2-орында. Алма­тылық Азамат Дәуренбеков тура сондай ұпаймен үшінші орын­ға тұрақтады. 
Әйелдер арасынан коэффи­циент ар­қылы Шолпан Жыл­қай­дарова 1-орынға көте­рілді. Қор­­лан Рыс­баева – екінші, Ксения Бала­­баева үшінші орында. Үш шах­мат­шының да ұпайлары бірдей – 4,5.
Ардагерлер жүлдесі тағы бар. Бас жүлдеге Владимир Илин­­ский ие болды – 5,5 ұпай. Сабыр Сыз­дықов екінші, Марат Пірімбетов үшін­ші орында. Екеуінде де 5 ұпайдан.
Оқушылар арасындағы жүл­дені Рамазан Жалмаханов жеңіп алды. 7-сынып оқушысы талайдан жұрт назарын аударған шахматшы.
Рапид жарысы аяқталған соң, келесі күні 50 шахматшы 3 ми­нут­тік блицтен «Күміс самауыр» тур­ни­ріне білек сыбана кірісті. Он орынға жүлде тағайын­далған. Бас жүлде – 150 мың теңге және «Күміс самауыр». Турнир кестесінің ең соңын­дағы ойыншыға да жүлде тағайындапты – күміс шәйнек.
Сарт-сұрт, сарт-сұрт. Қимыл­дарына көз ілеспейді. Уақыт тыныс­ты тарылтып, бітуге 1 секунд қал­ғанда сарт еткізіп шах­мат сағаты түй­месін басып үлгереді-ау. Секең етіп 3 секундты көрсетіп тұрады. Әр жү­ріске 2 секунд қосы­лады ғой. Үш се­кунд гроссмейс­терлер үшін тыныс алатын мүмкіндік.
Үлкен шахматшылар жүзде­рінен қандай қиын сәтте де абыр­жуды аңғару қиын. Уақыт тықсырып, тыпыршытқан сәтте де салқынқандылықтарын жо­ғалт­­пайды, селт етпейді. Мұны өзіміз ойынын қадағалаған гроссмейстер Ринат Жұмабаевтың тартысында байқадық.
Ринат осының алдында ғана өткен Қазақ елі біріншілігінің чемпионы. 19 жасында гроссмейстер болған Жұмабаев ел намысын абыроймен қорғап келеді. 
Ақыл-ойдың қазығы – ғылым! Сол ғылымыңыз – шахмат. Шах­маттың әрі спорт, әрі өнер, әрі ғы­лым екенін орыстың аса дарынды шахматшысы, жеңіліп көрмеген әлем чемпионы Александр Але­хин айтып, дәлелдеп кеткен. Осы бір жолды таңдаған талай ақыл­ды қазақ жастары қазір толқын-толқын болып қаулап өсіп келеді. Аз ғана жылдың ішінде тау өзеніндей буыр­қанып талай жас әлем чемпионы болды. Өткен күзде ғана Бату­ми қаласында өткен әлем чем­пио­натында 8 жасқа дейінгілер ара­­сынан тағы бір талант жарқ етті. Айша Зәкірова – әлем чемпионы!
Сол жолғы 12 жасқа дейін­гілер арасындағы әлем чемпионы – біздің Бибісара Асаубаева. Ресей елінің намысын қорғады. Неге бұлай? Бағалай алмадық па? Би­бісара 11 турда 10 ұпай жинады, бірде-бір рет ұтылмады. Асаубаева бес дүркін әлем чем­пионы! Жат ел намысын қор­ғаған жас талант... Өкі­нішті-ақ... Мұн­дай талантты Ресей енді оңай­лықпен уысынан шығара қоймас. 
50 шахматшы 25 жұп болып тартысқа түскен 9 турдың най­зағайлы сайысы да зу ете түсті. «Дебют» клубында дамылсыз сар­тылдаған сағат тілі де тоқтады. Бас жүлдеге тағайындалған ақ­шалай сыйлық пен «Күміс самауырды» Азамат Өтеғалиев азу­лы қарсыластары алдынан жұ­­лып әкетті. Екінші орында Әнуар Исма­ғамбетов. Үшінші жүлде Рустам Хуснидинов қан­жығасында кетті. Соңғы екеуі де гроссмейстер.
Осы жарыста үстелге бойы жетпегендіктен аяғын астына қайы­рып отырып ойнаған тоғыз жасар Әдемі Қуанышбекқызының қадамы қуантты. Ойнағанына бір жарым жыл ғана болған Әдемі жетпіске иек артқан тәжірибелі спорт шеберлігіне үміткер шахматшыны да тыпыр еткізбей ұт­қанына куә болдық. Бұл да ел шахматының қарқынын, болашақ Жансая Әбдімәліктердің өсіп келе жатқанын аңғартады. 
Айтпақшы, Жансая бұл жа­рыс­қа қатыспады. Әлемдік додаға дайындалып жүр. Қазан айының басында Италияда 20 жасқа дейін­­гілер арасында әлем чемпионаты басталады. Жансая балалар арасында өтетін әлем чемпионатына қатысуды 12 жасында-ақ қойған. Ол жақта Жансаяға қарсылас жоқ. Сол ортада жүріп төрт дүркін әлем чемпионы болды. 14 жасын­да гроссмейстер! Бөлекбаев осы Жан­сая сияқты талай талантты жасқа көмек қолын созып келе­ді. Соның ішінде Рамазан Жал­маханов та бар. 
Жансая да осы жарыста талай ойнаған. Талай талант осы турнирде шыңдалды, қанат қақты.
Жұрт тарауға бет алды. Шах­­матшылар бірінен кейін бірі келіп мүгедектер арбасына т­аңылған Амантай Бөлекбаевқа алғыстарын жаудырып, деніне саулық тілеп, қоштасып жатыр.
– Елімнің шахматы өркен­десін, бүгінгі жастар қазақтың талантты халық екенін дәлелдесе екен деп ғұмыр кешіп келемін, – деді бір сәт ойға түсіп. – Шамам келгенше қолдаумен келемін. Төрт күнге созылған жарысқа мық­тылар түгелге жуық қатысты, қуанып барады. Осылардың қуан­ғанына қарап, ерекше шат­тыққа бөленем, қолтығыма қанат біткендей болады.
Амантай Қуанышұлы ұл­да­­рының дөңгелеткен шаруалары бар. Ұлдары тапқан-таян­ғандарын турнир тоқтап қалмаса екен деп әке алақанына салады. Балаларының адал сезімдері, әке көңіліне қаяу түсірмейік деген ақ пейілдері. Ал Әбекең болса, олардың маңдай терімен жинаған қаржыларын жарыс жүлдесіне тігумен, тарыққан таланттарды қолдауға жұмсаумен келеді. Орайы келгенде айта кетейік, «Ардагер» клубындағы ондаған үстелдерді, соларға жетерлік барлық шахмат фигураларын станоктарда жондыртып дайындатқан да осы Бөлекбаев. «Еліме, халқыма не жақсылық жасадым?!», деген ой санаңда жүрсін деуші еді әкесі Қуаныш. Әке сөзін тұмардай тағып, ғұмыр кешіп келеді қайсар жан. Неткен қайсарлық, неткен жүрек!
Алпамсадай жігіт еді бір кезде... Қарулы екі жігіт мүгедектер арбасындағы Әбекеңді тік көтеріп жайлы машинаға отырғызып жатты. Тәні сау, жаны мүгедек қан­ша­ма жан жүр десеңізші арамызда...

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ,
журналист

АЛМАТЫ