Қазақстан • 16 Мамыр, 2017

Өңіраралық ықпалдастық арта түседі

127 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлыстың ұлы күнінде Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен еді. Астана төрінде кездескен екі елдің басшылары басты салалар бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселесін сөз еткен болатын.

Өңіраралық ықпалдастық арта түседі

Жалпы, қазақ-өзбек қарым-қатынасы бүгінде жаңаша қарқын алды деуге болады. Бұл ынтымақтастық одан әрі дамып, даңғыл жолға түсетіні еш күмән туғызбайды. Бұған өңірлер арасындағы ынтымақтастық артып, тараптардың өзара өркенді істерге бастамашы бола бастағаны дәлел болып отыр. Алдағы уақытта ала шапанды ағайындармен достық қарым-қатынас күшейіп, өндіріс, ауыл шаруашылығы, сауда-саттық салаларында да көптеген нәтижелерге қол жеткізілетін сыңайлы. 
Мәселен, Өзбекстан Республикасы Жизақ облысының әкімі Ұлықбек Ұзақов бастаған топ Әулиеата өңіріне келді. Құрметті қонақтарды Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданы мен Жамбыл облысының Жуалы ауданының шектесер тұсында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов бастаған топ күтіп алды. 
Ұлықбек Юлдашұлы бастаған арнайы топ әуелі Жуалы ауданының іргесінде орналасқан «Бурное Солар-1» кешенінде болды. Индустрияландыру картасына енген ірі жобамен танысқан соң, делегация мүшелері Жамбыл ауданындағы «Айша бибі» кесенесіне келді. Жизақтықтар орта­ғасырлық көне жәдігермен танысып, кесененің сәулеттік ерекшеліктеріне қызығушылық танытты. Сондай-ақ, Айша бибі мен Бабаджа хатун рухтарына тағзым етті.
Жамбыл мен Жизақ достығының негізгі мақсаты – өзара кәсіпкерлікті дамыту. Бұдан кейін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев құрметті қонақтарды Тараз қаласындағы «Арай плаза» кешенінен күтіп алып, нәтижесінде аталған нысанда екі тарап кәсіпкерлері кездесу өткізді. Мұнда да екі облысқа ортақ мәселелер талқыланып, кәсіпкерліктің кең қанат жаюына мүмкіндіктер қарастырылды.
Сонымен қатар, жизақтық өкілдер «Қазақ хандығына – 550 жыл», «Тәуелсіз Қазақстан» монументтеріне, «Тараз-Арена» спорт кешеніне, Назарбаев зияткерлік мектебіне және басқа да нысандарға барып, өңір әлеуетімен танысты. 
Өзбекстандықтардың арнайы сапары екі күнге жалғасты. Екінші күні Тараз қаласындағы «Достық үйі» кешенінде Жамбыл және Жизақ облыстары әкім­дерінің қатысуымен өңіраралық эко­но­микалық ынтымақтастық туралы жиын өтті. Жиында Кәрім Көкірекбаев сөз алып, екі облыстың ынтымақтастығын дамыту жөнінде өз ойын ортаға салды. 
– Ежелгі Тараз жеріне хош кел­ді­ңіз­дер! Екі елдің ежелден тарихы – ор­тақ, тамыры – бір. Біз – мәдениеті мен әде­биеті, өнері мен салт-дәстүрі қатар да­мыған, ынтымағы мен бірлігі жарасқан халықтармыз. Бұрыннан ауылы – аралас, қойы қоралас жатқан, төскейде малы, төсекте басы қосылған елміз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттер арасындағы ынтымақтастыққа әрдайым ерекше көңіл бөледі. Екі ел арасында орныққан өзара әріптестік бүгінде облыстар арасында өз жалғасын табуда, – деді Жамбыл облысының әкі­мі. Өз ке­зегінде Ұлықбек Ұзақов та жам­был­дық­т­арға ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта екі облыстың байланысы беки түсетініне сенімді екенін жеткізді.
 Бұдан кейін Жамбыл мен Жизақ өңірлерінің басшылары облысаралық экономикалық байланыс жөніндегі меморандумға қол қойды. 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы