Шымкент қаласында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалымен бірлесіп, жылжымалы қоғамдық қабылдау ұйымдастырды. Бұл шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын насихаттау, өңірдегі газдандырудың өзекті мәселелері және азаматтардың газбен жабдықтау жөніндегі өтініш-тілектерін қарастыру мақсатымен ұйымдастырылып отыр.
Бұл жолғы отырыс көгілдір отынның күрмеулі мәселелеріне арналды.
Азаматтарды арыз-шағымдары бойынша «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, республикалық газ саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Павел Климов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ОҚОФ директорының бірінші орынбасары Асқар Маукенов, «ОМЕГА-ХХІ» ЖШС директорының газ мәселесі бойынша орынбасары Асхат Жайлаубек қабылдады.
Алғашқы қоғамдық қабылдауға кірген Шымкент қаласының тұрғыны Нұркен Абдуллаевты мазалап жүрген сауал үйінде есепте тұратын адамдардың санын өзгерту қажеттігіне қатысты екен. Өйткені, есептегіш құрал бұзылған жағдайда төлем үйдегі тұратын барлық азаматтар санына шағылады екен. Тіркеуде тұрғаны болмаса басқа жерде тұратын
туысқандары үшін бекерге ақша төлегісі жоқ.
Бұл сұраққа «ОМЕГА-ХХІ» ЖШС-нің қызметкері Асхат Жайлаубек толыққанды жауап берді. Есептегіш құрал бұзылған жағдайда көгілдір отынның сол үйде тұратын адамдардың санына қарай норматив бойынша төленетіндігі рас. Есептегіш құралдары мүлде орнатылмаған үйлер әлі де бар. Ондай үйлерге көп адам тіркелгенімен, шын мәнінде бір ғана адам тұруы мүмкін. Сондықтан, халыққа қызмет көрсету орталығынан анықтама әкеліп, «ОМЕГА-ХХІ» серіктестігіне құжаттарын өткізуі керек.
Қабылдауға екінші кірген Эльмира Есенқұлованың сұрағы «Неге есептегіш құрал бұзылған жағдайда айыппұл салынады?» деген сыңайда болды.
Газ саласы мамандарының түсіндіруі бойынша, әр бес жылда есептегіш құралдар ауыстырылуға тиіс. Кейде ол мерзімге жетпей істен шығуы мүмкін. Ал оны тұрғындар газ мекемесіне айтпай жүре береді. Бақылаушы барған заматта ғана анық болады. Айыппұл салынуының мәнісі осы.
Қамытбек Сауқымбеков ақсақал жаңа жер үй сатып алған екен. Енді оны өз атына ресімдеу үшін қандай құжат керек. Оның үстіне, үй сатып алынғаннан ке-
йін бұрынғы қожайынның көгілдір отынға берешегі бары анықталған. Осындай жағдайда не істеуі керек? Сала мамандары қайта ресімдеуде еш қиындық жоғын айтқан. Құжаттарды толық тапсырған жағдайда түбіртек тікелей жаңа иесінің атына жолданады. Ал бұрынғы берешекке келсек, үйді сатып алу кезіндегі құжаттар негізге алынбақ.
Қамытбек ақсақал газ бағасы неге әр өңірде әрқилы деген са-
уал тастады. Республикалық газ саласы ардагерлерінің кеңесі қоғамдық ұйымының төрағасы Павел Климовтың пікірінше, газ және газбен жабдықтау саласындағы баға саясатын ҚазТрансГаз өз еркімен жүргізе алмайды. Ішкі нарықтағы тауарлы газды өткізудің шекті көтерме бағасын белгіленген тәртіп бойынша әр өңір үшін жеке-жеке Энергетика министрлігі бекітеді. Ал тұтынушы пайдаланатын газдың шекті бағасын Ұлттық экономика министрлігіне қарасты табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушы құқығын қорғау комитеті бекітіп, бақылайды.
Шынтуайтында, «ҚазТрансГаз» компаниясы газ саласындағы ұлттық оператор бола тұра, ішкі нарықта газ өткізуден миллиардтаған шығын көріп отыр. Себебі, газ тұтынушыларға сатып алынған өз құнынан төмен бағаға сатылып отыр. Шығынды ҚазТрансГаз өз есебінен жауып келеді.
Жауап дәйекті болғанда артық сұрақтың туындамауы да заңды. Кезекті қабылданушы Әбусадық Момбеков үйінде газға төлемнің қордаланып қалғанын, сондықтан дебиторлық қарызды бөліп төлеу жайын өтінді.
Қоғамдық қабылдауда үлкен-кіші деген мәселе жоқ. Тұр-
ғындардың сауалы қанағаттандырылуы керек. Тұрғындар шешімін таппаған мәселелер бойынша жауаптарын алды.
Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінгі күнге дейін ел тұрғындарының жартысы «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген. Ауқымды шараларды жүзеге асыру кезінде тұрғындар арасында даулы сұрақтардың туындамауы мүмкін емес. «Елді мекендерді газдандыру кезінде қазақстандықтарды мазалаған мәселелерді шешіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық қабылдауы аясында осындай кездесу ұйымдастыру туралы шешім қабылданды», деді Павел Климов.
Сонымен қатар, жоспарланған шаралар аясында қоғам белсенділерін, «Ақсақалдар алқасы» өкілдерін Шымкент қаласын газдандыру барысымен, ескірген газ тарату желілерін жаңғырту бағдарламасы бойынша жаңартылған нысандармен таныстырды. Газдандырумен айналысатын мердігер компаниялармен басқосу ұйымдастырылып, газ компаниясының жас мамандарымен шеберлік-сабақтары өткізілді. Олардың барысында тәжірибе алмасу, елімізді рухани тұрғыда жаңғырту жөніндегі Елбасы бастамасының өзекті тұстары талқыға түсті.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы